Руханият – халықтың жан дүниесі


Руханият — халықтың жан дүниесі

Асылжан Шайдилдаев. «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі

Ұланғайыр Қазақ даласы ұлы Сақ, Ғұн, Түркі, Қыпшақ тайпаларының қара шаңырағы әрі ұйытқысы болған жер. Осынау ұлы даланың көгінде ата-бабаларымыз мәңгілік іздерімен артындағы ұрпағына өшпес мұра тастап, сонау ғасырлар қойнауындағы мәдениетін бізге әртүрлі жолдармен қалдырғанына бәріміз куәміз. Осындай ежелгі ұлы тайпалар Қазақ даласын өздерінің отаны ете отырып, әлемдік адамзат баласының дамуында тарихи ірі мәдениеттерімен үлкен үлес қоса білді. Сол ғаламдық өркениеттің жетістігіне қосылған үлкен үлестің негізі Қазақ халқының ұрпағына берген данагөй тәрбиесі мен рухани құндылықтары дер едім. Халқымыз тарих толқынында қаншама шапқыншылық пен қырғын соғыстарды басынан кешірді, тіптен, қырылып барып қайта еңсе көтерген замандары да аз болған жоқ.

Тарих тереңінен таразылап қарасаңыз халықтың осындай әлеуметтік құлдырауынан қайта жоғары көтеріліп, серпін алуына негіз болатын себептің бірі — руханият қағидасы. Халқымыздың әрқашан «рухың сынбасын, рухани жүдеме» деп айтып жататын салиқалы ойларының барлық тәрбиелік мәні де осында жатса керек. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Рухы биік ұлт қана ұлы істерді атқара алады» деп айтқандағы себебі — елдік тәрбиенің саналы түрде ұрпақтың санасында қалған ата-бабалық жолдың құндылығына сілтегені еді. Шынында да адамдарды ой-саналық құлдық пен азғырушылықтан, жан-дүниенің күйзелісі мен еңбектік жалқаулықтан құтқаратын бір ұлы тылсым дүние бар, ол — руханият.. Шын көңілдің көзімен қарай білсеңіз руханият деген — тозығы жетіп, құлдырап бара жатқан білдей бір қоғамды қайта түлетіп, азғындық құлдырауға түскен түпсіз терең шыңыраудан да алып шығатыны ақиқат нәрсе. Өйткені, руханият — адамзат баласының ішкі жан-дүниесінің кеңдігі мен адалдығынан, ой-санасының нәзіктігі мен жоғарғы сипатта дамуынан, әділеттілік үшін күресе білетін белсенділігі мен ізгі ниетті қайырымдылығы тұрғысында қалыптасатын рухани ішкі әлемдердің жиынтық дүниесі. Ал, бұл дегеніміз — адамгершілік, ар-ұят пен адами қасиеттердің мәдени құндылықтарын мейірімділік аясында өн бойына сақтап, қастерлеп, оны әрекетке айналдыру қабілеті деген сөз. Әрине, ол мұнымен ғана шектеліп қоймайды, сонымен қатар, адам дейтін салиқалы жанның тарихы, әдебиеті, өнері мен ата-бабадан қалған даналық жолдарын, әрі тәрбиелік мәні зор ғылыми, біліми салт-дәстүрлерінің дамуына да ықпал ететін ұлы күш. Күн нұрындай жарқырап жан-дүниеңе сәулелі шуағын шашып, сезіміңді сергелдеңге сала отырып, ой-санаңды теңіз толқынындай толқытып әкететін де осы рухани дүниелер. Қас-қағым бір сәтте шырмауықша шырмалған жалаң ойлардан да арылтып, жаныңды жай шуаққа бөлейтін де түпсіз терең шыңырау шұңқырынан да сені алып шығып, есіңді жиғызатұғын, әрі саған демеу болып қара күштің атасы мен батасын да беретін де осы — ата жолы ұлттық тәрбиеден бойыңа сіңген рухани азықтар ғана. Міне, бабаларымыз сол үшін де адамзатқа сарқылмас азық пен от болар руханият қағидатын ұрпақ қамы үшін бірінші жолға қойып, әлеуметтік саланы екінші жолға қойды. Тарих толқынданып өте береді, өмір өрескел ісін көрсете береді, тек, рухани дүниелер ғана саған мәңгілік жолбасшы болып, өмір өзеніңнің арнасын кеңейтуіңе жол ашады. Осыны білген біздің ата-бабаларымыз қандай данышпан десеңізші?! Қазақтың біртуар ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейханов: «Рухани мәдениеттің бір белгісі — жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу» — деп айтып кетіпті. Ғұламаларымыз мұның бәрін жайдан-жай айтып кеткен жоқ, көзге көрінбес, сөзбен айтып жеткізе алмас мәдени азықтардан нәр алып, сол арқылы адам болып қалыптасуды әрі ұлттық бірыңғайлықты сақтап қалудың жолы екеніне сілтегені.

Әрине, біздің тақырыбымыз адамның жетілуіне негіз болар ой-сананың дамуының бастамасы ретіндегі ақыл, сезім және қазақи тәрбиеліктің түп қазығы — руханият жайында болған соң, соның өзегін қаузап жатқанымыз ғой. Заманға қарай адамы, адамына қарай қоғамы қалыптасатын жаңашылдық дәуірдің жаңа белестері мен сатыларын бастан кешіріп келе жатқан біздерге, қазіргі таңда, рухани байлық әбден керек-ақ. Ол елдің дамуына, халықтың азып-тозбауының алдын алатын қорғаныш есебіндегі қамал секілді болмақ. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Ұлттық код» дегеніміздің өзі осы — руханият ғылымы. Ал, сол рухани ғылымды бала кезден өн бойына бабаларынан қалған тәрбиелік ілім ретінде сіңдіріп, игеріп, дарытып алған ұрпақтың санасына ешқандай да өзге ұлттың саяси арам ойларының ешқайсысы да бұзып-жарып кіре алмайды. Яғни, ол — сол ұлттың рухани коды. Міне, Елбасының айтып отырған ұлтты сақтаудағы құпия жады дегеніміз — осы. Ал, қазақтың ғұлама жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз: «Рухани әлемі кең, рухы биік ел — қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл» — деп, нақты пәлсапалық ойымен рухани базарда қайнай білуімізді айтып, нүктесін қоя білді.

Иә, осындай мақсатта айтылған рухани жаңғыру бағдарламасы аясында осылайша келелі істер мен жұмыстардың талайы қолға алынып, жақсы нәтижеге бастап келе жатқаны қуантарлық жағдай. Бұл біздің жалпы ұлттық еңсемізді көтеруге, болашаққа деген нық қадаммен жол бастауымызға негіз болатын көзге көрінбес ішкі жан-дүниеміздің ата заңы болады. Ал, рухани ата заң — қоғамның шыңыраудан шынайы шыңға шығуына алып шығатын жол. Ол халықтың рухын көтеретін және оған демеу боларлық мәдени нысандардың көптеп салынуымен де маңызы арта түседі. Сондай рухани жаңғыру мен руханият ғылымының дамуының бір дәлелі 2019 жылғы Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай, мерейлі мереке қарсаңында, Тараз қаласында ашылған «Көне Тараз тарихи этно-мәдени кешені» болып табылады. Еліміздегі сондай тарихи-мәдени кешен — аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың қолдауымен тұңғыш рет тарихи мұраларға бай өлкелердің бірі-қасиетті Жамбыл өңірінде ашылды. Міне, қазіргі кезде біз осынау ұлы Қазақ руханиятының бір ошағы болып саналатын Тараз қаласындағы «Көне Тараз тарихи этно-мәдени» кешенінің ашылуына куә болып отырмыз.

Тараз өлкесі ежелден бері ірі өркениеттің ортасы болған жер ғой. Сондықтан да, мұндай мәнді де мағыналы мәдениет ошақтарының қасиетті Тараз қаласынан ашылуы — бәріміз үшін де үлкен мақтаныш болды. Әрине, мәселе бұл кешеннің азиялық бейнеде ашылып, Таразға тарихи көрік бергенінде емес, қайта жоғалғанымызды тауып, ұмытқанымызды еске түсіріп, салт-дәстүріміздің, тарихымыздың, әдеби мұраларымыздың өзімізге оралғаны еді.

Мұны айтып отырған себебім, аталған кешен ішінде ерекше атап айтар мекеме Қазақтың бірегей жазушысы, «Қазақтың бас редакторы» атанған ұлы сөздің шебері Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы болатын. Аталған мекеменің аты айтып тұрғандай ұлттық кодымыз болып саналатын рухани құндылықтар мен сол құндылықтардың негізі ретінде айқындалатын ата-баба тарихының ғылыми тұрғыда зерттеліп, бір орталыққа жиналатыны және оны кейінгі ұрпақтың жадына сіңдіре алатындығымызда. Үш мың жылдық тарихы бар халқымыздың атадан балаға қалып келе жатқан қасиетті тәрбиесі мен киелі рухани білімдерін «Руханият» атты үлкен ғылыми орталықтан еліміздің жаһандану заманындағы жаңа ғасырдың жаңшылдық тәрбиесіне бейімдей отырып, өзіміздің түпкі тарихымызда сараланған салт-дәстүр мен қазақи тәрбиені, дала философиясы мен тек қазақта ғана кездесетін тапқырлық, шешендік секілді рухты көтеретін рухани ғылымымызды жаңғырта дамыту болатындығы.

Аталған ғылыми орталық ашылғалы бері еліміздің зиялы қауымдары мен облысымыздың көпті көрген қария ардагерлері, ел ақсақалдары мен ақын-жазушыларымыз осы «Руханият» орталығында бас қосып, келелі мәселелердің болашақ жоспарын талқылап, өз ойлары мен шынайы игіліктерімен бөлісті. Жамбыл жұртшылығының рухани байлығы болған мекемеге ақ баталарын беріп, болашағынан зор үміт күттіретін орталыққа ақсарбас айтып тарқасты. Бұл да болса халықтың рухани дүниеге шын шөліркеп, ізгіліктің ертелі ме кеш пе ортамызға оралғанына ақ жүректің үнімен тіл қатқаны еді. Осыдан-ақ Әулиеата өңіріндегі жұртшылықтың аймақ басшысына деген ыстық ықыласы мен ризашылығын сезінуге болатыны айқын көрінді.

Тек бұл ғана емес, осы мерейлі той қарасаңында Жамбыл өңірінің сонау ерте дәуірден бүгінгі күнге дейінгі аралығын қамтыған тарихы мен әдебиеті терең сипатта ғылыми тұрғыда жазылған «Тараз мұралары» атты көп сериялы 80 томдық кітабын жарыққа шығарды. Бұл — ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан бай мұраларымыздың игі жалғасы болатыны сөзсіз. Әрине, мұндай бір ғана облыстың тарихы мен әдебиеті, мәдениеті мен өркениеті жазылып шыққан 80 томдық көп сериялы кітаптар ешқандай облыста болған емес.

Тарихтың сонау терең жылғаларына қарай жылыстайтын болсақ, Тараз қаласы өзінің даму барысында гүлденудің, өркендеудің және рухани жаңғырудың үш кезеңін басынан кешірді. Оның біріншісі 6-7 ғасырлардағы Батыс Түркі қағанаты кезінде әлемді дүр сілкіндірген бабаларымыз Түркілердің арқасында дүниежүзіне белгілі саяси, рухани астана ретінде танылса, екінші кезеңі бұл — Қарахан мемлекеті құрылған 10-13 ғғ тұсында. Бұл кезде Тараз қаласы нағыз гүлденудің шегіне жетіп, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің, сауда мен ақша айналымының орталығы болып, Шығыс пен Батысты байланыстырушы ең ірі астаналық қалаға айналған еді. Тараз тарихында дәл бұл кездегідей шарықтаудың ең биік шыңына көтеріліп, рухани жаңғыру мен руханият ғылымының дамуына үлес қосқан кезі болған емес. Қарахандар кезеңінде Тараздан ныспысы «Таразилер» деп аталатын 70-ден аса ұлы ғұлама ғалымдардың шығуының өзі осының дәлелі.

Иә, 2000 жылдық тарихы бар Тараз мұнымен де тоқтап қалған жоқ. Қаншама шапқыншылықты басынан өткерсе де рухы биік ұлттың орталығы ретінде жойылмастан 21 ғасырға жетіп, «Мәңгіліктің қаласына» айналды.

Рухани жан-дүниесі бай халықтың өзі де істеген істері де өлмейтіні тарих айқындаған шындық. Сондай шындықтың куәгері болған Тараздың үшінші гүлденуі мен рухани жаңғыруы осы 21 ғасырда қайта жалғасты. Өзінің ежелгі тарихи бейнесіне оралып, бабалар жатқан қасиетті де киелі мекен қайта түледі. «Қасиетті Қаратау әулиенің кені еді» деп жырлаған аталар аманаты орындалды. Ортағасырда қаншама ұлыс пен тайпаның діни салт-дәстүрінің басын біріктірген, бәрінің ортақ мекеніне айналған қасиетті Тектұрмас әулие тауының үстінде Қарахан дәуірінде ел билеген ұлы патша — Қарахан бабамыз тау үстінде көкті жара көтеріліп, елін, жерін рухани түлеткен ел ағалары мен халқына қарап, ұлы батасын беріп жота үстінде мәңгілік тұр. Ұлағатты ұлылардың сөресінен сусындаған, айбыны мен атағы айды жарған, дін мен ғылымды ұштастыра отырып елім деп жылаған қасиетті Әулиеата бабамыз мәңгілік тірілді.

Бұл кім дейсіздер ғой? 11 ғасырда өмір сүріп, Қарахан әулетінен шыққан, 40 жыл ел билеген, Тараз қаласының өркендеуі мен гүлденуіне, білімі мен ғылымының дамуына үлес қосқан, 63 жасында пайғамбар жасы деп түркі әлемінде бірінші рет өз еркімен тақтан бас тартқан ұлы тұлға. Осылайша облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен 21 ғасыр Тараз қаласының үшінші рет рухани жаңғыруы болып, тәбәрік дүниенің тарихында мәңгі қалды.

Біз бұл үшін облыс әкімі А.Мырзахметов мырзаға зор алғыс айтуға тиіспіз. Өйткені, қазақ халқының мыңдаған жылдардан бергі тарихында жалын от сөнуге, бар нәрсе сағымға айналып бара жатқан тұста оларды өшірмей, жоғалтпай қайта тірілтіп, еліміздің рухани кодын жаңғыртты.

Осындай әр елдің өзіндік тарихы, өзіндік мәдениеті, өзіндік рухани даму жан-дүниесі болады. Сол ел осы құндылықтарымен әлем алдында ерекшеленіп, бағаланатыны да белгілі. Өйткені, бұл осы елдің рухани қазынасы бола отырып, халқына ұлтжандылық сезім силайтын ұлттың мәңгілік ұраны болмақ. Мұндай халқымыздың түп тамырынан рухани азық алатын адами-мәдени қазыналар халқымызда жетерлік.

Міне, осындай мәдениетіміз бен руханиятымыз сияқты ұлттық құндылықтарымызды әлемге паш етіп, ата-бабаларымыздың тасқа қашап жазған рухани тарихы мен сол тарихының ішіндегі ұрпағына арнап қалдырған рухани мұраларымызды жүрегіміздің түкпіріне сақтай отырып, бүкіл ел болып қолдауға тиіспіз. Бұл біздің салиқалы түрдегі міндетіміз әрі парызымыз болуға тиісті.

Киелі мекен, әруақты жер — жер жаһанға мәңгілік жаңғырды.

Мәңгілік ел — Мәңгілік руханият өлмесе — халық та мәңгілік жасайды.



  • Поделиться

Похожие произведения