Науырызда келген қонақ Екінші көрініс


Екінші көрініс

Сол жер. Ешкім жоқ. Болат келеді. Оның қолында доп. Ол баскетбол ойнағандай допты жерге ұрып отырып киіз үйге жақындап келеді де, доппен маңдайшадағы жазуға тигізбек болып лақтырады. Ара тұра, біреу көріп қоймасын дегендей жан-жағына қарап қояды. Қожанасыр мен Жарқын шығады.

Жарқын. Болат! Жазуға тиіспе — жыртып тастайсың!

Болат. (допты лақтыруын қоймай) Жыртпаймын.

Қожанасыр. (допты қағып алып) Әй бала! Жерді доппен ұра берме.

Болат. Неге? (добын қайтып алмақ боп әлектенеді, бірақ Қожанасыр одан едәуір биік, ол допты жоғары көтеріп бермейді)

Қожанасыр. Жер қақ айрылып кетсе жердің арғы жағынан бір-ақ шығасың.

Жарқын. Біздің апай айтқан: жердің арғы жағында американдар тұрады деп.

Қожанасыр. Әмірхандар? Оларың тағы кім?

Жарқын. (Жарқын мен Болат оның сөзіне күледі) Американдар сондай халық. Олар жердің арғы жағында тұрады. Өйткені жер — шар.

Қожанасыр. Кәдімгі менің шарым сияқты шар ма?

Жарқын. Иә. (Қожанасырға жақындап) Немесе мына доп сияқты. (саусақтарын доптың үстігі жағына тігіп) Мәселен, біз, бүкіл халқымызбен жер шарының мына жағында тұрмыз делік. Ал американдар (ол енді саусақтарын доптың астыңғы жағына тігеді) арғы жағында жүр.

Қожанасыр. (допты жерге қояды да оның үстіне тұрамын деп әлектенеді) Әй, суайт-ай! Мына доптың үстінде жалғыз өзім зорға тұрмын. Бұл жерге біздің бүкіл халықты қалай сиғызбақсың?

Жарқын. Жоқ, жер шары бұл доп сияқты емес.

Қожанасыр. Біресе доп сияқты дейсің, біресе сияқты емес дейсің.

(допты киіз үйдің іргесіне қоя салып қалтасынан бір уыс асық алып шығады) Бос сөзді қойып асық ойнайық. Кәне, әкеліңдер асықтарыңды.

Болат. (асықтарға таңырқай қарайды) Бұл не?

Қожанасыр. Не - не?

Болат. Мыналарың... сасық дедің бе? Әлде пасық па?

Қожанасыр. Ха-ха-ха! Өзің сен сасық пасықсың! Әй, сен асық ойнамап па едің?

Болат. Жоқ, мен тек компьютермен ойнайтын ойындарды білемін.

Қожанасыр. Не дедің? Комп... кәмп... ит?

Жарқын. Сен компьютерді де білмейтін шығарсың?

Қожанасыр. Ол не бәле? Кәмпит тәрізді тәтті ме?

Жарқын. (күледі) Жоқ, компьютер... ол компьютер. Және де ондай ойындар соткада бар. Міне. (соткасын алып шығып ойнын қосады)

Қожанасыр. (Жарқынның соткасына үңіліп мұрнын тыржитады) Тү! Осыны ойын дейсің, иә?! Шима-шатақ бірдеңе. Ойын деп асықты айт! Мен сендерге асық ойынын үйретейін. Асықтарың болмаса мен өз асығымды бөліп берейін. Ал сақамен кезекпен пайдаланасыңдар.

Асықтарын Жарқын мен Болатқа бөліп береді де, еденге бормен сызық сызып, әрқайсынан бір-бір асық алып сол сызықтың бойына алшы ғып тігеді де, олардан үш қадам қашықтықта тағы бір сызық сызады.

Қожанасыр. Енді кезекпен асықтарды сақамен атасыңдар. Міне, былай. (екінші сызықтың сыртында тұрып тігулі тұрған асықтың бірін сақамен атады, сосын балаларға ойын ережесін түсіндіреді) Асық атқанда сақа алшы түскені абзал, онда атылған асық қалай жатса да ұтып алынады. Немесе сақа да, асық та бірыңғай, яғни, алшы, тәйке, бүк немесе шік түссе де атылған асық ұтыс боп алынады. Ал басқа жағдайда асық орнына қайтарылады да кезек басқа балаға тиеді. Түсіндіңдер ме?

Жарқын. Алшы, тәйке, бүк, шік — ол қалай?

Қожанасыр. (сақасымен көрсетеді) Алшы міне былай жатады, тәйке былай, бүк былай, ал шік былай. Түсіндіңдер ме?

Болат. Түсіндік. Мен қашан асық атамын?

Қожанасыр. (атылып кеткен асықты орнына қойып сақасын Болатқа ұсынады) Кезек анықтау үшін сақа иіресіңдер. Қайсың бірінші алшы түсірсең, сол бірінші кезекке ие болады. Бұл саған доппен абажадай жазуды атқандай емес, бұл жерде нағыз мергендік қажет.

Балалар сақа иіріп кезегін анықтайды, сосын асық атып ойнап, өзара даурығып жатады. Сәуле келеді. Ол шардың жібін есіктің тұтқасына байлай салып балаларға жақындайды.

Сәуле. Бұл не қу сүйектер, Қожеке?

Қожанасыр. Бұл қу сүйек емес, бұл асық.

Сәуле. Қызық ойын екен. Мен де ойнасам қайтеді?

Қожанасыр. Жоқ, қыз балаға асық ойнауға болмайды.

Сәуле. М-м... Ал қыздар ойнайтын ойын жоқ па?

Қожанасыр. Неге болмасын? Не көп, ойын көп.

Сәуле. (қуанып кетіп) Онда үйретші.

Қожанасыр. Сенің құрбыларың бар ма?

Сәуле. Бар.

Қожанасыр. Онда шақырып кел. Сосын барлығымыз қосылып ойнайтын тамаша ойындар ойнаймыз.

Сәуле кетеді. Жарқын бүкіл асықтарынан ұтылып қалады. Болат ұтып алған асықтарды қалтасына тығып жатыр.

Жарқын. Болат, әкел, асықтарды бөліп алып тағы да ойнайық.

Болат. Жоқ, бермеймін! Өйткені бұл асықтар енді менікі.

Жарқын. Қожеке, Болат ұтып алған асықтарын бергісі келмейді.

Қожанасыр. Әрине, ол енді оның асықтары. Бергісі келмесе бермейді.

Жарқын. Ал мен оның орнында болсам, ұтып алған асықтарыммен, ойынды жалғастыру үшін, бөлісуші едім. Ал Болат сондай сараң!

Қожанасыр. Әй, Жарқыным-ай! Болаттың сараңдығы болмаса, сенің жомарттығыңның қадірі болар ма еді?

Болат. Мен сараң емеспін! Бұл менің ұтысым. Неге мен ұтып алған затымды бере салуым керек. Олай болса ойын қызық болмайды.

Қожанасыр. Ол да дұрыс. Ойнағың келсе ұтылмауға тырыс. Және көбірек асық жина. Ол үшін, балалар, (бұл сөзін залда отырған балаларға да арнайды) ата-аналарыңа ескертіп қойыңдар. Тойға барса, не қонақта болса асық ала келсін. Үйлеріңде ет асқанда асық кездессе лақтырып тастамай, тазалап, кептіріп жинай беріңдер. Асық көп болса, ойын да қызық болмақ. Ал мына шағын асық кімге жетпек? Және әр баланың өзінің сақасы болуы керек.

Екі құрбысын ертіп Сәуле келеді.

Сәуле. Қыздар, танысып қойыңдар — бұл Қожанасыр, арнайы Наурыз мейрамына келген қонақ.

Балқия. (Қожанасырдың алдында сәл иіліп қолын береді) Мен Балқиямын. Сіз қайдан келдіңіз?

Қожанасыр. (қыздың қолын алып) Елден жүрмін. (Балқия иықтарын қиқаң еткізіп шегініп кетеді де оның орнына Қорлан тұрады)

Қорлан. (Қожанасырға қолын созып) Ал менің есімім Қорлан. Сізбен танысқаныма өте ризамын.

Қожанасыр. (қыздың қолын қысып жатып) Мен де. Ал, қыздар, ойын ойнайық.

Қожанасыр төмендегі үш ойынның бірін түсіндіреді де барлығы қосылып сол ойынды ойнайды. Мүмкін болса үш ойынның екеуін, немесе үшеуін де ойнауға болады. Қыздар мен ер балалар екі қарсылас топқа бөлінуі мүмкін.

Ойын түрлері:

1. Аңшылар мен үйректер. Бормен еденде үлкен шеңбер сызылады. Екі топ кезекпен аңшылар мен үйректер болады. Аңшылар шеңбердің сыртында қалады да үйректер ішіне кіреді. Аңшылар үйректерді кезектесіп бір доппен ұрып атқылайды, ал үйректер допты өздеріне тигізбеуге тырысады. Үйректер мен аңшыларға сызықтан, не әрі, не бері өтуге болмайды. Доп тиген үйрек «өледі» де шеңбердің сыртына шығып кетеді. Қалғандары ойынды жалғастырады. Егер бүкіл үйректер атылып қалса, олар қайтадан шеңбер ішіне кіреді де ойын әрі жалғасады. Бірақ оларға, өнер көрсетіп, яғни, өлең, ән айтып, би билеп аңшыға айналуға мүмкіндік беріледі. Содан кейін орын алмастырып үйректер аңшы болады да ойын әрі жалғасады. Егер үйректердің біреуі допты жерге түсірмей ұстап алса, сол жерде олар шеңберден шығып аңшыларға айналады, ал аңшылар шеңбердің ішіне кіріп үйрек болады. Үйректер қағып алмауы үшін аңшылар допты қатты екпінмен лақтыруға тиісті, және допты төмендетіп, үйректердің аяқтарына тигізуге тырысады.

Ұшты-ұшты! Ойын жүргізуші шеңбердің ортасында, ал ойнаушылар шеңбердің сыртында сызық бойы тізіліп тұрады. Жүргізуші: «Ұшты-ұшты!» деп ұша алатын немесе ұша алмайтын мақлұқтың немесе заттың атын атап қолдарын көкке көтереді. Сонда, егер сол аталған мақлұқ немесе зат ұша алатын болса, құс, көбелек, инелік т. с. с. тірі жан иесі, немесе самолет, вертолет, ракета, шар т.б. болса, ойынға қатысушылар қолын көтеріп «ұшты-ұшты!» деп айқайлауға тиісті. Керісінше, егер ұша алмайтын мақлұқ немесе зат аталса олар қолдарын көтермей, үндемей тұра берулері тиіс. Ал әлдекім ұшпайтын мақлұқ немесе зат аталысымен қолдарын көтеріп «ұшты-ұшты!» деп қалса, немесе ұша алатын зат аталысымен қолын көтермей үндемей қалса, олар сол жерде жаза ретінде өнер көрсетуге тиісті. Яғни, өлең, не ән айтады, немесе би билейді. Жүргізуші ойнаушыларды шатастырмақ мақсатымен ұша алатын нәрсемен қатар соған ұйқас ұша алмайтын затты атап отырғаны абзал. Мәселен, «Ұшты-ұшты, кеклік ұшты!» — «Ұшты-ұшты, кекіл ұшты!», «Ұшты-ұшты, қарға ұшты!» — «Ұшты-ұшты, сырға ұшты!», «Ұшты-ұшты, тауық ұшты» — «Ұшты-ұшты, уық ұшты!», «Ұшты-ұшты, қаршыға ұшты!» — «Ұшты-ұшты, қанжыға ұшты!», «Ұшты-ұшты, көбелек ұшты! — «Ұшты-ұшты, ебелек ұшты!» т.с.с.

Сиқырлы таяқ. Ойнаушылар дөңгеленіп шеңбердің сыртында тұрады. Ал жүргізуші ұзындығы бір, бір жарым метр таяқ алып шеңбердің ортасында тұрады. Ол ақырын айналып тұрып ойнаушылардың біреуінің атын атап тік тұрған таяқты тастап шегініп кетеді. Сол кезде аты аталған ойыншы лезде таяққа ұмтылып оны жерге құлатпай ұстап қалуға тиісті. Егер құлатып алса сол жерде ортада тұрып өнер көрсетеді, яғни, өлең, ән айтып, би билейді. Егер жерге түсірмей қағып алса жүргізушіні ауыстырады, ал жүргізуші оның орнына тұрады.

Қамбар пен Толқын шығып балаларға таңырқай қарайды.

Қамбар. Әй! Мыналардың ойнап жүргені аңшылар мен үйректер (немесе, «ұшты-ұшты», «сиқырлы таяқ») ғой!

Толқын. Дәл өзі!

Қамбар. Қожанасыр ғой балаларға бұл ойынды үйреткен. Әйтпесе, біздің өзіміз бұл ойынды ұмытып та үлгердік, біздің балалар оны қайдан білсін?

Толқын. Иә, балаларға ұлттық ойындарды үйретіп жүрген Қожекең. Меніңше, оны жібермеу керек. Өзі осында болған бір-екі күннің ішінде балалар әжептәуір қазақыланып қалды.

Қамбар. Иә-ә. Қожекең де біздің балалардан бірсыпыра нәрселерді үйренді, алайда өзі де көп шаруа тындырып үлгерді. Бірақ, мен білсем, ол осында мүлдем қалуға көнбейді.

Толқын. Неге?

Қамбар. Неге дейсің бе? Өйткені Қожанасырларға бір жерде қалып басқа жұрттай өмір сүру жараспайды. Олар ел кезіп, халықтың көңілін көтеріп, қыран-топан күлдіріп, ұмыт болған қасиеттерін қайтарып беріп жүреді.

Толқын. Сонда да оған қал деп айтып көрейік. Мүмкін келісер.

Қамбар. Қожанасыр! Қожеке!

Қожанасыр. (ойыннан басын көтеріп) Ау?

Қамбар. Бері келіп кетіңізші! Мына жеңгең бірдеңе айтқысы келіп тұр.

Қожанасыр жақындап келіп Толқынға қарайды. Оның соңында балалар да жақын келіп үлкендерді қоршап алады.

Толқын. Қожеке, біз, мына ағаң екеуміз ақылдасып, сізге бір ұсыныс жасайық деп едік.

Қожанасыр. Ол қандай ұсыныс? Айтыңыз. Әйтеуір жоқ нәрсені көрсет деп әурелемесеңіз болды.

Толқын. Сіз осында қалсаңыз қайтеді? Бізге бала болып, Сәулеге іні, Жарқынға аға болып демекші...

Сәуле. (қол шапалақтап жіберіп) Алақай! Қожеке бізде қалады! Ол маған іні болады.

Жарқын. Ал маған аға болады! Алақай!

Қожанасыр. (сәл мұңая басын шайқайды) Рахмет, ағай! Рахмет жеңгей! Бірақ мен мұндай ұсынысты қабылдай алмаймын. Мен сіздерге бала бола алмаймын, менің өз ата-анам бар. (Жарқынға бұрылып қолын оның иығына салады) Ал Жарқынға мен шынында да аға сияқты болып кеттім. Ал Сәуле... (Сәулеге бұрылып) Сәуле маған өте ұнады... біз шын достасып кеткен сияқтымыз. Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын. Мен сіздерге әлі талай рет келемін. Ал мүлдем қала алмаймын. Өйткені мені басқа жерлерде де тосып жүрген балалар бар. Басқа Сәуле мен Жарқындар да өздерінің ұмыт қалған ойындарын еске алғысы келетін болар.

Қамбар. Айттым ғой, Қожекең қалмайды деп. Жақсы, солай-ақ болсын. Ал ертеңгі Наурыз мейрамын бізбен өткізетін шығарсыз?

Қожанасыр. Әрине! Мен өзі Наурызды тойлау үшін келген жоқпын ба.

Қамбар. Бәрекелді!

Толқын. Қожеке, сіздің құрметіңізге біз ас даярладық. Үйге кіріңіз. Балалар, сендер де Қожекеңмен бірге асқа кіріңдер, қонақ болыңдар.

Балалар. Жарайды, Толқын апай!

Сәуле мен Жарқын киіз үйдің есігін ашып Қамбар мен Толқын бастаған балалар ішке кіріп кетеді.



  • Поделиться

Похожие произведения