Жазушы жазбасы


Оның жүрек соғысындай бірқалыпты жүрісі, төпілиінің таңдай қаққандай тық-тұқ еткен дауысы бірінші қабаттан басталып, үшінші қабаттағы мен жалға алып отырған қоңыр есікті пәтердің алдына дейін келеді де, әлсіз жаңғырығып алып жоқ болады. Сосын ол бірер сәт тың тындағандай демін ішіне тартып, қимылсыз тұрады. Сәлден соң, саусағының ұшымен батылсыздана есікті тықылдатқанын естисің. Қоңыр есікті көп кешіктірмей ашамын. Ол маған назарын аудармастан өз үйіне келгендей рұқсатсыз еніп, жазу үстелімдегі шимай-шатпақтың кейбірін құлықсыз алды-артын аудара қарап, оқыған болады да, күндегі әдеті бойынша төсекке келіп жайғасады. Мен есікті кілттеймін де, жазу үстелімнен бір мүштік темекі алып, терезеге жақындаймын. Осы кезде ол күндегі әдеті бойынша:

- Сен кімсің өзі? – деп, сеңдей бұзылып, өзінен-өзі ұрыс бастап кетеді. Бұл әрекетіне таңдануға болмайды, күнде қайталанатындықтан емес, әу баста солай жазылып қойғандықтан.

Алғашында бұл сұраққа әр күні әртүрлі жауап айтып, көңіліндегі түйінді шешкім келген, кейін бұным бос әурешілік екенін түсіндім. Сондықтан ең дұрысы жауапсыз қалдыру. Ол бейқамдық суреті салынған бет-әлпетіме қарап тіпті ашуланып, жылай бастайды, бұл да дағдыға айналған әрекет. Бастысы көңіл аудармау керек. «Сен біздің маңдайымызға тағдыр жазатындай кімсің?» дейді ол, өксікке тұншығып. «Менің өмірім — маған тиесілі!» Кей-кездері жылағаны күлгенге ұқсап кетеді, ондай сәттерде ол өз тағдырына ішек-сілесі қатып, күліп жатқандай болатын.

«Сен өзіңді кіммін деп ойлап жүрсің?»

Жылайды, шыңғырады, күледі, қайта жылайды. Күнде қайталанатын оқиға. Иә, осылай өзім жазғам. Басқалай болуы мүмкін емес. Рахат емес пе?! Мен бұдан ләззат аламын. Құрсағындағы төрт-бес айлық нәрестесін ұрғылып, мені қарғайды-ай кеп. Шарасынан шығып кетердей алақтаған жанарына қан құйылып, жаныма жетіп келеді де: «Сұмырай!» «Қатігез!» «Өлтір мені!» деп айқайлайды. Иә... Мен ләззат алатынмын. Қандай сәттер еді?!

...Енді қолжазбаның барлығын өртеу керек.

*  *  *

Барлығы жаңа әңгіменің сюжетін іздеуден басталды. Осы жаздың бас кезінде санамда ысылған оқиғалар желісімен соры сопақ астаудай бес-алты беттік әңгіме жазбақ болдым. Әңгімедегі кейіпкерлерім шынайы болу үшін оларға ұқсайтын адамдарды маңайымнан іздейтін әдетім бар еді. Шыны керек жігітті іздемеген жерім жоқ: вокзалды торуылдадым; базар аралап, дүкендерді кездім; автобусқа мініп әрлі-берлі шарладым; бір жігітті ептеп ұқсатқан едім, бірақ мінезі келмеді. Жанына нәзік жанды аруын ертіп, мен тұрған «Қарлығаш» аялдамасы алдынан өтіп барады екен, алғашында таптым-ау деп қуанып, тұлғасына қызығып, сыртынан бақылағам, сосын мінезін байқайын деп жанына бардым да, әдейі иығыммен қағып өттім. Ол болса жағама жармасқаны. Жоқ, Данияр (менің кейіпкерім) дәл мынадай қылыққа бармас еді.

Екі күннен соң саябақта басқа жігітті кездестірдім, қызының қолшатырын іздеп жүр екен. Түр-тұлғасы келеді. Дегенмен, дауысы тым нәзік, сенімділік жетіспейді. Төбелеске шақырып, тарпа бас салып ем, кешірім сұрады да, көзімен жер сүзген қалпы қолшатырын сылтауратып, жедел кетіп қалды. Қорқақтық – қатігездіктің анасысы емес пе! Сірә, қатігез шығар. Менің санамдағы кейіпкерім қатігез емес, ол – сабырлы, кешірімді, және мейірімді болуы керек.

Жігіт таппай табаным тозған соң, кейіпкер қызды іздеуге көштім. Заман талғамды ма, әлде менің талғамдылығым жоғары ма, әйтеуір бұл әрекетімнен де түк шықпады. Шыны керек, ойымдағы әңгіме кейіпкерлерін тірідей көріп, түрлі жағдайдағы әрекетін бақылап, көзіммен көріп, сезініп жазбаған соң қиындау. (Сондықтан болар, көп эксперименттер жасаймын). Алты ай бойы алқымыма тығылып, ендігі түсім түгілі өңімді иеленіп алған оқиға желісі жазуға жедел отыруға мәжбүрледі. Әйтпесе, ауырып қалатыным бар.

Жалға пәтер алдым. Жалғыз бөлме. Диван, жұпыны үстел, төр жақта жалқы төсек, циклоптың жанарындай жалғыз терезе, алдында аулаға қарап екі-үш гүл тұр. Пердені жууға алып кеткен екен, бұрыштағы істен шыққан теледидардың сопақша қарашығынан өзімнің шағылысқан кескінімді және тағы бір жылт ете қалған бейнені көріп қалдым. Жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ сияқты. Қабырғада қонжықтарымен ойнаған аюдың суреті ілінген.

Пәтер үшінші қабатта. Қаланың бұл маңы аса тыныш екен. Оны үй иесі, жер ортасы жасқа келген кемпір айтты. Пәтерді жалға алғысы келген әлдекімдердің хабарласқанын, маған жазушылығыма қызыққандықтан ғана рұқсат беріп отырғандығын бір қайырып, көрші маңайды қойғанда, тұтас ықшам ауданның мәселелерін сағыздай созып, зор мақтанышпен екі қайтара әңгімеледі.

- Жазушы болу дегеніміз – жазықсыздардың жанын жалдау емес пе? Жазғандарыңды маған оқытуға тастап кет, жарайма, балам? – деді кететін кезде.

Тез құтылғым келгендіктен, шыбындаған аттай басымды шұлғып:

- Жақсы, жақсы – дей салдым. Жазылған дүниенің ыстығы басылмай адам баласына көрсетуге болмайтын «шығармашылық заңдылығын» түсіндіріп жататын уақыт жоқ.

*  *  *

Жалғыздықтың даналыққа апаратыны күмәнді. Жалғыздық деген – қалың ой, өзіңмен арпалысу, өзіңе көз салу, жаныңды қопару. Кейде жалғыздықтан қорқасың. Себебі ол бет-бейнеңді көз алдыңа әкелетін айна іспетті. Ондай кездері (психологиялық білімің болса) іштей сөйлесіп отырып-ақ, өз жаныңның мәселесін аңғарып қалып, өмірдің мәнін жоғалтып алуың мүмкін.

*  *  *

Әңгімемді тыныштықта жазу үшін үй жалдап алу әдетім. Алғашқы түні пәтерге сіңісіп алайын деп ертерек диванға қисая кеткем, көзім ілініп кетіпті. Түн ортасында қыздың жылаған дауысынан ояндым. Басымды көтерсем ол терезе жақтағы төсекте басын төмен салып, тізесін құшақтап отыр екен. Ұйпа-тұйпа шашы бетін жасырып, тізесін жаба төгіліп жатыр. Ескі көйлегінің кей жері жыртық. Оқыстан басын көтеріп, жанарымен жаншып тастайтындай. Көзі қандай екен? Қорқынышты фильмдегідей тұтас қап-қара болса ше? Ең  дұрысы тыныш жата беру; өтірік ұйқысырағандай болып қозғалақтап, диванның арқалығына қарап жатып алдым. Қойныма жылан салып жібергендей денем мұздап барады. Көзімді тарс жұмып, енді келуін күтіп ем, келмеді. Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сәтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар деп ойлап жатқанда ұйықтап кетіппін. Сол түні үйде жалғыз емес екенімді түсіндім.

Таңертең оянып алып, түндегі оқиғаның не өңім, не түсім екен айыра алмай ойым онға бөлініп, санам сарсаңға түсті. Пәтердің теріскейге қараған терезесі көңілсіздік көлеңкесімен күресе алмай, бөлмені еңсеңді езетін мұң көмкеріп тұрды. Бұндай кездері қозғалмай жата бергің келді. Жоғарғы жақтағы төсекте түндегі қыз әлі отырған сияқты. Мен ояндым дегендей тамағымды кернеп алдым да, басымды жайлап көтеріп, төсек жаққа қарадым. Ешкім жоқ екен. Жүрегім орнына түсті.

Бұдан кейін ол қызды тағы екі рет анық көрдім. Бірақ қателесуім де мүмкін. Екінші байқағаным былай болды: шатаспасам жазуға отырған алғашқы аптаның соңғы күндері. Таңертең әдеттегідей тамақтануға шыққанда әңгіменің ауанымен есікті кілттеуді ұмытып кетіппін. Есіме түсіп қайта бардым. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда аңғардым, кілт салатын тесіктен қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды. Мен алғашында орнымда бөгеліп қалып, сосын түк байқамағансып бардым да, есікті кілттедім, сосын жедел баспалдақтарға қарай ұмтылған едім. Содан бастап пәтерге көтеріліп келе жатқанда кілт салатын тесікке қарамайтын болдым. Мүмкін ол қарап тұрған шығар...

Соңғы рет өрттің ішінен көргем.

*   *  *

Жазайын деп жүрген әңгімемнің желісі Нұргүл деген қыз жайлы еді. Ол — он жетінші көктемінде ауылға қыдырып келген қалалық жігітке алданып, ересек өмірге енді аяқ басқан бойжеткен. Болашағына деген қорқыныштан айырыла алмай жүрген кезі. Бір күні кейіпкерім түс көреді. Түсінде көрші үйдің иттері қуып келе жатыр екен. Қан көпіріктері ағып, арсылдап кеп, енді қабайын деп жатқанда, сол маңнан өтіп бара жатқан сыныптасы Данияр құтқарып алады-мыс. Ауылдың қойын бағатын, қара торы, қашан көрсең жұпыны киініп жүретін Даниярды ауыл қыздары менсінбейтін еді. Бұл оқиғадан соң Нұргүл құтқарушы сыныптасымен сабақтан кейін ауылдың шетіндегі өзен жағасында біраз серуендеген екен дейді. Бір сыныпта он жыл бірге оқыса да Даниярға тіктеп қарап көрмеген қыз кірпік астымен зерттей бастайды. Қарапайым қойшының баласының көздерінен керемет тұнықтықты, жылылықты, есін білгелі әкесінен көрмеген мейірімділікті сезініп, сергелдеңге түседі. Енді қараса екеуі аппақ гүлге оранған қырда аспанға қарап, армандап жатыр. Данияр бала кезден бері сақтаған сырын ашып, Нұргүлды сүйетінін айтады. Екеуі бір-бірін жаңа көргендей қауышып, рауандап атып келе жатқан таң шапағына шомылып аймаласады екен дейді. Содан түсінде Нұргүл ес-түссіз Даниярға ғашық болады. Асау аттай тулаған жүрегі кеудесіне сыймай, ғашығын құшып: «Данияр, алыстан іздеген бақытым мұншалық жақында жүргенін көрмеген соқыр екенмін, мен сені ...» деп, ағынан жарылар сәтінде анасы оятып жібереді. Жүрегі дүрсілдеп оянып, түс екенін түсініп, Нұргүл ешнәрсені көңіліне алмастан, әдеттегідей оқу құралдарын жинастырып, мектепке шығады. Дәл осы кезде түс пен өңнің арасында келе жатқан Нұргүлге көрші үйдің иттері тап бермесі бар ма? Жаңа ғана көрген түсіндегідей. Жанұшыра қашқан қызды, одан сайын өршеленген иттер қуа жөнеледі. Ішіндегі ала төбет екі секіріп, Нұргүлды жығып алады да кеудесін екі аяғымен басып, бетіне төніп, ырылдап, енді қабатын сәтте «қанқ» етіп, оң жаққа қарай құлайды. Жанарын жас жуып, өзінің өкісігіне өзі тұншыққан Нұргүл тек көз алдының бұлдырап бара жатқанын сезеді-мыс. Есін жиса Даниярдың құшағында, ағыл-тегіл жылап жатыр. Данияр болса «жаным-ау, жыламашы енді, жаным, жыламашы...» - деп жұбатып әлек. Нұргүл болса, жігіттің құшағына одан сайын ене түсіп, одан сайын өксіп, қаттырақ құша түскен. Ол өзін соншалықты қорғансыз сезініп, сол қорғансыздығының дауасын Даниярдың құшағынан тапқандай болады. Сосын жастарын сүртіп, құтқарушысынан көз алмай: «Данияр, мені қорғашы, мен сені түсімде көрдім, мен саған ғашықпын!» - деп айтуға оқталып жатқанда анасы ұйқысынан тағы оятып жібереді. «Жын қақты ма ей, жылап жатқаны несі? Бар сабағыңа!» деп зекіп жатыр екен. Түсі ме, өңі ме? Түсі...

(Осы кезде психологиялық таластар мен көрермен санасына миға шабуыл әдісін қолданамын. Керемет әңгіме болады.)

Қыз қорқып үйден шығады. Жо-о-оқ, көрші үйдің иттері кездеспейді. Аман-сау сабағына барады. Тек әлдене өзгерген, Даниярдан жанарын жасырып, өзімен-өзі арпалысып жүр. Бір жағынан тағы оянып кетіп, жүрегіндегі қауыз жарып келе жатқан сезімі түсінің ішіндегі түс болып шығар ма екен деген күдік, күдік емес қорқыныш; екінші жағынан, түндегі тәтті сәттерді аңсаған көңілін жегідей жеген жалғыздық. Оның Даниярға деген көңілі түбегейлі өзгерген. Бүгінгі түс – махаббатты зұлымдық ретінде қабылдап, алты ай қыстың мұзын еріткен көктемдей сезімді тіксініп қалған тәнді жібітіп, Нұргүлді нұрлы өмірге қайта әкелгендей болды. Оның көз алдынан Даниярмен аймаласқан сәттер кетпей қойды. Ешкім көңіл аудармайтын тұйық қойшының ұлында ең асыл, ең қадірлі мінез қырлары бар екен. Шындығында іздеген бақыты алыста емес, көрші партада отырғанын түсінеді. Бірінші би кешінде өзі алғашқы қадам жасап, ғашығын биге шақырады. Нұргүл өзіне ғана таныс, түсінде сезінген тәтті сезімнің өн бойын баурап, өмірі түрлі-түсті бояуларға өзгеріп бара жатқанын байқады. Ішінен қайта-қайта «бұл менің түсім емес, бұл менің тағдырым» деп қайталай берді. Сосын ғашығынан қараңғыдан қорқатынын, үйге дейін шығарып салуын өтінеді. Сол түні Данияр да бар сырын айтады-мыс. Айтқанда қандай, бала кезінен том-том романдар оқып, кітаптар әлемінде өмір сүрген жігіт қызды таң қалдырды. Екеуі табысып, аспанда жаңа жұлдыз пайда болған сынды — жаңа кішігірім әлем дүниеге келеді. Түнде ыстық құшақтар, таң ата қимас қоштасулар. Олар мектепті тәмәмдап бірі жұмыс істеу үшін, бірі оқуға түсу үшін Қарағандыға келеді.

Осы жерге дейін жазып келдім де, тосын жағдайға тап болдым.

Алғаш екеуінің кездесуін жазып жатқанда ашық тұрған тереземнің сыртынан жігіт пен қыздың әңгімелескен дауыстары еміс-еміс естіліп тұрды. Жазуымды тоқтатып, тың тыңдап ем, ерегіскендей ауыздарын ашпай қойды емес пе? Жаза бастасам қайта сөйлейді. Сыбыр-сыбыр, күбір-күбір.

Ертеңінде Нұргүл мен Даниярдың балалығы ұстап, бірін-бірі қуып, ойнап жүрген сәттерін жазып жатсам, кешегі екеу тағы тереземнің алдына келіп, теңгенің сыңғырындай күлкісін шашып, асыр сап ойнасын кеп.

Үшінші күні қалалық алдап кеткен жігіт Нұргүлге кеп, Данияр екеуі ұрысып қалуын жаздым. Қызығы, әлгі белгісіз екеу тура менің тереземнің алдына келіп ұрыспасы бар ма?!

Бәрін түсіне қойдым. Бұлар — менің әңгімемдегі кейіпкерлер. Не істесем екен?! Қалай болғанда да эксперимент керек. Осы оймен әлгі қалалық жігіттті Даниярмен кездестірмек болдым. Өз кейіпкеріңмен ойнау деген аса қорқынышты және өте қызық. Мен әңгімемемді былай жалғастырдым:

«...Келесі күні Даниярдың үйіне хат келді. Хатта оның осындай-осындай уақытта, осындай жерге келсе ғашығы мен құрсағындағы бала тірі қалады деп жазылған екен. Данияр әлдекімнің ұйымдастырып отырған ойынына тап болғанын іштей сезінгенмен, оның нақты кім екенін түсінбеді. Тіпті өзінің осынау өмір деп аталатын кеңістікке қайдан, қашан келгеннін есіне түсіре алмай, біреудің басындағы жылт еткен идеа екендігін санасымен желе сипай өткені де рас. Данияр ақыры «...егер барлығы мен күдіктенгендей болса, бұл ойымның өзі бір жерде қағазға түсіп жатыр. Яғни, ол — менің ойым емес...» - деген тұжырымға келді...»

Енді не істер екен? Ертеңінде Даниярды күттім, ол кеш қарайғанда әңгімемде жазылған жерге, тереземнен алақандай боп көрінетін алаңқайға келді, таң ата әлгі қалалық жігіт жазым қылғанша өз өлімін еш қорықпастан күтті.

Ал Нұргүл мен ойлағаннан да мықты болып шықты. Ол Даниярға жазған хатымды тауып алып, жарты айдан астам сол алаңқайдан шықпай қойды. Таң атқанша табылжымайды өзі. Бір күні бөлмеме кіріп келмесі бар ма?

-  Отырыңыз... – дедім.

-  Неге сіз мені түнімен аңдисыз?

-  Мен жазушымын. Бір әңгімені жазып бастап ем... Аңдып жүр деп ойлайсыз ба? - ақталуға сөз таба алмай қалдым. Бөлмеде үшінші адамның болғаны қандай жақсы деген ой келді.

-  Біздің тағдырымызды жазып жатырсыз ба?

-  Тағдырларыңыз лауһуль мағфуз тақтасына жазылып қойылған, менікі қайталау шығар... Қайта жазуға болады деп ойлайсыз ба? – қарсы сұрақ қою қарым-қатынасты тым күрделендіретіні белгілі ғой.

-  Оны аман алып қалуға болар еді ғой?!

-  Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе? – дедім күмілжіп.

-  Сен Даниярды өлтірдің... Солай ма?

-  Данияр өмірде болған ба, жоқ па? Әлде түс пе бәрі, осыны ойландың ба? – осы сұрақты өзіме де қойдым, жауабым жоқ. Нұргүл керемет әдемі екен, мен жазғаннан да сүйкімді, мен ойлағаннан да керім.

-  ...

-  Иа, мен сізді аңдығаным рас – дедім, алғашқы сұраққа оралып, - осылай болады деп ойламаппын.

-  Біздің тағдырымызды қайта жазу мүмкін емес, түзетуге болады ғой енді...

-  Даниярды аман алып қалу мүмкін емес еді, оның таңдауы өз қолында болды – осыны айтқан соң көз алдыма қалалық достарын ертіп келген жігіттің Даниярды ұрып жатқаны елестеді.

-  Өлім жайын сіз айтпаңызшы...

-  Мен Даниярды өлтірдім...

-  Бұның бәрі түс деңізші! Оятыңызшы мені!

Ол шыдамай булығып жылап жіберді. Мен сұрақ пен жауаптан шатаса бастадым. Нұргүлдің есікті тарс еткізіп шығып кеткенін естідім, қағаз бен қаламнан басымды көтермей отыра беріппін.

Содан күнде келетін болды. Айқай-шу, ұрыс. Мен жазу үстелімнен қозғалмаймын.

Жаз бойы өңдіріп ештеңе жаза алмадым. (Шындығында Нұргүл екеуміз жаза алмадық.) Әр қилы жазып көрдім, біресе оның көңілі толмайды, біресе мен айтқанына келісе алмаймын. Мүмкін емес нәрселерді жаз дейді, қалай жазам? Ертең оқырман сенбесе қажеті не? Мен анда-санда қызық көріп не түрлі бәйгеге кейіпкер қызымның басын тігем де, эмоциясын бақылап отырам. Ғаламат қой қыздардың эмоциясы, құбылмалы табиғаты мен мінезі, тосыннан қабылдайтын шешімдері.

Қаланың ең әдемі жігітімен таныстырдым — сенбеді. Ең дәулеттісімен жүздестірдім — көнбеді. Екінің бірі, егіздің сыңары мінбейтін көлікті, кимейтін киімді сатып бердім... Алыс шетелдерге, тіпті жеке аралды жалғыз өзі демалу үшін жалға алдым. Әлем оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Кез-келген казиноларға барып, картаның бірінші таратылымнан қарапайым ойыншылардың түсіне де кірмейтін ұтысқа қол жеткізді. Ол болса «маған ештеңенің қажеті жоқ, байлығың да, басқа да. Керемет болсаң Даниярды тірілтіп берші...» деп әркез тік келіп, арты ұрыспен тынып, жазғанымның бәрін өшіріп, қайта шимайлауға тура келіп жүрді...

Бір күні әдеттегідей сырттан кешкі тамағымды ішіп, асықпай баспалдақпен пәтерге көтеріліп келе жатқан едім. Қап-қара көз жылт-жылт етіп қарап тұр ма деп, есік жаққа көз тастауға қорқушы ем, бүгін не жазсам екен деген оймен келе жатып байқамай қарап қалсам, есік ашық тұр. Жазбаларымды ойлап, жүгіріп кірдім де, кіре берістегі құлап жатқан орындыққа сүрініп қала жаздадым. Нұргүл люстраға асылып қалыпты. Ол өз-өзіне қол жұмсаған кен. Тербеліп тұр. Мен бөлмеде жоқ кезде, көзі қап-қара елес-қыз жансыз денені арлы-берлі итеріп, әткеншек ойнаған секілді.

Қол тигізген жоқпын. (Жалған боп шықса ше?) Жазу үстеліме барсам әңгімемнің күнде-күнде өшіріп, қайта жазатын бетіне: «ұйқыдан оян» деп жазыпты. Нұргүл өзі жаза алмайды. Себебі ол кейіпкер. Кім жазды сонда?

Әттеген-ай, жылағанынан, шашын жұлып шыңғырғанынан ләззат алушы едім, рахаттанушы едім. Пәтердегі елес қыз жазып берген шығар. Қазір мен оған көрсетейін!..

Көрпе-жастық, үстел, жазбалардың бәрін бөлме ортасына үйдім де, астынан от тұтатып, шығып кеттім. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі қыздың қарап тұрғаны сезілді. Бірақ артыма қараған жоқпын.

Өртеніп жатқан үшінші қабаттағы пәтерге аялдама жақтан қарап тұрғанда, терезеден далаға ұмтылған жалыннан қыздың толық бейнесі көрінді. Ол аласұрып, айқайлап, аузынан от бүркіп жатты.



  • Поделиться

Похожие произведения


Алмаз МЫРЗА АХМЕТ 30 Ноября 2013 11:37

Жалғыздық пен жазушылық...

Внук Бабушкин 26 Октября 2014 09:23

- Поздравляю Вас с Произведением дня!