Толық ләззат


Болмыстың ең жоғарғы қуаты — ләззат қуаты. Ләззат сезімін басқа жан иелерімен қарым-қатынас арқылы алуға болады. Қарым-қатынас арқылы ләззат алу үшін жалғыз Алла тағаланың өзін де көпке айналып, яғни Өзінен басқа жан иелерін, бүкіл әлемді бөліп шығарып, болмысты жаратты. Осылай болмыс көріністерімен Ол ләззат алады. Сопы ілімі бойынша болмыс көрінісі Алла тағаланың ойыны болып табылады. Ал ләззат махаббатсыз болмайды. Сондықтан Жаратушы бүкіл болмысты махаббатпен жаратқан, оның ішінде адамзатты да, Абай сөзімен айтқанда «Махаббатпен жаратқан адамзатты». Бүкіл болмыс көрінісі махаббат көрінісі болғандықтан, шын мәнінде, барлық тіршілік ләззат әкеледі. Адамдардың арасында, басқа жан иелерінің арасында, тіпті Жер мен Ай Күнді айналғанда да, осының барлығы махабббат көріністері, бір-біріне ләззат береді. Себебі, Шәкәрім сөзімен айтқанда «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды». Болмыста барлық жан иелері осылай бір-бірімен қарым-қатынаста болып, қуаттарымен алмасып жатады. Мысалы, күн қуаты жерге түскенде ол бір түрден екінші түрге айналып, жер бетіндегі барлық тіршіліктің қайнар көзіне айналады. Материалдық әлемде ештеңенің де жоғалмайтыны және жаңадан пайда болмайтыны, оның тек қана бір түрден екінші түрге айналатыны мектеп қабырғасынан белгілі ақиқат. Түрлі қуаттардың бұл алмасуы жан иелерінің түрлі қажеттіліктерінен туады. Қажеттіліктері орындалғанда барлық жан иелері ләззат алады. Яғни, ләззат сезімі жан иесі өзіне қажетті нәрсені қабылдап, қанағат тапқанда пайда болады.

Ләззат қанағаттан туады. Сондықтан, қанағат бар жерде ләззат бар. Әрине, қанағат сезімі ләззаттың алғашқы деңгейі. Жаратушының сансыз көп қуаттарының жоғары деңгейінде соған сәйкес жоғары ләззәт болмақ. Жан иелерінің қарым—қатынасы неғұрлым жоғары қуатпен байланысса, соғұрлым олардың алатын ләззаттары да жоғары болмақ. Күнделікті өмірде өзінің азабынан, қайғы-қасыретінен ләззат алатын адамдар да бар. Мұндай адамдар өздеріне жасалатын қамқорлықтан айырылып қалмау үшін өздерінің осынау ауру-сырқау халдерінде қала бергісі келеді. Бұл ләззаттың ең төменгі деңгейі болса, ал қуаныш, қанағат өскен сайын алатын ләззат та ұлғая береді. Бұл қант өндіру процесі тәрізді. Қант алатын сұйық затты қайнатқан сайын ол қоюлана келіп, ақыры өзіміз күнделікті қолданатын тәтті қант түріне айналады. Сол сияқты жан да неғұрлым жоғары қуат көзімен байланысып, рухани толған сайын оның алатын ләззаты да қоюлана отырып, ақыры толық ләззатқа айналады. Ал ең жоғары қуат көзі кімде? Әрине, Алла тағаланың Өзінде. Сондықтан байланысты ең жоғары қуат көзі — Алла тағаламен жасау керек. Сонда өмірде ешқандай да шырғалаң мәселелер болмайды.

Енді болмыс өмірінің ләззатқа толы екеніне көз жіберіп көрелік. Алла тағала болмысты Өзін қанағаттандыру үшін жаратқандықтан, бүкіл болмыс өзінің сол міндетін орындап, Жаратушыны мадақтап, Онымен үнемі байланыста. Жаратушымен байланыста болғандықтан, бұл — ләззат беретін махаббат байланысы. Тіпті табиғаттағы бүкіл жан иелерінің өмірі болмыстың осы заңдылығына сәйкес бір Жаратушыны мадақтау көрінісі болып табылады. Бұл туралы Шәкәрім былай деп жазады:

Тауық неге шақырар сағат сайын,

Дей ме уақыт өткенін ұқтырайын.

Кейде зарлы дауыспен ит ұлиды,

Білемісің, қылып тұр нені уайым?

Гүлді көрсе, мұңлы әнмен бұлбұл сайрап,

Айтып тұр ма баянсыз өмір жайын.

Таң бозарса, аспанда құйқылжытып,

Әнді неге салады бозторғайың?

Ғылымдылар тексеріп көрді ме екен,

Әлемнің қиын сырлы осындайын.

Ақылым соның сырын тап деп отыр,

Десем де ой жетпесті мен қумайын.

Саламын сасқанымнан ой жотаға,

Қыла алмай айуан тілін тіпті пайым.

Бос сайрап, текке ұлиды дейін десем,

Ол дәлелсіз екені ойға дайын.

Әрине, мұнда бір сыр болса керек,

Деймін де шешу таппай алақтайым.

Әншейін керексізді өлең қылып,

Дегенім жоқ ермек қылып, бос ойнайын.

Бұл да бір жаралыстың қыйын сыры,

Деп едім білгендерден сыр сұрайын.

Ешкім жауап бермесе бұл сөзіме,

Өзімнің ой жотамды енді айтайын:

Айуанда да ақыл бар адамдайын,

Десең, ойлан ондайдан сыр табайын.

Көңіл көзін аш-тағы ақылға сал,

Құр құлақпен тыңдама қалқатайым.

Олар деп тұр: «Ойға алып бір Құдайын,

Зор құдыретін әлемге ұқтырайын».

Құлшылық, намазы мен иманы сол,

Күнде бір, айында бір, сағат сайын.

Демейді: «Босқа ұлып, тек сайрайын»,

Деп тұр ол: «Зор Тәңірісін сипаттайын».

(«Тауық неге шақырар сағат сайын»)

Сонымен, бүкіл әлем көрінісі «Ойға алып бір Құдайын, Зор құдыретін әлемге ұқтырайын» деген ниетті, яғни барлық жан-жануар, қоршаған табиғат Құдайдың көркем қасиеттерін сипаттап, мадақтап бүкіл әлемге ұқтырайын деген тілекті білдіреді екен! Жан-жануар бүкіл ғаламның ішіндегі, яғни, сонымен бірге жүректегі Алла тағаланың әмірін мүлтіксіз орындап, өздерінің өмірін Ұлы Жаратушыны мадақтауға арнайды.

Енді адамдардың өздерінің мақсаттарына, көңілдерінің қалауларына, сана-сезім деңгейлеріне байланысты алатын ләззатқа келейік. Ләззат деңгейлерін адам болмысына байланысты үшке бөлуге болады. Біріншісі, тәнді қанағаттандыру арқылы алынатын ләззат. Бұл сезім заттық деңгей болғандықтан, ең төменгі ләззат болып табылады. Екіншісі, ой-өрісті, психиканы қанағаттандыру арқылы алынатын ләззат. Адамның интеллектісі арқылы қабылдайтын болғандықтан, бұл ләззат біріншіден жоғары. Мысалы, адам тамақ ішкенде сыртқы сезімдері арқылы иіскеп оның иісінен, тілімен дәмін біліп, салқын-жылылығын сезіп, әкелінген тамақтың қандай әсемделіп көркемделгенін көріп қанағат тауып ләззат алады. Егер ол бұл тағам өз құрметі үшін дайындалғанын, не болмаса өзінің сүйікті адамы дайындағанын білсе, бұл оның ой-өрісіне әсер етіп, ішкі сезімдер арқылы одан да жоғары ләззат алады. Қанағаттан келген ләззат осылай адам бақытының өлшемі болып табылады. Адам неғұрлым көп ләззат алса — ол солғұрлым бақытты! Тән арқылы алынған ләззаттан интеллект арқылы алынған ләззат жоғары болғандықтан, әрқашанда ой-өрістен туатын сүйіспеншілік те, бақыт сезімі де біріншіден жоғары тұрады.

Бірақ бұл екеуінен де жоғары бақыт сезімі бар. Ол — рухани деңгейдегі сезім. Бірінші және екінші деңгейдегі бақыт сезімдері Жаратушының материалдық қуаты арқылы болады. Ал үшінші деңгейдегі бақыт сезімі ең жоғарғы қуат, рухани қуаттан туады. Рухани болмыс мәңгілікке, толық білім мен ләззатқа толы болса, ал заттық болмыс керісінше, өлмек үшін туған уақытша, төмен баса беретін надан және зардапқа толы. Жан өзін-өзі толық таныған кезде сана-сезім осы рухани деңгейге көтеріледі. Жан өзін-өзі толық сезінгеннен кейін ол өзінің рухани ләззатын да толық сезінеді. Жан құмарлығы рухани құмарлық болғандықтан, ол тек қана рухпен қанағаттанады. Сондықтан ол басқа жан иелерімен тек қана рух деңгейінде қатынас жасап, рухани ләззат алады. Ал ең жоғарғы қатынас та, ең жоғарғы алатын ләззат та, әрине, барлық ләззаттың қайнар көзі Алла тағаламен қатынаста. Бұл жағдайда шыбын жан мен Ғазиз Жан өздерінің рухтарымен байланысып, рухани қуатпен алмасады. Шексіз Жаратушы шексіз ләззаттың қайнар көзі болғандықтан, шыбын жан да шексіз ләззатқа бөленеді, сондықтан бұл — ләззаттың, яғни бақыт сезімінің шыңы болып табылады. Жан тазарғанда оның рухы Ғазиз жанның рухымен сәйкестеліп, сана деңгейі таза рухани деңгейге көтеріледі. Ғазиз жан мен шыбын жанның рухтары сәйкестелген кезде жан өзінің Ғазиз жанмен ұқсас екенін түсініп, өзін бөлінбейтін біртұтастығын сезінеді. Осындай кезде әл-Халладж «ән-әл-Хақ» (мен Құдаймын) деген. Құдаймен қосылғанда Шексіздің ләззаты қандай шексіз болса шыбын жанның ләззаты да сондай жоғары болуға тиісті. Сондықтан бұл деңгейде жан иесі толық ләззат алады. Рухани жетілудің бұл деңгейі сопы ілімінде «Хақиқат» деп аталып, Хаққа жетуді білдіреді. Бұл деңгейде адам толық ләззаттан мас, оған басқа ештеңенің қажеті жоқ, ол барлық арманына жетті. Ләззаттың бұл жоғары шыңын Шәкәрім қажы былай деп суреттейді:

Жас алпыстан асқан соң,

Өлімге аяқ басқан соң,

Тіршіліктен оянып,

Көзімді анық ашқан соң.

Хақиқаттың қымызын

Ішіп, бүгін мас едім,

Тазалап жүрек ындызын,

Нәрестедей жас едім.

Шақырды бір періште

Тәнімді емес, жанымды.

Өтірік деп керіспе,

Осы сөзім нанымды.

«Неге отырсың байланып, —

Деді, — байғұс, тұзақта.

Әуре болма айланып,

Лайық орын бұ жақта».

(«Жас алпыстан асқан соң»)

Шәкәрімнің бұл өлеңінен оның ләззаттың шыңын алпыс жастан асқан соң сезе бастағанын көреміз. Бұл — фәни әлемнің ұйқысынан оянып, көкірек көзін ашқан соң таза ақылдың көмегімен жүрегін тіршіліктің былғанышынан арылтып, өзін жаңа туған пәк нәрестедей сезінген сәті. Сол кезде періште келіп оны басқа әлемге, әрине, рухани әлемге шақырған. Оның рухани болмысы бақи әлемге өтуге жарайтындай деңгейде тазарған. Бұл сөзбен айтып жеткізуге болмайтын толық ләззат сәті. Ләззаттың мұндай жоғары сәттерін әркім айта бермейді. Бұл әркім қабылдай бермейтін өте құпия және өте ардақты сәт. Сондықтан ақын «Өтірік деп керіспе» деп сендіреді. Егер бұл сәтін жұртқа жайып, паш ететін болса тақуа Алла тағаланың ондай шапағатынан айырылып қалуы да мүмкін. Олар бұл сирек сәтті өте құпия ұстап, Жаратушыға разышылығын білдіріп, тәубешілік жасап, Одан бұл шапағаттан айырмауды сұрап құлшылығын жалғастыра береді. Осылай оның Алла тағалаға деген құлшылығы өсіп, шапағат нұрына бөлену сәті молая береді. (Шәкәрімнің өзі бұл сәтін ашық білдіріп отырған себебі — келешек ұрпақ үшін, олардың да рухани деңгейдің осындай дәрежесі барын білсін деген мақсатпен болса керек).

Шәкәрім осы деңгейдің алдындағы жанның өзін-өзі тану деңгейінде «Алла тағалаға ұқсап бақ» деп жетілу жолын көрсетсе, ал бұл толық ләззат деңгейінде «мас едім», «жас едім» деп мақсатқа жеткенін айтады. Бұл сөздермен ақын тариқаттың, яғни жолдың бітіп, енді хақиқатқа, яғни мақсатқа жеткенін білдіреді. Студент медик теориялық білім алып, сонан соң тәжірибеден (практикадан) өтіп қалай маман дәрігер болса, рухани жолдағы адам да әуелі шариғаттан өтіп білім алып, тариқатқа түсіп, оны іс жүзіне асырып бойына сіңіру жолымен (рухани тәжірибе), ақыры хақиқатқа (мақсатқа) жетеді. Әрине, рухани жолдың бұл белестері бірінен кейін бірі емес, барлығы бір мезгілде жүреді. Мысалы, шәкірт өзінің рухани ұстазынан шариғатты оқып, біле жүріп, діни рәсімдерді де (тариқатты) мұқият орындайды. Сонымен бірге, ол Алла тағаланың шапағат нұры түскен сәттерін де сезуі мүмкін. Бұл шапағат оған алдын ала аванс ретінде беріледі. Бұл жолды Абай «бек нәзік, бек шетін» деп атайды. Себебі, ниеттің тазалығын, діни рәсімдердің қатаң орындалуын керек етеді. Пышақтың жүзіндей өткір болғандықтан, болымсыз қателіктен кесіліп қалып, өте қатты зардап шегуге болады. Сондықтан бұл сынаққа шыдай алмай, тайып кететін адамдар жиі кездеседі.



  • Поделиться

Похожие произведения


Досым Омаров 25 Августа 2016 09:51

Жақсы шығарма