Есен қалай жоғалып кетті 1


НЕГІЗГІ ИДЕЯНЫ ҰСЫНҒАН БАҒЛАН ИМАНҒАЗИНОВ

ЕСЕН ҚАЛАЙ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ?

КОМЕДИЯ

КЕЙІПКЕРЛЕР:

Есен — жоғалып кеткен оқушы.

Үсен, Айна, Асан, Жайна — Есеннің сыныптастары.

Директор, мұғалима, тергеуші, Есеннің ата-анасы, сапер, экстрасенс, балгер, кинолог пен оның иті, дәрігер мен санитарлар, басқа оқушылар.

ТҮСІНІКТЕМЕ

Есен деген оқушы жоғалып кетіпті. Шын мәнінде, ол жоғалған жоқ, өзі дайындап әкелген дәрінің түтінінің әсерімен көрінбейтін жағдайға түсіп қалған. Ал өзі бәрін көреді, естиді, бірақ ештеңе айта алмайды. Алайда, ол іс-қимыл жасай алады. Мәселен, біреуді итеріп жібереді, аяғынан шалып қалады, заттарды қимылдатады, тартады, шашады т. с. с. Оның кейіпкерлерді итергенін, аяғын шалғанын, бұрымын жұлғанын, және басқадай амалдарын сол кейіпкерді ойнайтын актер (актриса) бейнелейді. Пьесада мұның бәрін шынында да Есен істеп жатқандай, «Есен бәленшені итеріп жіберді, Есен бәлен затты шашып жіберді...» т.с.с. делінеді.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Сынып бөлмесінің ішкі көрінісі. Екі қатар парта, мұғалімнің үстелі, оның артында шкаф тұр. Іргеде тақта ілулі тұр. Ашылатын терезе және оның астында жылыту жүйесінің трубасы бар. Үсен мен Айнадан басқа ешкім жоқ, олар бүгін кезекші. Үсен еден жуып жатыр, Айна шаң сүртіп жүр. Тергеушіні ертіп мұғалима келеді.

Тергеуші. Амансыңдар ма, балалар!

Үсен. (еден жуатын шүберекті тастай салып тергеушіге қолын созады) Ассаламу ғаләйкүм!

Тергеуші. (созған қолға сенімсіздікпен қарап қойып қолының ұшын ғана береді) Уа ғаләйкүм ассалам!

Айна. (бір мезетке жұмыстан басын көтеріп) Сәлеметсіз бе, ағай.

Мұғалима. Балалар, бұл ағай тергеуші. Яғни, жоғалып кеткен Есенді тауып беруге келген полиция қызметкері.

Тергеуші. (сынып бөлмесін аралап жүріп мұғалиманың үстелінің астын, шкафтың ішін тексеріп шығады) Сонымен, әлгі жоғалып кеткен бала...

Мұғалима. Есен сол оқушының есімі.

Тергеуші. Жақсы. Есен осы бөлмеде жоғалды ма?

Мұғалима. Иә, дәл осы сынып бөлмесінде жоғалып кетті. (парталардың бірінің үстін алақанымен қағып қалып) Міне, мына партада отырған жерінде жоғалды да кетті.

Тергеуші. (партаның астына үңіліп Есеннің сөмкесін алып шығады) Мынау Есеннің сөмкесі ме?

Мұғалима. Иә. (сөмкені алмақшы болып қолын созады, бірақ тергеуші оған бермей жанынан өте шығады)

Тергеуші. (сөмкені мұғалімнің үстеліне қойып ақтарып жатып) Оқиға қалай болды?

Мұғалима. Мен сабақ бастардың алдында оқушыларды журналдағы тізім бойынша түгендеп алдым. Солай ғой, Айна?

Айна. (сүртіп тұрған тақтасынан мойнын бұрып) Солай, мұғалима-апай.

Мұғалима. Сонда Есен өзінің орнында отырған. Солай емес пе, Үсен?

Үсен. (еденді сүртіп жүріп тоқтайды) Дәл солай, мұғалима-апай.

Мұғалима. (тақтаның жанына барып сыртын Айнаға беріп тергеушіге бұрылады) Міне, сосын, оны тақтаға шақырып сабақ сұрайын десем, Есенім... (екі қолын жайып жан-жағына қарайды) жоқ!

Тергеуші. (сөмкені қоя салып) Қалай жоқ?! Мүлдем жоқ па?

Мұғалима. Иә, мүлдем жоқ. Мен әуелде партасының астына тығылып қалды ма деп ойладым. Ол бала нашар оқитын, сондықтан тақтаға шақырғанда партаның астына тығылып қалатын жаман әдеті болатын. (Есен өзі жөнінде жаман сөз естігенді жақтырмайды, сондықтан ол мұғалиманы сырт жағынан итеріп жібереді; мұғалима құлап қала жаздайды да Айнаға жалт бұрылады) Айна!

Айна. Не апай?

Мұғалима. Мені неге итеріп қалдың?

Айна. Мен бе?

Мұғалима. Иә, сен! Құлап қала жаздадым ғой.

Айна. Жоқ, апай, мен сізді итергем жоқ. Сіз өзіңіз... тұрып, тұрып құлап қала жаздадыңыз.

Мұғалима. Айна! Неге өтірік айтасың? Маған не жазыпты қарадан-қарап құлайтындай?

Айна. Қайдан білейін. Әйтеуір мен сізді итергем жоқ. Мен тақтаны сүртіп жаттым.

Тергеуші. (екеуіне кезек-мезек қарап қойып) Сонымен, мұғалима-апай, сіз Есеннің партасының астын тексердіңіз бе?

Мұғалима. (орын ауыстырып, енді сыртын Үсенге қаратып тұрады) Иә, мен Есеннің партасының астын қарап шықтым — жоқ!

Тергеуші. Хм! (есік жаққа қолын сермеп қалып) Мүмкін ол сыныптан шығып кеткен шығар?

Мұғалима. Мүмкін емес. Өйткені мен сыныпқа кірісімен есікті кілттеп қоямын. (ол шығыршыққа тізілген бірнеше кілтті көтеріп сылдыратады) Әйтпесе Есен сияқты тентектер сабақтан қашып кетеді. (Есен оны итеріп жібереді де апай тағы да құлап қала жаздайды) Үсен!

Үсен. Не апай?

Мұғалима. Мені неге итеріп жібердің?

Үсен. Сізді итеріп?!

Мұғалима. Иә! Жаңа Айнаның жанында тұрғанда ол итеріп қалып еді, енді міне сен мені итердің.

Үсен мен Айна. Жоқ, апай, мен сізді итерген жоқпын!

Мұғалима. (ашуланып) Қалай итерген жоқсыңдар?! Мені итеріп жіберіп енді мойындамай тұрсыңдар! Бұл нағыз тәртіпсіздік! (кетіп бара жатып) Қазір директорды шақырып келемін! (кетеді)

Тергеуші. Мұғалима-апай! Мүмкін Есен терезе арқылы қашып кеткен шығар? (бұл сұрағы жауапсыз қалады, сондықтан ол терезеге жақындап келіп сыртқа көз тастайды) Терезе ашыла ма?

Айна. (оның жанына барып терезенің шаңын сүртеді де сосын ашады) Иә, бұл терезе ашылады. Алайда, Есен қандай тентек болса да бесінші қабаттан жерге түсе алмас еді. Өйткені ол биіктіктен жама-андай қорқатын. (күледі де ашық терезеден төмен қарай бергенде Есен оны арқасынан итере бастайды) А-ай! Тергеуші ағай! Неге сіз мені итересіз? Өтінемін, қойыңыз! Мен құлап кетемін. (Есен итеруін қоймады, қыз жанталасып терезенің жақтауларына жармасып, қарсылық білдіріп, жан дауысы шығып айқайлап жатыр)

Тергеуші. (бірер секунд қызға таңырқай қарап тұрады да, бір қолынан шап беріп кері тартады) Айна, саған не болған? Мен сені итергем жоқ.

Тергеушіге Үсен көмекке келіп екеулеп Айнаны кері тартып алады да терезені жаба қояды.

Айна (қып-қызыл боп кеткен, ентіге әзер сөйлеп тұр) Тергеуші ағай! Мына қылығыңызды қалай түсінуге болады? Мен құлап кете жаздадым ғой.

Тергеуші. Айна, мен... (қызға қарай ұмтылады, одан қауіптенген Айна айғайға басады)

Айна. А-ай! Жақындамаңыз маған! (шегініп кетіп есікке қарай зыта жөнеледі)

Тергеуші. Айна! Тоқтай тұр! Қайда барасың?

Директор мен мұғалима кіріп келеді. Айна тіпті директормен соқтығысып қала жаздайды. Директордың қолында қысқа балдақ (трость) бар. Оның сөйлегенде сол балдақпен адамдар мен заттарға сілтеп отыратын әдеті бар.

Директор. Айна, Айна! Айна, қарағым, саған не болған?

Айна. Директор-ағай, ана кісі, тергеуші ағай... мені терезеден сыртқа итеріп, жерге құлата жаздады.

Директор. (мұғалима екеуі тергеушіге таңырқай қарайды) Тергеуші мырза, сіз шынында да Айнаны терезеден құлатпақшы болдыңыз ба?

Тергеуші. (директорға жақындап келеді, сонда Айна мұғалиманың артына жасырынады) Жоқ, директор мырза, мен Айнаны итергем жоқ. Керісінше, ол терезе арқылы сыртқа құлайын деп жатқан жерінен мен оны құтқарып қалдым. Солай емес пе, Үсен?

Үсен. Иә. Айна терезені ашып сыртқа құламақшы болды. Сосын тергеуші ағай екеуміз оны кері тартып алдық.

Айна. Сонда мен өзім терезеден құламақшы болыппын, иә?! Мен не? Өмір сүруден жалығыппын ба?

Үсен. Қайдан білейін. Өмір сүруден жалықпасаң шаң сүртуден жалыққан шығарсың.

Директор. Тынышталыңдар! Тергеуші мырза, сонымен, Есен қалай жоғалып кетті? Есік кілттеулі болды, (балдағын есік жаққа сілтейді) терезе арқылы (балдағын терезе жаққа сілтейді) қашып кету мүмкін емес.

Тергеуші. Неге мүмкін емес! Терезе оп-оңай ашылады. Міне, өзіңіз көріңіз. (терезені ашады)

Айна. (ашық тұрған терезеге бара жатқан директорға) Директор ағай, терезеге жақындамаңыз! Ол сізді де сыртқа итеріп жіберейін деп тұр.

Директор. (терезеге бір-екі метр жетпей тоқтап қалады, тергеушіге күдікпен қарайды) М-м... Терезе оңай ашылғанымен Есен бесінші қабаттан жерге аман түсе алмас еді.

Тергеуші. Неге түсе алмайды! Егер ол сөмкесіне арқан салып әкеліп оның бір ұшын мына жылыту трубасына байласа, сосын арқан бойымен жерге оп-оңай сырғып түсуші еді. (Есеннің арқанды сөмкесінен алғанын, сосын трубаға байлағанын бейнелейді)

Мұғалима. Сонда ол терезені ашып жатқанда, арқанды трубаға байлап ап жерге сырғып бара жатқанда мен не қарап отырыппын?

Тергеуші. Сіз? Бәлкім журнал қарап отырған шығарсыз?

Директор. Жақсы, мұғалима (балдағын мұғалимаға қарай сілтейді) Есеннің терезе ашқанын аңғармады делік, арқанды трубаға (балдақпен трубаны тарс еткізеді) байлағанын көрмей қалды делік, оның сыртқа арқан бойымен сырғып кеткенін байқамады дейік. Сонда ашық тұрған терезені, трубаға байлаулы арқанды да көрмегені ме?

Мұғалима. Мені тіпті зағип деп пе едіңіз?

Тергеуші. Жоқ, мен сізді зағип деп тұрған жоқпын. Есен жерге түсісімен арқанды басқа бір оқушы шешіп жіберіп терезені жаба қойса ше? (байлаулы арқанды шешіп жібергендей қимыл жасайды да терезені сарт еткізіп жабады) А?! Солай болуы мүмкін бе?

Директор. (ойланып қалады) Иә, мүмкін... мүмкін солай болған да шығар.

Мұғалима. Сонда оны істеген кім? (Үсенге бұрылады)

Үсен. Жоқ, мұғалима апай, мен емес.

Тергеуші. (Үсеннің жанына жетіп барып) Онда кім? Кім арқанды шешіп жіберіп терезені жапқан?

Үсен. Білмеймін, тергеуші ағай. Мен со кезде тіпті сыныпта болған жоқпын.

Тергеуші. Сонда қайда болдың?

Үсен. Мұғалима апай мені бор алып келуге жұмсады. Мен кеткенде Есен бар тұғын, бор алып келсем бүкіл сынып болып оны іздеп жатыр.

Тергеуші. Есік кілттеулі болса бөлмеден қалай шықтың?

Үсен. Мұғалима апай мені шығарды. Сосын кіргізді.

Мұғалима. А, иә, иә, солай болған. (тергеушіге) Үсен емес арқанды шешіп терезені жаба қойған. Оны басқа біреу істеді.

Тергеуші. Онда басқа оқушыларды шақырыңыз. Оларды тергеу керек.

Директор. Үсен, бар, сыныптастарыңды шақырып кел.



  • Поделиться

Похожие произведения