Науырызда келген қонақ Үшінші көрініс


Сол киіз үйдің алды. Нурыз тойы. Сахнаға, бір жағынан Сәуле, Балқия, Қорлан (қыздар мен балалардың жалпы саны шектелмейді, тек қана екі топ сан жағынан тең болғаны абзал), ал Қожанасыр, Жарқын, Болат оларға қарсы шығады. Барлығының үстінде қазақи ұлттық киім. Қыздар мен балалар көрермендерге бұрылып иіліп сәлем береді.

Сәуле. Ұлыс күні оң болсын

Барша халық тоқ болсын

Наурыз тойын қарсы алып

Ырыспенен бақ қонсын.

Қожанасыр. Ақ молынан берілсін

Астық көптеп егілсін

Ел, халқымыз тыныш боп

Пәле-жәле жерге енсін.

Балқия. Наурыз тойы тойлансын

Бақыт, шаттық орналсын

Наурыз көже жасалып

Дәмінен бүкіл жұрт татсын

Жарқын. Қыз-бозбала ойнасын

Алтыбақан орналсын

Ән-күйімен шырқалып

Саз бесігі тербелсін.

Қорлан. Наурыз жыры жырлансын

Күй нақышпен ұлассын

Наурызда тату боп

Ағайын-жұрт жиналсын.

Болат. Ау, халайық, халайық!

Наурызды қарсы алайық

Бәріміз де қосылып

Наурыз әнін шырқайық!

Сәуле. Қожеке, ән шырқайық.

Қожанасыр. Шырқасақ, шырқайық!

Екі топ бір-біріне жақындап, сап құрып ән шырқайды. Қожанасыр мен Сәуле саптың алдына шығып ән бастайды.

Сәуле. (ән бітісімен) Тамаша! Қожеке, сіз нағыз әнші екенсіз.

Қожанасыр. Қайдам! Менікі жәй әншейін ғой. Ал біздің елде қандай күміс көмей әншілер бар дейсің! Біздің елге келіңдер, сонда нағыз өнердің сабаздарын табасыңдар.

Бәрі қосылып. Барамыз сіздің елге, Қожеке, бір барамыз!

Екі топ тағы ажырасып екі жаққа кетеді. Тағы да өлең шумақтары айтылады.

Қожанасыр. Топырағынан Тұранның

Бастау алған Наурызым.

Қанатында жыр-әннің

Самғап ұшқан Наурызым!

Сәуле. Биыл міне тағы да

Аңсап көрген Наурызым.

Құстар қонған бағыма

Ән сап келген Наурызым!

Жарқын. Айналаға нұр төгіп

Күй тербеген Наурызым.

Шаттық сәуле тұр күліп

Би билеген Наурызым!

Балқия. Ел еңсесін көтеріп

Дос мақтаған Наурызым.

Жайлауыма төл өріп

Асқақтаған Наурызым!

Болат. Ақындарын жырлатқан

Жаса, жайна, Наурызым.

Барлық халық тіл тапқан

Демеуші ұлы, Наурызым!

Қорлан. Жаңа жылда — жаңа ырыс

Алып келдің, Наурызым.

Жаңа жылды жарылқап

Бастап берші, Наурызым!

Сәуле. Қожеке, енді би билейік.

Қожанасыр. Билесек — билейік!

Балалар мен қыздар би билейді. Қожанасыр мен Сәуле билеушілердің алдына шығып би бастайды.

Сәуле. (би бітісімен) Тамаша! Қожеке! Сіз жақсы билейді екенсіз. Сіз кез-келген ансамбілдің көркі бола аласыз.

Қожанасыр. Ой, жоға! Менікі жәй әншейін ғой! Ал біздің елде нендей атақты бишілер бар дейсің. Біздің елге келіңдер, сонда нағыз өнердің сабаздарын табасыңдар.

Барлығы қосылып. Барамыз сіздің елге, Қожеке, бір барармыз!

Қамбар мен Толқын келеді.

Толқын. Балалар! Енді Наурыз көжеден ауыз тиіңдер.

Қамбар. Иә, көжесіз Наурыз — Наурыз емес.

Балалар. Алақай! Наурыз көже ішеміз! (екі сап бұзылып кетіп балалар араласып шуласып кетеді)

Сәуле. Балалар, тоқтаңдар, тынышталыңдар! (олар тынышталысымен Қожанасырға бұрылады) Қожеке, сізге тартатын бір сыйымыз бар. Сіз, өкінішке орай, өзіңіздің көк есегіңізден айырылып қалыпсыз. Ұшып-қонып жүрген шарыңызды бізге сыйладыңыз. Ұзақ сапарда аяғыңыз тозар. Біз бәріміз қосылып сізге бір тұлпар сыйлайық деп ұйғардық.

Қожанасыр. Тұлпар?! Қой, Сәуле, мен ондай бағалы сыйды қабылдай алмаймын. Жаяу жүру бізге, Қожанасырларға таңсық емес. Талай рет, ата-бабаларымыз жаман адамдардың зорлық-зомбылығының нәтижесінде жаяу қалған, бірақ ешқашан мұңаймай, түңілмей жаяу ел кезіп өздеріндей қарапайым халыққа дем беріп, көңілін көтеріп жүре берген. Мен де соны істеймін.

Сәуле. Әрине, жаяу жүргенмен сіз еш кемімейсіз. Сонда да, көлік мініп жүрген тиімділеу ғой. Және біздің тұлпарымыз онша қымбат емес. Біздің тұлпарымыз сіз ойлаған тұлпар емес.

Қожанасыр. Осы сен, Сәуле, әрдайым жұмбақтап сөйлейсің. Қандай тұлпар ол тұлпар емес?

Сәуле. Өзіңіз көресіз. Балалар, әкеліңдер Қожекеңнің жаңа тұлпарын!

Балалар улап-шулап велосипед алып келеді. Оны Қожанасырға табыс етеді.

Сәуле. Міне біздің тұлпарымыз.

Қожанасыр. Өй, бұл не?!

Қамбар. Мұны бірінші рет көрген қазақ шайтан арба деп атаған. Алайда шайтанның велосипедке еш қатысы жоқ. Және де бұл жақсы көлік — не жем-шөп тілемейді, не су ішпейді, не жағармай сұрамайды. Бұл тұлпар оттамайды да, мұны суарамын деп ен далада суат іздемейсің. Тек мініп алып шапқылай бер!

Қожанасыр. Ә! Сондайы бар ма еді? (велосипедтің орындығына мініп, аяғын көтере беріп) Шу-у, жануар! (құлап бара жатып аяғына тұра қалады) Өй! Мынауың аяғын баспайды ғой! Бұл маған көлік болып жарытпас! (бәрі күледі)

Жарқын. Қожеке! Бұл тұлпарды теуіп үйрену керек. Кәне, беріңіз, мен көрсетейін. (мініп алып сахнаны бір айналып түседі)

Қожанасыр. Оу, бәлі! Мынау тіпті тұлпардай зулайды ғой! Кәне, әкел, мен де шапқылайын.

Жарқын велосипедті Қожанасырға береді, бірақ ол бастапқы кезде тебе алмай әуреленеді.

Қожанасыр. (рөлге ие бола алмай қиқаңдатады, велосипед дұрыс жүрмей оң-солға бұлғаңдайды) Өй, мына жануар қалай ойқастайды-ей! Өзі мені жатырқап тұрғаннан сау ма?

Балалар шуласып велосипедті итеріп көмектеседі. Ақыры Қожанасыр өзі жүріп кетеді. Бір-екі рет сахнаны айналып өтіп сыртқа қарай беттеп бара жатып қолын бұлғап қоштасады.

Қожанасыр. Қош сау болыңыздар! Мені ұмытпаңдар! Мен әлі келемін! Мен әлі талай келемін, тек мені ұмытпаңдар!

Балалар. (қолдарын бұлғап шуласып жатыр) Қош, қош Қожеке! Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз!

Қожанасыр сахнадан шығып кетеді.

Толқын. Қожекең шынында да кетіп қалды ма? Көже ішпей кетті ғой! Қап!

Қамбар. Велосипед тебуді көже ішкеннен кейін үйрету керек еді. Ал енді не тұрыс? Жолы болсын дейік. Балалар! Наурыз көжесінен ауыз тиіңдер.

Балалар еңселері түсіңкі аяқтарын әзер басып киіз үйдің есігіне қарай жылжи бастайды.

Сәуле. Менің тәбетім соқпай тұр. Қожекең бүкіл мейрамның тамашасын бірге алып кеткендей болды.

Жарқын. Иә, мен де өзімді солай сезініп тұрмын.

Осы тұста сахнаға велосипед мінген Қожанасыр қайтып келеді. Балалар шу етіп оған қарай ұмтылады. Қожанасыр бір айналып түседі, балалар оның соңынан еріп жүгіреді. Ақыры ол ортаға кеп тоқтайды.

Қожанасыр. Қамбар ағай! Толқын жеңгей! Кетіп бара жатып сіздердің Наурыз көжесін ішуге шақырғандарыңыз есіме түсіп кетті. Сосын өзіме-өзім: «Әй, менікі не? Шын жүрекпен ұсынған асты аттап кеткенім бе?» дедім. Содан, қайтып келіп, көже ішіп, тағы ойын-сауық құрып, осы мейрамды өткізіп, ал ертеңімен ертерек сапарға шығайын деп ұйғардым. Дұрыс істедім бе?

Қамбар. Әрине!

Толқын. О не дегеніңіз!

Балалар. (бір ауыздан) Иә! Иә! Өте дұрыс істедіңіз Қожеке! Алақай! Қожеке әлі кетпейді! Ол әлі бізбен болады, әлі бізбен би билейді, ән айтады, ойын ойнайды!

Толқын киіз үйдің ішінен тегене мен ожау алып шығады. Ал Сәуле тостағандар алып шығып жанынан тізбектеліп өтіп бара жатқан қыз-балаларға бір-бір тостаған таратып береді. Олар енді Толқынның жанынан өтіп бара жатып тостағандарын оның ожауына тосады, сонда ол балаларға көже құйып тұрып мынандай өлең шумақтарын айтады.

Толқын.

Айналайын балалар!

Жеп-ішсін деп тамсанып

Жеті түрлі дәм салып

Наурыз көже пісірдім.

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта, ағы бар.

Ішілетін, жейтұғын

Бұл көжеде бәрі бар.

Құйдым алтын табаққа

Бал көжеден татыңдар

Наурыз мейрам шағында

Бар қызыққа батыңдар.

Көжеден ауыз тиген болып, кеселерін қолдарында дөңгелете отырып қыз-бозбалалар би билейді. Би аяқтала тостағандарын сол тәртіппен Сәулеге қайтарып береді. Толқын мен Сәуле ыдыстарды киіз үйдің ішіне қайтарады.

Толқын. (Қамбар екеуі ортаға шығады) Отағасы, балаларға батаңызды беріңіз. Иләһи әмин! (барлығы қолдарын жаяды)

Қамбар.

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң

Ақ тілекті төгейін.

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барсаң да жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Қазақ халқым тоқ болсын

Көйлектерің көк болсын!

Уайым-қайғы жоқ болсын,

Қуаныштарың көп болсын!

Әумин! Аллаһу акбар!

Барлығы. Әумин! Алаһу акбар!

Шымылдық

Өлеңдер мен бата шумақтары журналдан алынған.



  • Поделиться

Похожие произведения