Тараздағы Әулие Қарахан Бабаның Мазарында Кім Жатыр?


ТАРАЗДАҒЫ ӘУЛИЕ ҚАРАХАН

БАБАНЫҢ МАЗАРЫНДА КІМ ЖАТЫР?

Асылжан Шайділдаев

Жамбыл облыстық «Руханият және тарихтану орталығы, Тарихтану бөлімінің басшысы.

Тарих — халықтың айнасы. Өткені мен бүгінін жалғастырушы һәм байланыстырушы әрі адамзат баласының жүріп өткен өмір жолдары. Әр ел осылайша өзінің даму тарихында әртүрлі із қалдырады. Біреулері ұлықталып жатса, біреулері құрып бара жатты. Ал, біз сөз еткелі отырған біздің бабаларымыз — Түркі халықтары — әрқашан әлем тарихында ұлылықпен және ірі мәдениеттің иесі болуымен сипатталып келді. Әлемді жаулаған түркілердің іздері әлі күнге дейін Еуразия даласында сайрап жатыр және қазіргі таңда, көптеген халықтың ел болып ұйысуына ат салысты. Түркі қағанаты, Түргештер, Қарлұқтар, Қарахандар, Қарақытайлар құрған түркі мемлекеттері біздің өркениетіміз бен мәдениетіміздің ең бір мәдени даму жетістігінің шегіне жеткізгенін көрсетті. Ал, біз осы мақаламызда елімізді ортағасырдағы гүлденудің ең биік шыңына жеткізген, ғылым мен білімді жоғары дәрежеде дамытқан Қарахан мемлекеті мен ақсүйектерінің тарихи пайда болуы мен қайдан шыққаны туралы ой қозғамақпыз.

Ең бірінші Қарахан империясының құрылуы мен пайда болуына және оны құрған Түркі ақсүйектерінің тегіне көз жүгіртейік. Қарахан қағанаты алғаш рет тарих сахнасына Х ғасырларда шықты. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Азияны тұтасымен жаулап алып, Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу, Мауереннаһр өңірін өздерінің құтты қонысы етеді. Яғни, Қарахан қағанатының құрылуы ол мемлекеттің құрушысы саналатын Сатұқ Боғра ханның 940 жылы Баласағұн билеушісін тақтан түсіріп, өзін Қара қаған деп жариялауынан басталды дейді. Міне, осыдан бастап тарих бетінде Қарахан деген атау орнығып қалды. Негізі, Қарахан деген аттың өзі қашан және қай ғасырда пайда болған? Әсілі, осы ұлы терминнің шығу тарихының өзі ескі көне көз шежірелерде адамның атымен байланыстырылады. Бұл туралы көптеген ортағасырлық дерек көздері көбінесе оны атақты Оғыз бабаның әкесі ретінде сипаттайды. Әлемді жаулаған Шыңғысхан да өзінің ата-баба шежіресін атақты Оғыз қағанға апарып қосады. Ұлы Әмір Темір де шежіресін жазғанда аталарын апарып Шыңғысханның арғы бабаларымен қосып, ол да Оғыз патшаға барып тіреледі. Яғни, ұлы қағандардың түп аталары, атап айтқанда, Қарахан бабаға, оның ұлы Оғыз қағанға қосылатыны әрине, қызық жайттер екені рас. Бірақ, мұның да түбінде бір шындықтың бары ақиқат қой. Әйтпесе,соншама хандар мен әмірлердің өз ата тегін Қарахан — Оғызға апарып бекер қоспасы белгілі де. Тіптен, қырғыз халқының атақты эпосындағы Манас батыр да өзін қырғыз емес, түп атасын Қараханға сілтейтіні жайдан-жай емес болар?!

Түп атасы Түмен хан,

Түмен ханнан Баюнхан.

Баюн ханнан Шаян хан,

Шаян ханнан Қарахан.

Қараханнан Жақыпхан,

Жақыптың ұлы жас Манас,

Жалпы жұртқа бас Манас,

-деп «Манас» жырында да Манастың түбі Қарахан екенін бұлай толғана жырламас та еді ғой. (Қырғыз халқының батырлық дастаны. Манас. 1-том)

Міне, осылайша Қарахан деген атаудың негізі арыда жатқанын аңғардық. Бірақ, осы күнге дейін белгісіз осы атаудың қайдан пайда болғаны туралы пікірлер сан-алуан. Себебі, дәл сол дәуірде бүгінгі күні біз Қарахан атап жүрген мемлекет шынымен Қарахан аталды ма, әлде, басқа атаумен аталды ма, бұл жағы бізге беймәлім. Бізге белгілісі, «Қара қаған» деген титулды иемденген билеушінің атымен қағанат «Қара қахандар империясы» деп аталып кетті дейтін тұжырым. Ал, Қарахан деген ұғым — негізі мемлекеттің шартты атауы болатын. Оны 1874 жылы В.Григорьев деген ғалым енгізгенді. Әйтпесе, Қарахан мемлекетін сол заманда батыс елдері Елек хандар немесе Табғаш хандар деп атаса, ал арабтілді құжаттарда Әл-Афрасиаб әл-Хақания елі деп атаған. Яғни, атақты түркі хақаны Афрасиабтың ұрпақтары екенін және солар құрған мемлекетті Афрасиаб хақанның елі деп бекер атамаса керекті.

В.Григорьевтің бұл атауды неге сүйеніп және қандай деректен алғаны белгісіз. Себебі, көне көз деректердің көбісінде Боғра хандар, Табғаш хандар, Арслан хандар деп жазылған және ішінара Қара хандар деп те жазылғанын ескерсек, Қара хандар деген көп айтылмағанын аңғарамыз. Әрине, Қарахан деген атаудан қашып отырған жоқпыз, тек осы династияның өкілдері шын мәнінде сол дәуірде қалай аталды және өздері құрған мемлкеттің атауын қалай атады деген ой ғана бізде. Бұл біз үшін Қарахан тарихын жақын зерттеп танысуға көп септігін тигізетінін ескеруіміз керек. Осы Қарахан термині туралы қаншама ғалымдарымыз жазып та, айтып та келеді. Кейбіреулері тіптен олар туралы тың ойларын ортаға салған. Солардың бірі Хамза Көктәнді ағамыз. Ол кісі өзінің «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде: «Қара ғұн — Қара-ғұнилар мемлекеті. Қарағұниттар — қарахандар мемлекеті. „Қарахандар“ мемлекеті деген сөздің мағынасы „әулие хандар“ мемлекеті деген сөз. Қараханит елін Афрасиаб патшаның түркі халықтарына жайылған ұрпақтары — қожа руы билеген. Кейінгі замандарда парсылықтар ықпалымен биліктен ажырап қалады» (Москва «Қасиет» 2001 ж. 32-бет.)деп, Қарахан деген атау — ғұндардың кейінгі ұрпағы, өздерін Қарағұн деп атаған тайпалардың мемлекеті деген атаудан шыққан дейді.

Әрине, бұған қарсы шығуға біздің еш себебіміз жоқ. Мүмкін, солай да шығар. Бұл да шындыққа жанасатын қағида. Уақыт өте келе атаудың өзгеріп, Қарағұнның Қарахан болып өзгеріп кетуі де заңдылық нәрсе. Алайда, Қарахан империясының алдында ғана осы өңірге 200 жыл билік жүргізген Қарлұқ қағанаты өмір сүрді емес пе? Ал, Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Қарахан болса сол Қарлұқ ақсүйектерінің бірі Құл Білге Қадырханның ұрпағы саналады. Сонда неге қайта құрылған мемлекетті Қарлұқ емес, Қарахан деп атайды деген дүдамал ой туады. Себебі, сол Қарлұқ мемлекетін құрушы ақсүйектердің жалғасы ретінде құлдыраған Қарлұқ қағанатын қайта қалпына келтірген Сатұқ Боғра Қараханның өзі ғой? Әрине, көптеген ғалымдарымыз Қарахан мемлекетін Қарлұқ қағанатының заңды жалғасы санайды. Тараз аймағы мен Жетісу жерін жайлап жатқан яғма, шігіл, қарлұқ, дулат тайпалары екенін ескерсек, бұл заңдылық та шығар. Бірақ ортағасырлық қожалардың «Насабнама» атты шежірелік қолжазбасында Орта Азияға ислам дінін тарату үшін соғыс аша келген, түбі арабтық саналатын қолбасшыларды, яғни Әбд ар-Рахимды Қарахан империясын құрушы Сатұқ Боғра хан деп санайтындығы. Сөйтіп, өздерінің түбін пайғамбарымыздың сахабасы Хазіреті Алиге апаратындығы. Бұл туралы марқұм Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз өзінің"Қарахан әулеті«атты кітабында олардың шежіресін былай таратады:

1. Хазіреті Әли Қарамолдах пен Ханафия анамыздан;

2. Мұхаммед ибн әл-Ханафия, одан —

3. Шах Абдәл-ФаттахпенШаһАбдәл-Маннан;

Шах Абдәл-Фаттахтан:

4. Шах Абдәл-Жафар, одан —

5. Шах Абдәл-Қаһар, одан —

6. Шах Абдар-Рахман және Шах Абдәл-Рахим;

7. Шах Абд ар-Рахманнан — ЫсқақбапжәнеАбдәл-Жалил бап.

Шах Абд ар Рахимнанқұлағымызғасіңістіболғаншежірелерде: «Үш бала болды» делініп, екеуініңаттарыаталады. Бірі — Абд әл-Кәрім, екіншісі — Абд әл-Хасан" («2011 ж. 59 бет.).

Енді,осы жерде бір үлкен мәселе өзінен-өзі туындап шыға келеді, ол шынында да «Насабнамада» айтылған жаулаушылар, Сатұқ Боғра хан «араб па әлде түркілік қолбасшы ма?» деген сұрақ. Өйткені, ортағасырлық араб дереккөздерінің ешқайсысында да осы Әбд ар-Рахим атымен аталатын тұлғаның жоқтығы, яғни Сатұқ Боғра хан саналатын адамның исламды тарату үшін Түркі жеріне соғыс ашып келуі туралы деректің болмауы. Егер олар шынымен арабия немесе иран жақтан келген болса міндетті түрде араб тарихшылары мен жиһангездерінің жазбаларына түсер еді ғой?! Міне, сұрақтың тоқырауға ұшыраған жері де осы жер болды. Ортағасырлық қожалардың ата-тек шежіресі саналатын «Насабнама» жазбаларына қарап отырсаңыз шынында да ислам дінін Орта Азияға тарата келген қолбасшылар хижраттың 150-ші жылдары деп есептелінеді. Ал, бұл өз кезегінде 770-776 жылдарға сәйкеседі. Яғни, тұп-тура Қарлұқ қағанатының құрылу кезеңіне дөп түседі. Осы «Насабнамаға» көз салсаңыз, Қарлұқ мемлекетін ең алғаш қағанат ретінде құрушы ақсүйектердің өмірбаянын жазып отырған секілді. Осы деректі асықпай талдай келе, Бұқара, Самарқанд жақтағы қарлұқ тайпаларының көп бөлігі ислам дінін қабылдай отырып, Жетісуға қарай жорыққа шыққаны және осы өңірдегі басқа да қарлұқ, дулу, шігіл, яғма тайпаларын өздеріне қоса отырып, оларға өздері ұстанған ислам дінін уағыздай келе және оны өздерінің басты діни ұстанымы ретінде исламды бетке алып, ұлы Қарлұқ қағанатын құрды деп нақты айтуға болады. Олардың ешқандай да арабтық негізі жоқ екені аңғарылып тұрғандай. Бұдан шығар қорытынды, Қарахан мемлекетін құрған Қарахандық ақсүйектердің түп-негізі түркілік тайпадан екендігі. Мұны кезінде «Тауарих хамса» (Бес тарих)атты түркі тарихын жазған Халид Құрбанғали да растай түседі. Ол осы аталған еңбегінде: «Бұғра хан лақабын алған алғашқы Бұғұқра хан — Тау ханның тоғызыншы немересі. Осы Тау хан нәсілінен Сағұн еліне хан болған әуелгі Қара хан мен екеуінің арасында болған тоғыз бабаларының аты бізге мәлім емес. Тау хан заманы Мұхаммед пайғамбардан 300 жыл бұрын болып, мұның тоғызыншы немересі бірінші рет Бұғра хан аталған. Бұл Бұғра хан мен Сыдық бұғра Қараханның хан арасы 400 жылдай болған. Тау хан мен Бұғра хан арасындағы бабалары хан болмағаннан аттары атаусыз қалған. Бірақ, алғашқы Бұғра хан мен Сыдық бұғра хан әулетінің арасында хандық үзілмеген» (Алматы: Қазақстан, 1992. 229-230 беттер) — деген дерегіне сүйенсек, Қарахан ақсүйектерінің түбі түркілік негізден барып шығатындығы және хандық билікті үзбей ұстап отырғандығы айқындалады. Тау хан дегеніміз — Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Қадырғали Жалайридың «Жылнамалар жинағы», Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы», «Оғызнама» т.б. осындай ортағасырлық еңбектерде айтылатын Түрік — Қарахан — Оғыз хан — Тау хан атты Қарахан ақсүйектерінің түп атасы. Яки, Қарахан билеушілерінің де шыққан ортасы Оғызға барып тіреледі. Енді Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегін оқып көрейік: «Қашқар мазарларына қатысты айтқанда, олардың ең біріншісі — Сатұқ Боғра хандікі. Ол Афрасиаб әулетінен шыққан.... Ол түркілердің ішінен ең алғаш мұсылман болған», 328-бет) — дейді. Тағы да: «Қашқардың сұлтандарының ішінен — Сатұқ Боғра хан жастайынан ислам дінін қабылдады. Кейін патша болған соң Қашқар уәлаятының бәрі ислам дініне кірді. Одан кейін бірнеше ұрпағы Қашқардың патшалық тағына отырды» («Тарихи Рашиди» Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тұран» баспасы, Алматы. 2003 ж. 317-бет) — дейді. Міне, ортағасырлық осы тарихшылар бізден гөрі сол заман тарихын жақсы білетін шығар?! Яғни, Түркілер арасынан ең алғаш мұсылман болған Қарахандар және олар Түркінің атышулы хақаны Афрасиябтың ұрпақтары......

Осы «Нсабнама» шежірелік кітабын зерттеген Зікірия Жандарбек ағамыз да өзінің «Насабнаме» нұсқалары және түркі тарихы«атты еңбегінде былай дейді: «Бұл деректер ибн ан-Надимнің „ал-Фихрист“ кітабындағы Исхақ ат-Түрік пен „Насабнаме“ нұсқасындағы Исхақ бабтың бір адам екендігін дәлелдейді» (Алматы 2002 ж. «Дайк Пресс» баспасы. 88-бет) деген ойы. Мұнда да Ысқақ бабтың Түркі деген титулы болғандығы да көп нәрсені аңғартады. Аталған кітапта: «Сайрам ханы Білге Құл Қадірхан 840 жылы өзін қаған деп жариялап, қағанаттың жеке дара билеушісіне айналады.....(95-бет) дейді тағы Зікірия ағамыз. Ал, осы қарлұқ тайпаларының құрамы мен олардың саяси құрылысы жөнінде және қарахан империясының құрылу тарихы мен шығу тектері туралы үлкен ғылыми еңбек жазған С.М.Сыздықов ағамыз өзінің „Қарлық-Қарахан мемлекеті: саяси тарихы және мәдени мұралары“ атты кітабында: „Жамал Қарши да Қарахандардың мұсылмандық әулетін құрушы Сатұқ Әбд әл-Кәримнің атасы Қарлық қағаны Білге Күл Қадір хан болды деп жазды“ („Фоллиант“ баспасы, Астана — 2015 ж.174-бет)» деп дәлелдей түседі. Біз бұл жерде бір нәрсені нақты анықтадық, ол — Сатұқ Қараханның түркілік Қарлұқ қағаны Білге Құл Қадірханның ұрпағы екендігін.

Ал бұлардың тегі араптық деп жүргені Сатұқ Боғра ханның бабасы Құл Білге ханнан мирас болып қалған ислам дінін қабылдай отырып және оны алғаш рет мемлекеттік дін ретінде өзі құрған мемлекетке енгізіп, халық арасында насихаттау үшін өзін қалайда Алланың нұрынан пайда болған дейтін діни шариғат пен ұлылық қағидаға негіздеп, өздерінің ата-баба шежіресін Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Хазірет Алидің баласы Мұхамед-Ханафияға апарып тіреуінде жатыр. Бұған дәлел ретінде бір деректі айтқымыз келеді. Ол "Тазкире-и Бұғра хан«деп аталатын ортағасырда жазылған шығарма. Қазіргі таңда, Сатұқ Боғра хан туралы жазылған көне дәуірдің бірден-бір дерегі осы болып табылады. Яғни, оның өмірбаяны мен ұрпақтарының шежіресі жайлы жазылған құнды дүние. Бізге бұл дерек туралы мәліметті алғаш рет жеткізген шығыстанушы ғалым Ш.Уалиханов болатын. Ол өзінің «Қашқар сапарлары» атты күнделігінде Қашқардан осы еңбекті кездестіргенін жазғанды. Қазіргі таңда, аталған шығарма қолымызға тиіп, ортағасырлық түркі мәдениетінің аса құнды жәдігері саналатын осы шығарманы түпнұсқадан тікелей тәржімелеген шығыстанушы Серікбай Қосан деген ғалымымыз болып отыр. Енді осы аталған шығармаға сөз берсек: «Хақ Тағала Әзіреті сұлтан бұл әлемге келмес бұрын бірнеше жыл ілгеріде [оның] рухын Миғраж түні әзіреті Пайғамбар рухының қатарында көрсетті. Әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): „Бұл қай Пайғамбардың рухы мұнша ұлық дәрежеде Құдай Тағала жаратқан?“, — деп әзіреті Жәбірейілден (ғ.с.) сұрады. Жебірейіл (ғ.с.): „Әй, Алланың елшісі, бұл ешбір пайғамбардың рухы емес. Сіздің үмметіңіздің рухы. Ол үмметіңіз сіз дүниеден өткен соң үш жүз отыз жыл өткеннен кейін дүниеге келіп, Түркістан уәлаятында кәпірлерді ислам дініне кіргізіп, Сіздің шариғатыңызды халық арасында әшкереле қылады. Оның аты — Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы“ деп жауап берді» дейтін дерек бар. Міне, түбі Түркілік Сатұқ Боғра ханның ұрпақтары оны қалай дәріптегенін осынау деректен аңғара беріңіз. Аталған Боғрахандар тарихын жазған осы дерекке сүйенер болсақ, Сұлтан Сатұқ Боғра хан шамамен 962 жылы дүниеге келген болып есептеледі. Әрі қарай сол деректе тағы да: «Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы тоқсан алты жас өмір сүрді. Соған шейін ол Балхтың алдындағы Махмұд дариясына дейін, бұ тарапты күн шығысқа шейін, солтүстігі Қарақұрым [Қаркөрім] деген жерге шейін семсерінің күшімен кәпірлерді мұсылман қылып, әзіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) шариғаттарын һәм дін миллеттерінің бірегей негізін қалады» деп жазады. Әрине, мұндай шежірелердің өз тектерін пайғамбарға апарып тіреуі ислам дінін қабылдау кезеңіндегі өздерінің мәртебесі мен атақ-абыройларының асқақ болуы үшін жасалған дүние деп қарау керек. Әйтпесе, жоғарыда айтқанымыздай мұның барлығы ортағасырлық араб жазбаларына түсер еді ғой. Ал оларда мұндай дерек жоқтың қасы.

Тағы бір мәселе, ол қазіргі таңда ғалымдарымыздың Әбд ар-Рахим бабты Сатұқ Боғра Қараханның мұсылманша есімі деп қабылдауында жатыр, яки екеуін бір адам ретінде санауында. Ал Сатұқ Қарахан бабамыз шынында да қазіргі ғалымдарымыз айтып жүрген 915-955 жылдары өмір сүрген. Енді, екеуінің өмір сүрген дәуірлерін алып қарайтын болсақ, онда тіптен сай келмейтінін аңғаруға болады. Себебі, ортағасырлық Сайф ад-дин Орын Қойлақидың «Насабнама» атты шежірелік дерегіне сүйенсек, оңтүстік өңірден шығысқа қарай ислам дінін тарату үшін Әбд ар-Рахим, Ысқақ баб, Әбді әл-Жалил баб атты үш қолбасшының аттанғаны туралы жазылады. Ал, олардың осы деректе айтылғандай жаулау дәуіріне қарасақ, онда олар хижраттың 150-ші жылдары шыққаны нақ тайға таңба басқандай жазулы. Сонда қазіргі жыл санаумен 770-776 жылдарға сайкес келеді. Бұл деген екеуінің арасында бақандай 150-200 жылдай уақыт бар екенін көрсетпей ме? Яғни, Қарлұқ қағанатын құрған осы үш түркілік қолбасшы екеніне ешқандай дау жоқ.

ХІХ ғасырдың аяқ жағында осы өңірдегі барлық тарихи орындарды зерттеген орыстың әуесқой тарихшылары В.П.Панков пен В.Каллаур Түркістанда құрылған «Түркістан әуесқойлары археологтарының үйірмесі» атты үйірменің отырысында Тараз қаласындағы Қарахан баба туралы жинаған деректерін жариялайды. Сол деректерде: «Әулиеата қазысы (яғни, Қарахан бабаның шырақшысы) Абдулланың айтысы бойынша Әулиеата Қараханның шын аты Ша Махмуд. Ол 95 жыл жасап, 15 жылын ел көзіне көрінбей құдайға құлшылық етуге арнаған. 40 жыл ел билеген. Ол 866 жылы өмірден озған. Оның ата-тегі Қазидың жазбасы бойынша былай екен: Хазіреті Али — Мұхаммед Ханафия — Ша-Абдуфаттах — Ша-Абдужаббар — Абдуқаһһар — Ша Хасан — Абдул Азиз — Ша Махмуд (Әулие Қарахан)» (Протоколы зеседаний сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологий) В.П.Панков (Мазар Карахана). 423 бет.) — деген деректі келтіреді. Дәл осындай дерек Зікірия Жандарбек ағамыздың «Насаб-наме» нұсқалары және түркі тарихы" атты жоғарыдағы біз айтқан еңбегінде де бар. Онда: «Сатұқ Боғра Қарахан үлкен ұлы Шах Ахмедті қашқарға қояды. Оның лаһаб аты Шамы хан. Ортаншы ұлы Шах Мұхамеддті Жетікент еліне патша қояды, лаһабы Шамсы хан. Кіші ұлы Шах Хасанды Құзбалыққа патша қылады. Шах Хасанның лаһабы — Қылыш Қарахан. Оның ұлы Абд ал-Азиз, лаһабы Арбуз Қарахан, қабірі — Сарығ Балығда, Тоқмақ ата деп аталады. Шах Абд ал-Азиз ұлы — Шах Махмуд, лаһабы — Әулие Қарахан, 283/896-97 жылы опат болды (94-бет), - дейтін дерегі.

Мұнда айтылып тұрған Әулиеата-Шах Махмуд хан Каллаур мен Панковтың Тараздағы Қарахан бабаның шырақшысы Абдолладан жазып алған жазбасы бойынша 866 жылы, ал «Насабнаме» бойынша 896 жылдары өмірден озды дейді. Бұл жерде Абдолла қази мен «Насабнаме» шежіресі не қателесіп отыр, не тура шындықты айтып отыр. Қателігі беріде өмір сүрген Шах Махмудтың өмір тарихын қазіргі ғалымдардың айтуы бойынша Сатұқ Боғра ханның, ал біздің ойымызша Құл Білге Қадірханның (Абд әл-Рахимнің) өмір тарихымен шатастырып алуы. Ал, шындығы сол 866 жылы өмірден өткен адам Әбд ар Рахим, яғни Құл Білге Қадірхан аталып кеткен тұлға екендігі. Себебі, Сатұқ Боғра хан 95 жыл өмір сүрсе, 866- дан 95-ті шегерсек 770 жылдары дүниеге келген болып шығады. Ал, осы дата дәл сол замандағы ислам дінін тарата келіп, осында империя құрған Әбд ар-Рахимның кезеңіне тұспа-тұс келеді. Және де Сатұқ Қараханның бабасы саналатын қарлұқ қолбасшысы Құл Білге Қадірханның да шамамен осы жылдары қайтыс болғаны тарихта айтылып жүр. Сонда бұл қай қағанның тарихы болды екен: Әбд ар-Рахимның ба, Сатұқ Қараханның ба, Құл Білге Қадірханның ба? Әлде, үшеуі де бір тұлға болып, әр түрлі лауазыммен аталып жүрген бір адамның бейнесі ма? Менің пікірімше бұл жерде айтылып отырған тұлғалардың ішінен Әбд ар-Рахим мен Құл Білге Қадірхан бір адам болуы керек. Екеуінің де өмірден өткен кезеңдері сәйкес келеді.

Негізі, Қарахан империясы өзінің түп негізін осы Білге Құл Қадірханнан алады. Бұл туралы тарихшы, ғалым С.Сыздықов былай дейді: «Әдетте қалыптасқан тарихнамада Қарлық мемлекеті 940 жылы Қашғардың түрік билеушілерінің Баласағұнды басып алуына байланысты құлады делінеді. Ал Қарахан мемлекетінің тарихы 942 жылдан, яғни Сатұқ Боғра ханның Баласағұн билеушісін құлатып, өзін қаған ретінде жариялағанынан басталады деп көрсетеді. Шын мәнісінде, былай болған еді: 840 жылы қарлықтардың жабғуы, Испиджабты билеуші Білге Күл Қадыр Қара хан қаған атағын алып, халыққа жария етті. Міне, осы кезден бастап қарлық мемлекетін билеушілер өздерін Қара хан әулетіненбіз деп санай бастады. Бұл 840 жыл. Ал дәстүрлі тарихнамада Қарахандар әулетін Сатук Абд ал-Керимнің исламды қабылдап, қаған ретінде өзін жариялануынан бастайды. Қайсысы дұрыс? Біздіңше, Қарахандар әулетінің билігін 840 жылдан, яғни Білге Күл Қадыр Қара хан қағаннан бастаған тарихи әділдік болар еді. Өйткені, алғашқысы мен кейінгісінің арасындағы айырмашылық тек ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауда ғана...... Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра хан (915-955) Қарахандардың мұсылмандық әулетінің негізін салушы болды. Бұл жерде ерекше ден қоятын жағдай тарихнамада қалыптасқандай Сатұқ Боғра хан жалпы Қарахан әулетінің негізін салушы емес, оның тек мұсылмандық бағытын бастаушы ретінде қарастыру керек. (Сол бір заманда. «Егемен Қазақстан» газеті. 05.02.2015 ж.).

Міне, әрбір тарихты зерделей білетін көзі қарақты жанның барлығы да Құл Білге Қадірханның Таразды өзінің астанасы етіп, Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы болғанын жақсы түсінеді.

Осы жерде басын ашып алатын бір мәселе бар, Абд ар-Рахим мен Әбд әл-Карим яғни, Сатұқ Қарахан атауларының барлығы да бір тұлғаның әртүрлі атпен айтылып жүрген есімі ретінде аталуы. Міне, осылардың ішінен Сатұқ Боғраханның қай тұлға екенін анықтап алу міндеті тұр. Себебі, Абд ар-Рахим хижраттың 150 жылдары, яғни, 770 жылдары ислам соғысын аша келген тұлға. Ол Сатұқ Қараханның заманына мүлдем сәйкеспейді. Әбд әл-Карим Сатұқ Боғраханның ислам дінін қабылдағаннан кейінгі арабша атауы десек, кей деректе екеуін екі бөлек тұлға ретінде жазады. Мейлі, ең бастысы Абд ар-Рахим мен Абд әл-Карим екеуі екі тұлға екендігі. Сонда, Абд ар-Рахимді өз басым Сатұқ Қараханның атасы Құл Білге Қадірхан деп ойлаймын. Халық арасында кей кездері Тараздағы Қарахан баба мазарын Сатұқ Қараханның кесенесі дейтін аңыздар да өріп жүр.

Ал, жоғарыдағы аталған Каллаур мен Панковтың деректерінде Тараздағы Қарахан бабаның 96 жыл өмір сүргендігі және 866 жылдары өмірден өткендігі нақтыланып тұр. Тағы да «Насабнама» нұсқасын алып қарасақ онда да Таразда жатқан Шах Махмудтың 896 жылдары өлгенін жазады және Әбд ар-Рахим патшаның Қашғар еліне отыз жыл патшалық қылып, өз уақытында Табғач Бұғра хан атанып, Қашғарда қалмағанын баяндайды. Ал, Құл Білге Қадірханның 840 жылы Баласағұнда өзін қаған жариялағанға дейін билеген және отырған негізгі резиденциясы Тараз қаласы болғаны белгілі. Сонымен деректерді салыстырып қарап отырсақ Тараздағы Әулиеата Қарахан бабамыздың орнында менің ойымша Сатұқ Қараханның түп атасы Құл Білге Қадірханның, яғни Әбд ар Рахимның жатқанын аңғарғандай боламын. Бұл патша ең бірінші ислам дінін ұстаушы да таратушы да болғаны ақиқи шындық. Сөйтіп, алғашқы Қарлұқ қағанатын құрушы адам да осы кісі. Сол дәуірде Тараз қаласының Қарлұқ қағанатының орталығы болғандығы тағы бар. Қарлұқтардың араб басқыншыларына қарсы көп жылдар бойы тойтарыс беріп, талай рет Ташкенттен әрі ығыстырғаны тарихтан белгілі. Бірақ, ішінара ат төбеліндей ғана ортаның ислам дінін ұстағаны болмаса халықтың көп бөлігі ұстамады. Тек 960 жылы ғана мұның ұрпағы Сатұқ Боғра ханның дінді елдің басты құралы етіп, ғазауат соғысын жүргізуінің арқасында барып ислам дінін мемлекеттік дін ретін де жариялай алды. Дәл осы уақыттағы түркілердің ислам дінін шынайы қабылдағанын Ибн әл-Асир өз еңбегінде айтып өтеді. Оның айтуынша 200 мыңдай түркі халқы ислам дінін қабылдаған.

Осы жерде тағы да бір қызықты нәрсе айта кеткім келеді, ол — Тараздағы Әулиеата атанған Шах Махмуд хан туралы аңыз бен ақиқатқа астасқан желі бойынша қай ғасырда, қай жылдары өмір сүрді дейтін сұрақтардың туындауы... Мұны айтып отырған себебіміз, Құл Білге Қадірханның жетінші ұрпағы, Сатұқ Боғра ханның шөбересі болған Шах Махмудтың аңыздық тарихы атасы Құл Білге Қадірханның аңыз тарихымен шатасып кетуі болатын. Көптеген ғалымдарымыздың зерттеуі бойынша ол кісі шамамен X-XII ғасырлар арасында Таразда хандық құрған дейтіндігі. Ғалымдардың көбісінің сүйенер дерегі ол ортағасырлық Ибн әл-Асирдің «Ал-Камил фи-т тарих» атты еңбегі. Ибн әл-Асир өзінің осы бір сүйсіне жазған еңбегінде Махмуд хан туралы былай дейді: «Сондай-ақ, (Қадірхан ұлдары арасында) Боғрахан ибн Қадірханды қалдырды. Оған Тараз бен Исфиджаб аймағы қарайтын, бірақ, мұның ағасы Арслан хан келіп, оның патшалығын тартып алды. Екеуінің арасында соғыс басталды да Арслан хан ақыры қашып, тұтқынға алынды. Оны түрмеге жауып, Боғра хан оның елін иемденді. Содан кейін Боғра хан патшалықты өзінің үлкен ұлы Хусейнге(Ағры тегін) тапсырды да, оны өзінің мұрагері етіп жариялады. Боғра ханның ұлдарының ауызбірлігі болмады. Сосын, оларға Самарқанд билеушісі Тамғаш хан шабуыл жасады» дейтін құнды хабарламасы. Бұдан байқайтынымыз Махмуд Боғра хан Шаштан бастап қашғарға дейінгі иеліктің билеушісі болып, Шығыс қағанатты басқарғандығын көруге болады және осы деректе Шах Махмудтың 1070 жылдары өмірден өткенін Ибн әл-Асир нақтылап жеткізеді. Оның балаларының көп болғандығы және олардың ауызбірлігі болмай, әкелері кеткен соң әркімге жем болып, әке тағынан айрылғанын да айтады. Тағы да Ибн әл-Асир өзінің еңбегіндегі Қашқар туралы жазбасында: «Қашғар Түркістанның ең басты қаласы. Ол Арслан ибн Жүсіп Қадірханға тиесілі. Содан кейін ол 15 ай бойы Тараз бен Шаштың билеушісі Махмуд Боғра ханға тиесілі болды. Ол қайтыс болған соң оның билеушісі Тоғрыл хан ибн Жүсіп Қадірхан болды. Тоғрул хан осы иелікке және Баласағұнға ие болды. Ол 16 жыл билік етті» деген нақты дерегі. Көріп отырғанымыздай Шах Махмуд Боғра ханның орталығы Қашқар болған Шығыс қағанатты бір жарым жыл басқарғаны. Ғалымдарымыз осы деректі негізге ала отырып, Тараздағы Әулие Қарахан осы Махмуд Боғра хан дегенді айтады. Ал, бұл шынында да сол кісі ма, басқа ма деген сұрақты анықтауды қажет етеді. Себебі, Тараз қаласын билеген бірнеше Қарахандық билеушілердің бар екенін де ұмытпауымыз керек.

Ал, марқұм Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз өзінің «Қарахан әулеті» атты өз бабаларын жазған еңбегінде Тараздағы Әулиеата Қараханды Абд ал-Рахимның інісі Шаһ Абд әл-Хасан деген ойын айтады. "Шаһ Абд әл-Хасан Қарахани — 780 ж. (ағасы — Қылышты Абд әл-Кәрім Сыддық Бохра Қараханның інісі. Біз Тараздағы Әулие ата — Қарахан бабаны осы, Әбд әл-Хасан бабамыз деп білеміз.("Қарахан әулеті«. 2011 ж. 186 бет). Міне, Әбдікәрім ағамыз да Әулиеата Қарахан бабамыздың өмір сүру дәуірін біз ойлаған VІІІ ғасырдың кезеңіне жатқызады. Яғни, бұл дәуір Сатұқ Қараханның өмір сүрген уақытына келмейді және оның түп атасы Құл Білге Қадірханның кезеңіне келетінін аңғару қиын емес. Көптеген деректер осылайша Тараздағы Қарахан бабаның өмір сүру кезеңін VІІІ ғасырға жататыны жөнінде мәлімет беруде.

Алайда, аталған Шах Махмуд Боғра хан өзінің атынан теңге соқтырып, қаланы гүлдендіргені де шындық. Оны Ибн әл-Асир де растап отыр.

Сонда деймін-ау, Тараздағы Әулиеата Қарахан шынында да Шах Махмуд па, әлде, оның түп атасы Құл Білге Қадірхан, яғни, Абд ар-Рахим бабтың өзі ме? Болмаса шырақшысы болған қази кіммен шатастырып алуы мүмкін? Міне, бұл да жауабы жоқ, шешуі қиын және ғылыми зерттеуді қажет ететін мәселе болып тұрғаны рас. Және осы жерде хандардың титулына келер болсақ, Ибн әл-Асир өзінің кітабындағы хабарлауында: «Сондай-ақ, (Қадірхан ұлдары арасында) Боғрахан ибн Қадірханды қалдырды» деген дерегіне сүйене отырып, Шах Махмудтың әкесі де, өзі де «Қадірхан» текті титулды иемденген Қарахандық ақсүйектердің ұрпағы болғандығы. Ал, Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Құл Білге ханның да «Қадірхан» титулын иемденген қаһан екендігін барлық тарихшылар айтып жүр.

Сонымен, деректерді саралай келе Тараздағы Қарахан баба мазарында жатқан адам, Қарлұқ билеушісі болған және Қарахан мен Қадірхан титулын иемденген Сатұқ Боғра Қараханның атасы Құл Білге Қадірхан болуы мүмкін деген тұжырымды ойды айтқымыз келеді. Себебі, ең алғаш ислам дінін де осы кісі қабылдап, оны ұрпақтарына мирас еткен. Сол жолды ұстанған немересі Сатұқ Боғра хан да ақыры ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялап, дін үшін атасының жолын қуып ғазауат соғысын жүргізді.

Осылайша, ойымызды жинақтап, көптеген тарихи деректерді саралай отырып бір қорытындыға келер болсақ, Тараздағы Әулие Қарахан-Шах Махмудтың орнында Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Әулие Құл Білге Қадірхан жатыр. Себебі, өзінің түп атасы саналған бұл кісіге өзі билеген Тараз қаласында Сатұқ Боғрахан кесене салдырмады деуге бола ма? Әрине, салдырады. Өйткені, оған осы мемлекеттің негізін қалап берген сол атасы емес пе?! Ал, Шах Махмудтың да ұрпақтары оның мазарын осы бабасының қасына жерлеуі әлбетте мүмкін нәрсе. Өйткені, орыс империясы тұсында түсірілген киелі кесененің суреттеріне қарасаңыз, Қарахан бабаның айналасында кірпіштен қаланған көптеген зираттардың болғандығына көз жеткізесіз. Яғни, бұл жер өз кезегінде ұлы хандардың ұрпағы жерленетін пантеон болғандығын байқауға болады. Бірақ, кейін келе Тараз қаласын билеген Сатұқ Қараханның шөбересі Махмуд ханның атақ даңқы мен бабасы Құл Білге Қадір ханның аңызы араласып, халық кесене кімге салынғанын ұмытып кеткен сыңайлы. Себебі, ұрпақтары олардың тарихын айтқан кезде осы екі бабасының өмір сүру кезеңдерін шатастырып алып отырған. Шығыс қағанатты билеген Махмуд ханның атағы басым болып, бабасы Құл Білге Қадірханның өмірден өткен уақытымен алмастырып жібергені байқалады. Қасиетті бабаларымыздың уақыт өте келе ерен ерліктері мен аңызға айналған киелі істерінің барлығы да замана өткен сайын ұмытылып, халық ұлы тұлғалардың тарихи аңыздарын бір-бірімен шатастырып, кімнің кім екенін білмейтін дәрежеге жеткен. Орта Азияны билеген Қарахан ақсүйектерінің бұлайша шатасуына, әзірейілдей жүрек лүпілін жұтқан шығыстан келген алапат жойқын Шыңғысхан шапқыншылығы да әсер еткені белгілі. Сол себепті, ақиқи дін ислам деп, одан басқа діни ағымдарға көзқарасы басқаша болған Қарахан ақсүйектері, Тәңір дініндегі моңғол ойранынан өздерінің ата-бабаларының жатқан жерлері мен олардың сүйектерін сақтап қалудың амалын жасауды ойлап, бабалары туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер ойлап тауып, өздерін тек пайғамбар ұрпақтары — дін таратушы ретінде ғана көрсетіп қала берді.

Ең бастысы, артына көптеген ақиқи аңыз қалдырып, Тараз қаласын қасиетті мекенге айналдырып кетті. Тараз — әулие хандардың орталығы болғаны осындай деректерден байқалып тұрғандай. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе және қаламыздың орталығындағы Қарахан баба мазараты жанында ұлы хандар пантеоны болды деген ойымызды растай түсетіндей.

Пайдаланған әдебиеттер:

1)"Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы«Москва «Қасиет» 2001 ж. Хамза Қалмырзаұлы Көктәнді, 32-бет.

2) «Тауарих хамса» (Бес тарих) Алматы: Қазақстан, Хұрбанғали Халид 1992. 229-230 беттер)

3) «Тарихи Рашиди» Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тұран» баспасы, Алматы. 2003 ж. 317-бет)

4) «Насабнаме» нұсқалары және түркі тарихы" (Алматы 2002 ж. «Дайк Пресс» баспасы. 88-бет), Зікірия Жандарбек

5) "Қарлық-Қарахан мемлекеті"("Фоллиант" баспасы, Астана — 2015 ж. 174-бет)«, Сатай Сыздықов

6) «Тазкире-и Бұғра хан» (Бабалар сөзі. Алматы: «Толағай», 2007 ж 33-бет.)

7) «Ал-Камил фи-т тарих» Ташкент — Цюрих 2005. Ибн әл-Асир. Перевод П.Г.БУЛГАКОВА.

8) Протоколы зеседаний сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологий) В.П.Панков (Мазар Карахана). 423 бет.)

9) «Қарахан әулеті» Әбдікәрім Әбдімомынов. 2011 ж. 59 бет, 186 бет

10) «Манас» жыры. 1-том.Қырғыз халқының батырлық дастаны.

11) Сатай Сыздықов. Сол бір заманда. «Егемен Қазақстан» газеті. 05.02.2015 ж.).



  • Поделиться

Похожие произведения