Туфли жалағыш жыраулар


Білмеймін жылайын ба,күлейін бе,оқып шыққан соң мені түсінерсіздер....

_____________________________________________

Негізгі бет / мақалалар / ЕКІ ТІЗГІН, БІР ШЫЛБЫРДЫ БЕРГЕН СЕНІМ немесе ақын-жыраулар биліктің киесі жөнінде

ЕКІ ТІЗГІН, БІР ШЫЛБЫРДЫ БЕРГЕН СЕНІМ немесе ақын-жыраулар биліктің киесі жөнінде

02.11.2015Айқын-ақпарат860ЕКІ ТІЗГІН, БІР ШЫЛБЫРДЫ БЕРГЕН СЕНІМ немесе ақын-жыраулар биліктің киесі жөнінде

Елбасымыз өзінің «Нұрлы жол» — болашаққа бас­-тар жол" атты халыққа Жолдауында биылғы жылдың мәнін «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғы­сынан мерейлі бе­лестер жылы» деп айқындап, рес­публикалық кө­лем­де атап өтілуі тиіс бірнеше маңызды мерейтой­лардың қатарында Қазақ хандығына 550 жыл толуын да бел­гі­леп берді. Осы межелі жылды айналаға ат шап­тырып, сауын айтып тойлаудың концептуалдық негізі зор. Бұл мерейтойды әлем жұртшылығына әйгі­лей атап өтудің тарихи-мәдени, танымдық-тағы­лым­дық, тәрбиелік және геосаяси мән-маңызы өлшеусіз. Ұлттығымыз­дың негізін қалаған, жұртымызды мем­лекет­шілдік, отаншылдық, ұлттық санаға көтерген қазақ ханды­ғының қазақы болмысымыздың қалып­тасуындағы же­текші орнын айқындау жаһандану құр­дымына кет­пеуге, жас ұрпақтың пассионарлық ынта­сын арт­ты­руға, еліміздің әлемдік саясаттан өзіндік орнын бел­гілеуіне кепіл болатын шаралардың ең не­гіз­гілерінен деп бағалауға болады. Осы орайда, уақыт зерттеуші, ғалымдардың мойнына салмақты жүк ар­тып отыр­ғанын ескерген абзал. Тарих сахнасында бол­ған төрт ғасырлық кезеңде Қазақ хандығы саяси-экономика­лық дербестікті аса ауыр жағдайда сақтап қала алды. Мемлекет ішіндегі ғылыми-техникалық іл­­ге­­рілеудің кемшіндігіне қарамастан, ол көршілес алпауыт мем­лекеттерді мойындата білді, оларды өзі­мен есептесуге мәжбүр етті. Бұл жерде хандықтың ру­хани-адамгер­шілік тетіктерінің берік болғанына зер салу керек. Ал мемлекеттік мәртебе көтеретін рухани-моральдық ұс­тындарды анықтау ғылыми-техникалық тіректерді көрсетуден әлдеқайда қиын. Өйткені ол заттық, мұра­ғаттық, жәдігерлік айғақ көмегімен анық­талмайды. Ұғымдық-қисындық жолмен дәлелденетін бұл құн­дылықтарды реттеу, бірінші кезекте, зерттеуші-ғалым­дардың атқарар шаруасы.

Ішкі және сыртқы саясаттағы хандықтың беделін көтерген отаншылдықты, ауызбіршілікті, иерархиялық реттілікті, бір пейілділікті, бір танымда болуды қалып­тастырған ментальдік құндылықтарымыздың бірі — биліктің киелілігі жөніндегі ұғым. Бұл ұғым өзінің бас­тауын қасиетті Құран мен хадистерден және хал­қымыз әулие тұтып, қастерлеген тұлғалардың өсиет сөздерінен алады. Осы орайда айта кету керек, бұл — халқымыздың биік діни сауаттылығын, исламдық қағидаларға сенімінің, яғни иманының күштілігін де танытатын даралық. Қасиетті Құранның «Ниса» сү­ресінің 59-аятында: «Ей, му’миндер! Сендер Аллаға бойсұнсаңдар, пайғамбарларға бойсұныңдар әрі өз­деріңнен болған әмір иелеріне де» деп айтылған. Осы аяттан шығатын көптеген хадистер де бар. Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Әрбір әкімге, әмір­ге бағыныңыз. Имамға ұйып, намаз оқыңыз. Сахаба­ларды сөкпеңіз» десе, келесі бір хадисте: «Сұлтанды (патшаны) сөкпеңдер, өйткені ол — Алланың жердегі көлеңкесі» деген. Патшаны құрметтеу және оған бой­сұну туралы бұдан басқа хадистер де көп. Аят, хадис және әулиелердің сөздеріне қапысыз сенген халқымыз бұл құндылықтардың тек қана жақсылық­тарға, жар­қын болашаққа бастайтынына, ал оны мансұқтау әр­дайым киеге ұшырататынына, рухани және мате­риалдық апаттарға ұрындыратынына қы­лаудай күмән келтірген жоқ. Осыдан келіп, биліктің киелілігі туралы түсінік әрі мемлекеттік, әрі ұлттық идео­логиямыздың басты ұстындарының біріне ай­налды. Ал бұл идеяны халыққа тарату ең алдымен ақын-жыраулардың мін­детінде болды. Олар бұл қасиетті міндетті аса зор ыж­даһатпен атқарды. Со­ның жемісі болып, халқымыз бас­шыны құрметтеуді Құдайға құлшылық есебінде, ал билікке қарсылықты кәпірлік қатарында қабылдай­-тын санаға жетті. «Маджма ат-тауарих» атты авторы белгісіз жазбада мұсылмандардың патшаға қарсы­лықты дінге қар­сы­лық деп есептейтіні айтылады (Қараңыз: Бартольд И.И. Сочинения. Т ІІІ. М., 1965, с. 19.). Халықтың өз тағдырын ел басшысына сеніп тапсыруы «Екі тізгін, бір шылбырды бердік саған» деген сертпен рәсім­делетін болған. Оның басты дә­не­кері де сөз ұстаған­дар еді.

Ақын-жыраулар билікті қастерлеуді жеке баста­рының үлгісінде көрсетті. Бұл жерде іс пен сөздің бір­лігі көрініс тапты. Олар көбіне хандардың ақылшы­сы, кеңесшісі қызметін атқарды. Оларға шын жанашыр­лық танытты. Билеушімен өздерінің мүдде алшақтығы бой көрсеткен тұстарда да қазіргі кейбір оппозиция­лық топтар сияқты жеккөрініш пен ызаға бой алдыр­ған жоқ. Ақын-жыраулардың ілуде бір хандарға айтыл­ған сыни өлең-жырлары да шын жанашырлықтың көрінісі болды. Олар билікті қастерлеуді Құдайдың әмірі деп қабылдағандықтан, жағымсыз әсер туғыза­тын жағымпаздық кейіпте көрінуден де қорыққан жоқ. Қайта олар бұл жолда өздерінің де, бағынышты жұрт­тың да жанын аямайтындықтарын жырға қосты. Ел басшысын дәріптеудің бұл үлгісінің тарихы әріден бас­талады. Мысалы, Жүсіп Баласағұни «Құтты бі­лі­гінің» Табғаш-ұлығ Бұғра Қараханға бағыштаған бөлімінде:

Бегім ұлы хақан болды нұрландым —

Қабыл қылса, бердім, жаным — құрбандық, —деп жырласа, осы жанпидалық ниетті қазақ ақын­дары беріге дейін үрдіс қылып келді. Шалкиіздің Би Темірге:

Керекті күн алдыңда

Ғазизленген сұлтан жаным аяман! —дегені, Доспамбеттің:

Ер Мамайдың алдында

Шаһид кештім, өкінбен! —

деп жырлағаны, Бұқар жыраудың Абылайға арнап:

Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай?! —деп айтқаны — осының дәлелі.

Жыраулар мен ақындар өздерін хан-сұлтандар алдында құл сипатында көрсетуге тырысқан. Бұл — бір жағы, жоғарыда айтылғандай, Құран бұйрықтарына тәсілім ету болса, екінші жағынан, пайғамбарымыз «ұлы күрес» («жихад әкбар») деп атаған, Қожа Ахмет Йассауи бабамыз арқылы берік рухани дәстүр болып орныққан өз нәпсісіне үстем болу жолындағы пи­дайылық көрінісі. Яғни басшыға құл болу Құдайға құл болудың алғышарты деп саналған. Сондықтан да «құл», «шора», «пақыр» сияқты лақап есімдерді хақ жолда жүрген әрбір жан шын ықыласпен қабылдаған. Шалкиіздің Би Темірге айтқан:

Көбең семіз торыңмын,

Көп құлыңның бірімін, —

Немесе:

Сен — алтынсың, мен — пұлмын,

Сен — жібексің, мен — жүнмін,

Сен сұлтансың, мен — құлмын, —

деген сөздерін айтсақ та жеткілікті. Тіпті Есім ханға қарсы сөз айтып отырған Жиембет жыраудың өзі:

Жұмыскерің мен едім,

Сатып алған құлыңдай, —

деп мойындайды.

Билікті қастерлеу дәстүрі қазақ халқының этни­ка­лық негізін қалаған ру-тайпалар арасында да көздің қарашығындай сақталған болатын. Ал исламдық құн­дылықтар бұл дәстүрге қайта жан бітіріп, баяндылығын күшейтті. Алайда көне түркі дәуіріндегі басшыларды мақтау үлгілері бізге жоқтау түрінде жетті. Бұл — бір жағы жоқтаулардың хатқа түсіп қалуымен байланыс­-ты болса, екінші бір жағынан, көне замандардағы сөз өнерінің синкретизміне де қатысты. Қалайда жанрлық тұрғыдан қарағанда, мақтаулардың жоқтаумен та­мырластығы әрдайым көрініп тұрады. Махмұт Қаш­қаридің «Диуан лұғат-ит түрігіндегі» Алып Ер Тоңаны (Афрасиабты) жоқтау — халық аузында сақталып қал­ған осындай мақтаудың ең жарқын үлгісі. Сондай-ақ көне түркі жазбаларында ел иесіне шексіз бағыну ке­рек­тігін айтқан өсиет сөздер де аз емес. Мәселен, Күл-Тегіннің Кіші жазбасында: «Жоғары тұрған қаған­ның өзін де, сөзін де тыңдамай, жан-жаққа қаңғырып кетті. Ол жақта әлсіреді, күштерінен айырылды» (Стеб­лева И.В. Поэзия тюрков VІ-VІІІ веков. М., 1965, с. 69-70.) деп, басшыға бойсұнбаудың нендей қайғыға ұрындаратынын көрсетсе, Суджа жазбасында: «Ханға қызмет ет! Ер бол!» (Сонда, 13-14 б.) деп бұйырады, өсиет етеді. Бұл сөздер қаншама ғасырдан кейін айтылған Нысанбай жыраудың:

Кенекемнен айырылып,

Шіл боғындай тарадық.

Көрінгеннен қорғалап,

Кісі аузына қарадық, —

деген жыр жолдарымен егіздің сыңарындай үндесіп тұр. Ал Бұқар жырау болса, билік киесіне ұрынудың қасіретін өзге жұрттардың мысалында көрсеткен.

Кіші қара қалмақ бүлерде

Бозылардың билігі

Бұлт бұрқан болысты,

Уағыдадан жылысты,

Буыршындай тіздесті,

Жамандықты іздесті,

Бірін-бірі күндесті.

Жаулаған ханын қара оңбас,

Хан қисайса, бәрі оңбас.

Ханын қалмақ жаулаған,

Сөйткен қалмақ оңбаған.

Сол қалмақтың жұрты еді-ау

Үш Қарқара, Көктөбе

Ит те ұлып қалмаған, —

дейді ол бұл туралы. Абай да өзінің қара сөзінде на­мысқойлық пен ел басшысын құрметтеу сияқты екі ұлттық қасиетімізді жоғалтқандықтан, елдіктен алыс­тап бара жатқанымызды, ел болып қалу үшін осы екеуін қайта қалпына келтіру керектігін көрсеткен. Біз осыған әлі де жете мән бермей келе жатырмыз десек, артық айтқандық емес.

Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін, тауил­дік-танымдық, рухани-тағылымдық, қоғамдық-идео­логиялық, көркемдік-эстетикалық қызметтерді қатар атқарған сопылық әдебиет өзінің адресаттық ерекше­лігіне орай диуан әдебиеті және дәруіштік поэзия болып екі сипатта көрініс тапты. Оның алғашқысы жазбаша сауатты ел билеушілері мен сарай қызмет­керлеріне арналып, сөз шеберлігін ғана емес, жазу мә­де­ниетінің, көркем жазудың жетістіктерін де поэ­тикалық құралға айналдырса, екіншісі қарапайым ха­лыққа бағытталып, ауызша тарады, соған лайықты мұнда халық поэзиясының дәстүрлері басты орында көрінді. Әсіресе, диуан әдебиеті сарай қызметкерле­ріне арналғандықтан, мұнда патшаларды мақтап-дәріптеулер сөзсіз орын алды. Диуан әдебиетінде Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып, сахаба­-ларға Алланың разылығын тілегеннен кейін патша­ларға дәріптеулер бағышталатын. Біздің төл әдебиеті­міздің тарихында Ж.Баласағұни, А.Югінеки, С.Сарай, Құтб сияқты сопы-ақындар шығармашылығы адре­саттық, поэтикалық тұрғыда диуан әдебиетіне жақын тұр. Оларда осы айтылған ретпен патшаға арналған мадақ жырлар бар. Атап айтсақ, Ж.Баласағұни «Құтты білігінде» Арыслан ханнан туған Әлі Хасанның баласы Табғач-ұлығ Бұғра Қараханға, А.Югінеки «Ақиқат сыйында» Ыспаһсалар бекке, С.Сарай «Гүлстан бит-түркиінде» Бәтхасбекке, Құтыб «Хұсрау-Шырынында» Шаһзада Тыныбек ханға осы дәстүр ізімен мадхия бағышған. Бұларда билеуші бектер мен хандардың дін жолындағы мінсіз қызметі, батырлығы, жомарттығы, әділдігі, қайырымдылығы көкке көтере жырланады.

Қожа Ахмет Йассауидің «Диуани хикметі» өзінің та­биғатымен дәруіштік поэзияға көп жақын тұрады. Бұл туынды сарай қызметкерлері емес, қарапайым халық­қа арналғандықтан және автор исламдық дәс­түр­ден алыс биліктің қоластындағы мемлекетте (қара қы­тай­лар мемлекеті) тұрғандықтан, мұнда патшаға ба­ғыш­талған мадхиялық бөлім болған жоқ. Оның есесіне Йассауи өзі негізін қалаған сопылық мектептің негізгі төрт шартының бірі етіп рабт-и сұлтанды, яғни ел басшысын құрметтеуді бекітті. Яғни Йассауи биліктің киелілігі туралы танымды көпшілікке сөз арқылы емес, іс арқылы сіңірді және ол баянды болды. Қазақ ақын-жыраулары бұл дәстүрді өздеріне Йассауи ілімі арқылы қабылдады деп сеніммен айтуға болады. Қазақ жырауларының ішінде бұл дәстүр, әсіресе, Бұқар жы­рау шығармаларында айқынырақ көрініс тапты. Ес­кі­ше сауатты болған жыраудың Абылайға қатысты тол­ғауларынан диуан әдебиетінің де сипат­тары көрініс беріп қалады. Мәселен, оның: «Күллі әлемді қаратқан Ең алдымен Алланы айт» деп бас­талатын тол­ғауын­да, Аллаға, пайғамбарға, төрт шар­диярға, ғалымдарға, Құранға, иманға және әділ пат­шаға мадақ арнауды насихат етеді. Оның Абылай ханды:

Ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген,

Жомарттығын Атымтай жомарттан өткерген, —

деп мақтаған сөздері де диуан әдебиеті үлгілеріндегі дәріптеуді еске салады.

Ханға мадақ айтудың елеулі бір тобы — жорық жырлары. Мұндай жырлар Марғасқа, Тәтіқара, Үм­бетейлерден бастап, Базар жырауға дейінгі сөз ұста­ларының шығармашылығынан орын алған.

Кеңес дәуірінде көпшілікті игілікке бастайтын ұлттық құндылықтарды мансұқтаудың белсенді жүр­гізілгені мәлім. Социалистік идеология хан-сұлтан, бек­терге мадақ айтқан ақын-жырауларды терістеу бағытында «сарай ақыны» деген тым жасанды термин ойлап тапты. Бұл терминнің орынсыздығы оның билік иесін дәріптеген барлық сөз иелеріне қолданыла ал­мағанынан байқалды. Бұл атауды әлем мойындаған сопы-ақындарға, халық құрметіне бөленген жы­рау­ларға қатысты ешбір зерттеуші жұмсай алған жоқ. Ол танымалдылығы біршама аз авторлар шығармашы­лығын бекерге шығару пиғылында-ақ пайдаланылды. Қазақ әдебиеті тарихында бұл үдеріс Жанұзақ, Байтоқ сияқ­ты ақындардың ғана шығармашылығына қатысты кө­рініс берді. Ал шын мәнінде, олардың да Жәңгір ханға арнаған мақтаулары айтылып отырған игі дәс­түрдің аясында туған еді. Сондықтан да бұл мұраны бүгінгі күн биігінен қайта қараудың мәні зор екенін айта кетуіміз керек.

Ел басшысын дәріптеу қазақ сөз өнерінің кеңестік дәуірінде де заңды жалғастығын тапты. Алғашқы басшы Ленинді дәріптеулерден сол тұстағы қазақ ақын­дарының тыс қалғаны кемде-кем. КСРО құра­мындағы барлық республикалардың әдебиетіндегі сияқты қазақ ленианасы мәдениет пен сөз өнері та­рихынан орын алды. Ол туралы тоқталып жатудың қажеті жоқ, көпшілікке белгілі жайт. Ал қайшылығы мол И.В.Сталиге арналған мадақ өлең-жырлары жөнінде айтылар әңгіме аз емес. Бұл өлеңдер қазірге дейін жеке басқа табынудың жемісі ретінде бағаланып келе жатыр. Олардың биліктің киесі туралы түсінікке қатысы барлығы мүлде ескерусіз қалуда. Шындығында, билікті кие тұту — жеке басқа табыну емес. Билік билеушімен қасиетті емес, керісінше, басшы билік­тің киелілігінің арқасында ғана құрметтеледі.

Сталинді мақтау да Ленинді мақтаудан аспаса, кем түскен жоқ. Алайда бұл шығармалар кеңестік билік тарапынан да, ұлттық мүдде тұрғысынан да екі рет мансұқталып, шаң басқан мұрағаттық қорларға жол тартты. Мұның алғашқысы Н.С.Хрущов кезіндегі «жеке басқа табынуға» күрес ашумен, кейінгісі Тәуел­сіздік дәуірінде сталиндік режимді әшкерелеумен байла­нысты. Алғашқысы таза саяси ойындардың жемісі болса, соңғысында әсіреұлтшылдықтың әсері жоқ емес әрі бұл шығармалардың рухани маңызына үңіл­меудің де салдары бар. Үстірт қарағанда, жағым­паз­дықтың нәтижесіндей көрінетіндіктен, бұл жыр­лар­дың көпке құрани негізде тағылым беретін құн­дылықтық жағы ескерусіз қалды. Ұлтымызға жақсылық ойлай қоймайтын пиғылы да, амалы да жат өзге ұлт оқымыстысымақтары отқа май құйып, бұл туынды­ларды одан әрі құбыжық етіп көрсетуге күш салды. Аталмыш үдеріс, әсіресе, Жамбыл шығармашылығы айналасында көбірек өрбіді. Жамбыл туралы Д.Шос­такович, А.И.Алдан-Семёнов, Д.Быков, А.Розенбаум­дардың айтқан қиғаш пәтуасымақтары тіпті біздегі қоғамдық пікірге де көлеңкелі әсерін тигізе бастаған еді. Бұл жайт Ғ.Құлахметовтің «Жамбыл — сталинист пе?» (Арай. № 10, 1989.) деген, Ә.Бағдәулетқызының «Жамбыл — жасанды ақын ба?» («Адырна» ұлттық-этнографиялық порталы. 4 наурыз, 2011.) атты мақа­лаларында жақсы тәптіштелген. Егер аталмыш өлең-жырлардың ұлттығымызға тигізетін пайдасы бол­маса, қарау ойлылар дәл бұлай терістеу бағытында жан­таласпас еді.

Сталинді қазақ ақындарының, әсіресе, Жамбыл­дың дәріптеулерінің жөні бөлек. Олар — әдебиетіміз­-дің көне тарихынан бері үзілмей келе жатқан имани мазмұнның көркем пішін тапқан үлгілері. Бір өкі­ніш­тісі, осындай маңызды құндылық науқаншылдық ұран­дардың тасасында қалып қойғандығы.

Қазақ ақындарының Сталинді дәріптеулері көне дәстүрдің жалғастығы болуымен бірге, оларда дүр­мекке ерудің де әсері бар екенін жоққа шығара ал­маймыз. Алайда қазақ ақындарында мұның алғаш­қысы жетекші орында. Осы тұста Ә.Бағдәулетқызы­ның М.Мағауинге қатысты бір естелігін келтіре кету керек. Онда: «Бірде Мәскеудегі әріптестерінің бірі: „Сіздер Жамбыл Жабаевты әлі құрметтейсіздер ме? Ол Сталинді мақтаған ғой“ дейді. Сонда Мағауин: „Ста­линді ХХ ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова да мақтаған. ХХ ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақ­таған. Басқаларды тізбелемей-ақ қояйын. Бірақ со­лар­дың бәрі де Жамбылдан артық келістіріп жырлай ал­маған. Өйткені олардан Жамбылдың ақындық та­ланты артық еді“ депті» (аталған мақалада) делінеді. Ал біз Жамбыл мадақтарының орыс ақын-жазу­шы­ла­рынан артықтығы тек ақын талантының биіктігі­-нен ғана емес, бұл туындылардың имани негізінің мық­тылығы мен риясыз жырланғандығында демекпіз. Жамбыл Сталин туралы толғауларының бәрінде дерлік тереңнен қаузай, эпикалық кең құлашпен, дәс­түр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, шынында да, теңдессіз жырлайды. Бір өкінтерлік жағдай — осын­дай көркемдігі күшті, тағылымдық мәні зор туынды­лардың жалған намыс, таяз таным кесірінен ақынның кейінгі жинақтарына енбей жатқаны. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжаз­-ба қорында Сталин туралы ақын өлең-жырларының алғашқы нұсқалары сақтаулы. Онда жыр алыбының саяси сақтықты қаперіне алмастан, шын шабытпен төккен сөздері, оларды хатшыларының қалай өңде­гендері тайға таңба басқандай көрініп тұр. Егер осы­ның бәрі көрініс табатындай етіп, ақын шығарма­ла­ры­ның ғылыми басылымы дайындалса, «Жамбыл — қолдан жасалған ақын» деп қаңқу таратып жүргендердің кө­мейіне құм құйылар еді.

Ескере кетерлік және бір жайт — Сталинді сол тұс­тағы қарапайым халықтың шын жүректен құрметте­гені. Майданда жауынгерлердің «Сталин үшін» деп ұрандап, өздерін танкінің астына тастағандары — тарихи шындық. Алтын Орда үстемдігінің арқасында биліктің киелілігі туралы ұғым орыстың ұлттық са­насына да сіңірілген болатын. Алайда патшаны тақтан тайдырған А.Ф.Керенский үкіметі, Романовтар әуле­тін түгел оққа байлаған Ленин саясаты бұл қасиетті ұғымды қоғамдық санадан өшіре бастаған еді. И.В.Сталин осы дүниетанымдық құндылықты қайта қалпына келтіре алды десек, артық айтқандық емес. Қазақ ақындарының Сталин туралы зор шабытпен жырлауының тағы бір себебі осында жатыр. Ал Жам­былдың хан-сұлтандарды жас кезінен-ақ қастерлеп, құрметтегені, рабт-и сұлтан шартын берік ұстанғаны оның Шәбденге, Сыздық сұлтанға арнаған өлеңде­рі­нен-ақ көрінеді. Оның Сталинді марапаттаған жыр­ларының шынайылығының осындай жан-жақты се­бептері бар.

Діні бөлек басшыны да құрметтеудің имандылық негіздері бар. Б.Бейсенбаев «Басшыға бағыну — парыз» деген мақаласында Әнас ибн Мәлік арқылы жеткен «Тыңдаңдар, бойсұныңдар, тіпті егер сендер­дің үстеріңнен басы мейіздей болған хабәшилік құл билік жасаса да» деген хадис пен «Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс, ал мұсылман емес болса, құлақ асу қажет» деген Хазіреті Әлидің сөзін келтіреді және осы мазмұндас хадистер мен сахабалардың сөздері көп екенін айтады (Ислам және өркениет. 2 сәуір, 2012). Демек, қазақ ақын-жырау­лары діндес емес басшыны дәріптеуді де имандылық тұрғысынан құлшыныспен атқарған. Мұның ең жар­қын мысалын Қ.Жалайыридің «Жамиғат тауарихы­нан» көреміз. Онда Борис Годуновты «Жүмләт ул-кристиан падшаһ хазратлары Барис Федурауч улуғ бек ақ хан дур. Та’риф ием даулаты дур, мадх исмі ишарат байаны раби ла йазал аз мулкуң уа алнас та’риф. Айналасы алты хан, төгүрэгі төрт хан ду­нийа­ның төрт бурчын билеген хан. Халайиқын ’адллік бі­лән сурған хан. Йетимлерге рахим қылыб, чығайларны тойдурған хан. Қыш уа йаз, ай уа йыл хазина да бар малын хақ йолында ихсан қылған хан» деп асқақ­татады. Ал «Тағда туман, қырда черкес, ойда ештек — барча тасрафында хан» дегені жыраулық тол­ғаулармен үндеседі. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы да «Айқап» журналында шыққан бір мақаласында қазақ халқын Николай патшаға дұға қылуға шақырған болатын. Демек, Жамбылдың Сталинді мақтауы — діни тұрғыда да қуатталатын іс.

Ұлттық құндылықтарды түп-тамырымен жоймақ болған тегеурінді күштің бірі — кеңестік саясат. Қазақ әдебиетінен өшпестей орын алған билік иесін дә­ріп­теуді жиіркенішті етіп көрсету барысында кеңестік идеология Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін, әсі­ре­се, «Жәңгір ханға айтқанын» пайдаланды. Қазір бұл өлеңді жатқа білмейтін қазақ жоқ десе де болады. Бұл өлең көркемдік-пішіндік тұрғыда қазақ поэзиясын­дағы дәстүр аясында жасалғанымен, контекстік-маз­мұндық тұрғыда алабөтен өзгешелігімен көзге түседі. Ол, әсіресе, Марғасқаның хан Тұрсынға айтқанымен жолма-жол ұқсас болғанымен, одан утилитарлық мәні жөнінен мүлде бөлек. Марғасқа даттау өлеңін екінші бір хан Есімнің көзқарасы бойынша шығарса, Ма­хам­бетте ол тек өз атынан айтылады. «Ханның басын хан алар» деген қағида бойынша, қараның ханды тікелей даттауы, оны көпшілікке жария етуі — қазақ жұрт­шылығының, әсіресе, сол тұстағы әлеуметтің мүлде құптамайтын ісі. Кейде астары терең ақиқаттар ащы шындық арқылы ашылады. Махамбет дүниета­ны­мы­ның осындай қазақы ұстанымдарға қайшы келген тұстары болғаны тарихтан белгілі. Көп зерттеушілер Жәңгір ордасын шабуға байланысты ақынның Иса­тай­мен арадағы келіспеушілігі Исатайдың аңғалды­ғынан болды деп, бар кінәні соған аударып, жауырды жаба тоқығысы келеді. Шын мәнінде, мұндай алдауға қол бастаған Исатай тұрмақ, жас баланың да көнуі не­ғайбыл. Ондағы мәселе басқада. Шындығында, Иса­тайдың киеден қорыққаны байқалады. Сол кезде бар­лық қолдың Исатай жағында болғаны да осыны қуаттайды. Бұл туралы М.Әуезов «Махамбеттің өмірі» атты мақаласында сол кездегі идеологияға орай ашық болмаса да, тұспалмен жеткізген болатын. Бұл көте­рілісті тереңірек зерттеген Ә.Сарай Исатайдың дәл осы жайға қатысты: «Ей, халайық! Мынау Махамбет менің басшылығыма риза емес, жалғыз өзі бүйректен сирақ шығара береді» деп айтқанын келтіреді (Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы. А., 2010, 270 б.). Мұны жазушының халық аузында сақталған әңгімеден ал­ғаны күмәнсіз.

Махамбеттің Исатаймен бұл түсініспеушілігі жай екі адамның арасындағы көзқарас қайшылығын ғана емес, ақын дүниетанымының қазақы сана типінен елеулі айырмашылығын да көрсетеді. Исатайдың түптің түбінде төре тұқымы Қайыпқалиды хан сай­лағысы келгені де (сонда, 406-407 б.) оны ақсүйек атаулыға жаны қас Махамбеттен бірден ерекшелей­ді. Махамбеттің шыққан тегін ғана емес, осындай қа­зақылыққа қайшы көзқарастарын білгендіктен де болса керек, би-сұлтандар үнемі оның кірмелігін еске салып жүрген. Ол туралы ел аузында сақталып қалған әңгімелер де бар. Әйтпесе, жыраулық дәстүрді өте жетік меңгерген, қазақ сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Махамбетті қазақ емессің деу қисынға келмес еді. Бұл жердегі мәселе дүниетанымда екені тереңірек үңілген адамға ғана айқын болмақ. Ақыннның өзі де «Жалғыздық» деген өлеңінде:

Қаумалаған қарындас,

Қазақта бар да, мен де жоқ, —

деген, Баймағамбет сұлтанға айтқанында:

Қай қазақтан кем едім,

Бір қазақпен тең едім, —деген сөздеріндегі ментальдік жатсыну дүниетанымдық негізде туып тұрғаны күмәнсіз. Ақынның ұлттық та­ным мен көзқарас қайшылығы, әсіресе, билік киесі жөнінен көрініс тапқан.

Махамбеттің «Жәңгір ханға айтқаны» қазіргі қазақ қауымына мектеп жасынан мықтап сіңірілгендіктен және соның әсерінен билікке қарсы оппозициялық көзқарас білдіргендерді батыр, ал ел басшысын мақ­тап-марапаттаушыларды жағымпаз деп есептейтін қате көзқарастың байқаусыз түрде белең алып бара жатқаны жасырын емес. Сол себепті Махамбеттің «Жәңгір ханға айтқанын» оқулықтардан алып таста­масақ та, оны оқыту әдістемесіне, оның интерпре­та­циясына қайта көңіл бөлу керек.

Бүгінгі күні де Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа ар­налған, оның тұлғасын асқақтатқан өлең-жырлар аз жазылып жатқан жоқ. Ғ.Қайырбеков, Т.Молда­ға­лиев, Т.Медетбек, Нұрғожа Ораз, М.Ыбыраев сияқ­ты ақындардың осы тақырыптағы жүрекжарды жыр­­лары — қадым замандардан келе жатқан қасиетті дәс­түрдің игі жалғастығы. Халқымыздың сыртқы әсерге бой ал­дырмай, әрбір Президент сайлауына белсенді түрде қатысып, әр жолы Нұрсұлтан Әбішұлына басым­дықпен дауыс беруі де осы дәстүрден айнымағанын көрсетеді. Жұртымызға осы қасиетті ұстанымды терең сіңіре алған ақын-жыраулардың тарих алдындағы еңбектері ерен!

Билік киесі жөніндегі ұғым өзге де көне түркілік рухани құндылықтар сияқты ерте замандардан желісі үзілмей келіп, қазақ хандығы құрылғанда, оның идеологиялық негіздерінің біріне айналды. «1466 жылы қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихы үшін белесті жыл болды. Бұл оқиғаның саяси һәм қо­ғамдық мән-маңызы Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғандығында жатыр» дейді Елбасымыз (Назарбаев Н.Ә. Тарих тол­қынында. А., 2003, 208 б.). Ал мемлекеттің ұлттық си­паты осындай киелі ұғымдарды идеологиялық негіз етумен айқындалатыны рас. Алғаш пайда болған кезде-ақ имандылық, ұлттық негізде жүзеге асқан мем­лекеттігіміздің баяндылығына қызмет етіп келе жатқан қасиетті ұғымдардың бірегейі — биліктің кие­лілігі. Сондықтан да оны жас ұрпаққа ұғындыруы­-мыз, сіңіруіміз, насихаттауымыз керек.

Болат ҚОРҒАНБЕКОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті

_____________________________________________

Қалай-қалай көсіледі қасқаң! Айландырып əкеліп топ еткізді.Махамбеттің өлеңдерін оқулықтан алып тастау керек дей ме?Өйткені ол ханға қарсы шығып,жас ұрпаққа жағымсыз үлгі көрсетеді.«Сталиннің туфлиін махаббатпен жалаған»*** кей жырауларымыз секілді,нəнді əн қылу керек екен!Жалпы қазақ жыраулары билікті мақтап,шашбауын көтерген ,шеттерінен жағымпазданудың шебері болған(Махамбеттен басқасы,өйткені ол қазақ емес мыс...).Қазіргі ақындар осындай тамаша салт дəстірді неге жалғастырмайды екен деп қынжылыс білдіруде!



  • Поделиться

Похожие произведения