Есен қалай жоғалып кетті 2


ЕКІНШІ КӨРІНІС

Үсен басқа сыныптастарын шақырып келеді.

Директор. (балдағымен тергеушінің алдын тықылдатады) Келіңдер, келіңдер! Міне, мына тергеуші мырзаның алдына тұрыңдар.

Тергеуші алдында сап құрып тұрған оқушылардың алдымен жүріп өтіп, әрқайсысына сұқтанып қарап шығады. Оның жанында жүрген Есен балалардың маңдайынан, қыздардың мұрындарынан шертіп қалып жүр. Сонда олар оны тергеушіден көріп жатыр. (шерткенге сай дыбыс шығады да оқушы басын жұлқып қалып маңдайын немесе мұрнын сипап жатып, ай! ой! деп қояды)

Балалар. Директор ағай! Мына кісі менің маңдайымнан шертіп қалды! Мұғалима апай! Мына тергеуші мырза менің мұрнымнан шертіп қалды, мұнысы несі?! (Тағы сол сияқты)

Директор мен мұғалима тергеушіге таңырқай қарайды.

Тергеуші. Жоқ, мен ешкімнің еш жерінен шерткем жоқ!

Балалар «Шерттіңіз, шерттіңіз, міне менің мына жерімнен!» десіп шуласып жатыр.

Директор. Балалар! Тынышталыңдар! Тергеуші мырза бала болып кетті деймісіңдер? Ол ешкімді еш жерінен шертуі мүмкін емес! Тынышталып соны тыңдаңдар. (балалар тынышталады)

Тергеуші. (терезенің жанына барып) Балалар, Есен үйінен арқан алып келіпті. Сосын арқанның бір ұшын мына трубаға байлап терезе арқылы қашып кетіпті. Ол жерге түсісімен іштеріңнен біреуің арқанды шешіп, жерге тастап, терезені жаба қойыпты. (айтқанының бәрін бейнелеп ақыры терезені сарт еткізіп жабады да балаларға бұрылады) Кім осыны істеген, ә?

Оқушылар иықтарын қиқаңдатып, «мен емес, мен емес» деп жатыр.

Асан. (саптан шығып) Тергеуші ағай, кімнің арқанды шешіп терезені жапқанын білмеймін. Әйтеуір, Есен мектептен қашып кетемін дейтұғын.

Тергеуші. (Асанға жақындап) Иә, иә, айта бер. Сонда ол қайда қашпақшы еді?

Асан. Африкаға қашып кетемін деген. Өйткені Африкада балалар мектепке бармайды, оқымайды, онда ойыңа келгенді істейсің екен.

Бөлмеде тұрғандар күледі. Соған намыстанған Есен Асанның жағынан тартып-тартып жібереді. (шарт-шұрт еткен дыбыс шығады да Асанның басы оңға-солға изеңдейді) Асан айғайға басып, одан қорғанып, қолдарын ербеңдетіп шегініп кетеді. (бөлмедегілер аң-таң) Есен Асанның, біресе ана бүйірінен, біресе мына бүйірінен түйіп-түйіп қалады, сонда ол ыңқ-ыңқ етіп соққы алған жағына бүгіледі. Ақыры Есен оны құлатып тепкіге алады, сонда Асан еденде жатып ап ерсілі-қарсылы домалайды.

Мұғалима. Ойбай! Не қарап тұрсыңдар?! Ұстаңдар, Асанның қояншығы ұстап жатыр!

Директор. (ұялы телефонға) Алло! Жедел жәрдем! Дереу орталық мектепке жетіңіздер! Мұнда бір оқушының қояншығы ұстап қалды. (балаларға) Әй, балалар! Неғып тұрсыңдар? Ұстаңдар ана Асанды!

Балалар бар, тергеуші бар Асанның аяқ-қолдарынан ұстап тоқтатпақшы болады, ал ол қарсыласып көнбей жатыр. Жедел жәрдем машинасының дыбысы естіледі, сосын дәрігер мен носилка ұстаған екі санитар жүгіріп келеді. Дәрігер укол салайын дегенде Асан қарсыласып салдырмайды. Санитарлардың бірі дәрігерге көмекке келеді. Екеуі Асанды байбайлатып укол салып жатқанда Есен носилкаға жармасады. Носилканың бір жағынан ұстап тұрған санитар носилканы жұлқылап жатқан белгісіз күштен тартып алмақ болып шыр-көбелек айналады. Ақыры дәрігердің жанындағы санитар әріптесіне көмекке келіп олар екеулеп Есеннен носилканы тартып алады да жерге қояды. Уколдың әсерінен есеңгіреп қалған Асан оған жатқызылады да санитарлар оны алып кетеді.

Директор. О тоба! Бұл сұмдық қой. (барлығы есін жинап тынышталғасын) Тергеуші мырза, сонымен кім арқанды шешіп терезені жапқан?

Тергеуші. Әлгі қояншығы ұстап қалған бала шығар. Асан ба еді?

Директор. Иә, иә, Асан. О, жазған бала! Өзі не деп еді? Есен Африкаға қашып кетті деді ме?

Жайна. (саптан шығып) Директор ағай, меніңше Есен Африкаға қашып кеткен жоқ.

Тергеуші. (қызға жақындап) Иә, иә! Сонда ол қайда қашып кетті?

Жайна. Мен оны білмеймін. Менің білетінім — жоғалып кетерінің алдында ол партаның астында сіріңке жағып бірдеңені тұтатты. Түтін бұрқ еткенде темекі шегіп жатыр ма деп қалдым. Қарасам...

Есен оның бұрымынан шап беріп кері тартады. Бұрым көтеріліп, Жайна басын артқа қарай шалқайтып шегіне береді, өзі зәре-құты қалмай шыңғырып жатыр. (бұрым мен желкесіндегі шаштың ішіне айырбақай серіппе орнату керек те оны жіппен байлап қою керек, дер кезінде актриса әлгі жіптің бір ұшынан тартып түйінді шешеді де серіппе бұрымды көтеріп жібереді)

Мұғалима. Ойбай! Енді Жайнаның қояншығы ұстады ма?

Мұғалима Жайнаны шап береді де сабырға шақырады. Есен бұрымнан тартқан сайын қыздың басы шалқая түседі.

Мұғалима. Жайна, қарағым, саған не болған? Мұндайың жоқ еді ғой.

Жайна. Мұғалима апай! Өтінем, бұрымымды жұлмаңызшы!

Мұғалима. Ойбай-ау, Жайна, мен сенің бұрымыңды жұлып жатқан жоқпын.

Жайна мұғалиманың құшағынан құтылғысы келеді. Бірақ Есен бұрымнан сүйрегенін қоймағансоң, ол екеуі бөлмеден шығып кетеді. Дәлізден Жайна мен мұғалиманың дауыстары естіледі.

Мұғалиманың дауысы. Жайна, қарағым, сабыр ет!

Жайнаның дауысы. Мұғалима апай! Өтінем, маған жақындамаңыз. Жаңағы көрсеткеніңіз де жетер. (жылап жіберіп жүгіре басып кетіп қойғаны естіледі)

Мұғалима. (бөлмеге қайтып келіп) Ойбай-ау! Мына оқушыларға не болған?

Директор. (балдағын изеңдетіп қойып) Әрине, білдей бір сыныптасы жоғалып кеткесін балалардың жүйке тамырлары шыдамаған ғой. (қалған оқушыларға) Балалар, қояншықтарың ұстамай тұрғанда үйлеріңе қайтыңдар. (оқушылар кетеді, Үсен еден жуатын шүберегі мен шелегіне қайтып барады, Айна шаң сүртуге кіріседі) Енді не істейміз?

Тергеуші. Жоғалған баланың ата-анасымен байланысу керек. Біз мұнда Есен жоғалды деп қояншығымыз ұстап жатқанда ол тып-тыныш үйінде отырмасын.

Директор. Мен Есеннің ата-анасын шақырғам. Олар дәлізде тұр. Үсен, бар, шақырып кел.

Үсен барып Есеннің ата-анасын шақырып келеді. Есеннің әкесінің басында қалпағы бар.

Есеннің әкесі. Амансыз ба, директор мырза.

Директор. Біз аманбыз ғой. Ал Есен болса...

Есеннің шешесі. (істің мән-жайынан бейхабар, Есен тағы бірдеңе бүлдірді деп ойлайды) Жо-жоқ, директор мырза! Жала, өтірік! Есенжаным ондайға бармайды.

Тергеуші. Ол қайда бармайды дейсіз? Африкаға ма?

Есеннің шешесі. Ешқайда бармайды. Яғни, ол ештеңе бүлдірмейді. Ол жақсы, тәрбиелі бала.

Директор. Жеңгей, біз Есен бірдеңе бүлдірді деп тұрған жоқпыз. Көрдіңіз бе, ағай, (Есеннің әкесіне қарай балдағын сілтеп қалып) көрдіңіз бе, жеңгей, (Есеннің шешесіне қарай балдағын сілтеп қалып) қалай деп айтсам екен... бір сөзбен айтқанда, Есен бүгін жоғалып кетті.

Есеннің ата-анасы. Есен жоғалып кетті?! Қалай?

Директор. Солай. Осы бөлменің ішінде, (балдағы бөлмені кезеп бір айналып түседі) сабақтың ортасында, (балдағын еденге тарс еткізеді) жоқ болып кетті.

Есеннің шешесі. Не дейді?! Жоқ болып кетті? (күйеуін бас салып) Ойбай! Неғып тұрсың? Есенжаным жоғалып кетіпті ғой!

Тергеуші. Жеңгей! Сабыр етіңіз. Балаңыз жоғалған жоқ. Ол сөмкесіне арқан салып әкеп мына терезе арқылы сабақтан қашып кетіпті. Шаруаны бүлдіріп, мектеп ұжымы мен полиция бөлімін дүрліктіріп, ал өзі ендігі тып-тыныш үйде отырған болар. (тергеушіні Есен итеріп қалады, сонда ол жанындағы Есеннің әкесінен көреді) Ағай, мені неге итересіз? Мен сіздің балаңызға жала жауып тұрғам жоқ. Мен істі толық зерттеп алып осындай тұжырымға келдім.

Есеннің әкесі. Мен сізді итергем жоқ. Егер Есен сабақтан қашса, ол үйреншікті нәрсе. Ол басқа бірдеңені бүлдірді ме десем, сабақтан қашып кеткеніне сонша дүрліккендеріңіз. (әйеліне) Әй, сен қал, мен кеттім. Жұмыс қауырт. Есен үйде отырса қоңырау шал да басты қатырмай мектепке оралсын де.

Кетіп бара жатқанда Есен оның қалпағын басынан қағып түсіреді (қалпаққа жіңішке мықты жіп байлап қою керек, жіптің екінші ұшын сахнадан тыс жерде тұрған біреу тартып отырады).

Есеннің әкесі. (қалпағының ұшып кеткенін тергеушіден көреді) Менің қалпағымды неге қағып түсірдің? (қалпағын жерден көтеріп басына киеді)

Тергеуші. Мен сіздің қалпағыңызды қаққан жоқпын. Ол өзі ұшып түсті.

Есеннің әкесі. Өзі ұшатындай оған қанат бітіп пе?

Тергеуші. Бітсе — біткен шығар. Әйтеуір мен сіздің қалпағыңызға тиіскем жоқ.

Есеннің әкесі оған тесірейіп қарап қойып, басын шайқап-шайқап кетеді. Әйелімен қатарласа бергенде қалпағы тағы да ұшып түседі. Осы жолы ол оны әйелінен көреді.

Есеннің әкесі. (әйеліне) Әй! Менің қалпағымды неге қағып түсірдің?

Есеннің шешесі. Кет-ей! Мен сенің қалпағыңа тиіскем жоқ. Ол өзі басыңнан секіріп түсті.

Есеннің әкесі. Секіріп түсетіндей оған аяқ бітіп пе?

Есеннің шешесі. Бітсе — біткен шығар. Әйтеуір мен сенің қалпағыңа тиіскем жоқ.

Есеннің әкесі әйеліне тесірейіп қарап қойып, қалпағын жерден алып басына киеді де жүрісін жалғастырады. Бірақ Есен ол қалпақты үшінші рет қағып түсіреді, сонда оның әкесі жан-жағына қарайды, бірақ осы жолы оның маңында ешкім болмағасын ол ешкімнен көре алмайды. Ендігі ол қалпағын алайын деп еңкейгенде Есен ол қалпақты теуіп жібереді. Қалпақтың иесі қалпағын қуып кете барады.

Есеннің шешесі. (Есенге қоңырау шалады) Алло! Алло! Есен! (сөмкенің қалтасында жатқан Есеннің соткасы шырылдайды, шешесі сөмкенің жанына барып сотканы алып шығып сөндіреді) Ойбай-ау! Мынау соның соткасы ғой. Есенжаным шынында да жоғалып кеткен екен. (сотканы орнына қайтарып сөмкені алады да құшағына қысып ап құшырлана иіскейді) Есенжаным-ау! Өзіңнен осы сөмкеден басқа ештеңе қалмағаны ма? (жылап жібереді)

Директор. Жеңгей, жыламаңыз. Есен табылады, ол үшін қам жемеңіз. Міне, тергеуші мырза (балдағымен тергеушіні түртіп қалады) оны тауып береді. Солай емес пе, тергеуші мырза.

Тергеуші. Әрине. Жеңгей, сіз енді үйіңізге қайтыңыз. Балаңызды міндетті түрде тауып береміз. (кетіп бара жатқан әйелден сөмкені алып қалады) Тек сөмкені тастап кетіңіз. Бұл тергеу барысында әлі қажет болады.

Есеннің шешесі кетеді.

Тергеуші. Ал, директор мырза, маған полиция бөліміне қайту керек. Жоғалған балаға іздеу үйымдастырамын.

Директор. Жақсы, тергеуші мырза. Тезірек оқушымызды тауып берсеңіз жақсы болар еді.

Тергеуші. Табамыз. Ол ешқайда кетпейді, бүгіннен қалмай осы қаладан ұсталады.

Кеткісі келеді, бірақ Есен сөмкесіне жармасып жібермейді.

Тергеуші. (сөмкені әрі-бері тартқылап жатып) Әй, әй! Жібер! Жібер деймін!

Директор. Тергеуші мырза, сізге не болды?

Тергеуші. (жасанды күлімсіреп) Ә? Жәй ғой. Дене шынықтырып жатырмын.

Сөмкені тартып алмасына көзі жеткен тергеуші оны үстелге қоя салады.

Тергеуші. Жарайды, сөмке осында бола тұрсын.

Директор. Иә, бола тұрсын. Мен оны кабинетіме апарып қоямын.

Тергеуші кетеді. Ол кетісімен директор сөмкені алып кетпекші болады. Есен тағы да сөмкеге жармасады, тағы да тартыс басталады.

Директор. Әй! Қайсың әй? Қой деймін! Тартпа деймін!

Айна. Директор ағай, сізге не болған?

Үсен. Сіз кіммен сөйлесіп жатырсыз?

Директор. Ә? (жасанды күлімсіреп) Ешкіммен сөйлескен жоқпын. Жәй, дене шынықтырып жатырмын. (сөмкені алған жеріне қоя салады да бірдеңеден қауіптенгендей жан-жағына қарағыштап ұялы телефонмен бір нөмір тереді) Алло! Төтенше жағдайлар министірлігі? Мен орталық мектептің директорымын. Бізде бір бала жоғалып кетті. Соны іздеп табатын біреуді жіберсеңіздер. Жарайды, күтеміз. (телефонын сөндіріп) Ал балалар, мен өз кабинетіме кеттім. Біреу келсе мені шақырыңдар. (жан-жағына қауіптене қарап қойып кетеді)



  • Поделиться

Похожие произведения