Кіру немесе тіркелу

Науырызда келген қонақ Бірінші көрініс


Руспаев Кайркелды

Наурызда келген қонақ

Кейіпкерлер:

Қожанасыр — Наурызда келген қонақ.

Жарқын — Қожанасырдан бір-екі жас кіші бала.

Болат — Жарқынның досы.

Сәуле — Жарқынның әпкесі.

Балқия, Қорлан — Сәуленің құрбылары.

Қамбар — Жарқын мен Сәуленің әкесі.

Толқын — Жарқын мен Сәуленің анасы.

Бірінші көрініс

Наурыз мейрамының қарсаңы. Артқы планда киіз үйдің көрінісі. Босағаның маңдайшасында «Хош келдің, Наурыз!» деген жазу ілулі тұр. Қамбар мен Жарқын, Толқын мен Сәуле киіз үйдің іргелерін ою-өрнекпен әшекейлеп жатыр. Күн салқын, аспан түнеріп ара-тұра қар ұшқындап қояды. Тіпті жел гуілдеп боранға ұласып кете ме деген қауіп бар. Кейіпкерлер жылы киінген, сонда да олардың жаурап қалғаны сезінеді.

Сәуле.(бойын түзеп, саусақтарына үрлеп, аяқтарын бір-біріне соққылайды) Мама, мен жаурадым!

Толқын. Мен де жаурадым, Сәуле. Шыдай тұр. Әне, әкең де, Жарқын да оңып жүрген жоқ. Сонда да үндемейді. Киіз үйдің сыртын әшекейлеп бітірейік, сосын ішке кіріп, шай ішіп жылынамыз.

Қамбар. (аспанға қарап қойып) Мына күн бірдеңе шақырып тұр. Наурыз мейрамында боран соғып кетпесе нетті.

Жарқын. Боран соғып кетсе мейрам болмай ма?

Толқын. Неге болмасын — болар. Бірақ мейрам күні ауа райының жақсы болғаны абзал, әсіресе Наурызда күннің шуағы қажет-ақ.

Олар жұмысын жалғастырады. Кенет:

Шарым, шарым, шар-еке!

Қонсаң жерде береке!

— деген дауыс естіледі де, қолында жібінен ұстаған шары бар, жаңа ғана ұшып келіп жерге топ етіп қонғандай, сүріне қабына Қожанасыр жүгіріп шығады. Оның үстінде жазғы киім. Сахнада тұрғандар бір адамдай оған бұрылады. Аң-таң.

Қожанасыр. Ассаламу ғалайкүм!

Қамбар. Уа ғалайкүм ассалам! Қайдан келдің өзі аспаннан топ ете түскендей?

Қожанасыр. Дәл өзі — аспаннан түстім. Ұшып келіп қондым ғой — көрмедіңіз бе?

Толқын. Жоқ, көрген жоқпыз. Киімің сондай жеңіл — тоңған жоқсың ба?

Қожанасыр. (жан-жағына қарап, күннің суығын жаңа ғана сезгендей тітіркеніп қояды) Бр-р! Шынында да күн суық екен. Бұл жарамас. (аспанға екі қолын көтеріп)

Күнім, күнім, күнім-ай!

Наурыздың тойында

Шуағыңды молынан

Төксең бізді тоңдырмай.

— деуі мұң екен, күн жадырап сала береді. Тіпті ысығаны сонша, жылы киінген кейіпкерлер ыстықтап шешіне бастайды. Қожанасыр шаттанып оларды айналып жүр.

Толқын. Ғажап бала екенсің! Атың кім?

Қожанасыр. Ат менде мүлдем жоқ, есегім бар еді, одан да айрылып қалдым.

Толқын. (күліп жібереді, оған айналасындағылар қосылады) Есімің кім дегенім ғой.

Қожанасыр. Есімім Қожанасыр.

Сәуле. Қожанасыр?! Шын ба?

Қожанасыр. Шын.

Қамбар. Ал Қожеке, не ғып жүрсіз?

Қожанасыр. Ел қыдырып жүрмін.

Қамбар. Бәрекелді, оң сапар болсын. Ата-анаң бар ма? Тегің, руың кім демекші?

Қожанасыр. Тегім де, руым да Қожанасыр. Әкем де, атам да, бабам да Қожанасыр. Біздің әулетімізде басқа есім жоқ. Жеті атамыздың барлығы Қожанасыр. Бергі атам да, арғы атам да Қожанасыр. Тіпті ұлтым да Қожанасыр. Яғни, қазақ. (барлығы тағы да күледі, оларға Қожанасыр да қосылады)

Жарқын. (Қожанасырдың жанына келіп шарды саусағымен түртіп қалып) Сен осы шармен ұшып жүрсің бе?

Қожанасыр. Әрине! (бұрылып арт жағын көрсетіп) Көрмейсің бе — арқамда қанат жоқ.

Жарқын. М-м... Мұның ішінде не бар? Сутегі ме?

Қожанасыр. (күліп жібереді) Су тегі? Әй! Судың тегі болушы ма еді? Адамдардың ғана тегі болмай ма. Менің тегімді жаңа естідің. Ал өзіңнің тегің кім болады?

Жарқын. Менің тегім? (әкесіне қарайды, әкесі өзін сұқ саусағымен нұсқайды) Ә! Мен Жарқын Қамбар-ұлымын. Мамамның есімі Толқын. (Сәулені нұсқап) Ал мынау Сәуле. Ол менің әпкем.

Қожанасыр. Бұл сенің тегің емес, бұл сенің отбасың. Ал енді руыңды білесің бе?

Жарқын. Руымды? Ол не? (тағы да әкесіне қарайды, ол екі қолын қошқардың мүйізіне ұқсатып басына тігеді) А! Білемін. Руым козерог. (әке-шешесі мен әпкесі күліп жібереді)

Қожанасыр. Ол қандай ру өзі?

Жарқын. Білмейсің бе? Қазақша тауешкі.

Қамбар. Жарқын! Тауешкі ру емес. Ол зодиак белгісі. Ал руымыз Қошқарбай.

Қожанасыр. Міне, балақай, не тегіңді білмейсің, не руыңды білмейсің. Соған қарамастан су тегі болады деп даурығып тұрсың.

Жарқын. Неге! Сутегі де, оттегі де болады.

Қожанасыр. Оны кім айтты?

Жарқын. Біздің апай.

Қожанасыр. Апайың алжыған шығар. (күледі) Су мен оттың тегі бар дегені не сандырақ!

Жарқын. Апай алжыған жоқ! Ол біздің мұғалима, табиғаттанушы.

Қожанасыр. Табиғат танушы?! (күледі) Әй! Алжымағанда несі қалды?! Табиғат адам ба еді, оны танитындай!

Толқын. Балалар! Бос әңгімені қойыңдар, одан да шай ішіп алайық. (киіз үйдің ішіне кіріп кетеді)

Қамбар. Толқын, шайды есік алдына жасасақ қайтеді? Мына күн мамырдың күніндей жадырады ғой.

Толқын. (киіз үйдің ішінен шығып) Сөйтсек сөйтейік. Киіз үйдің іші күңгірт, әлі де суық тартып тұр.

Қамбар мен Жарқын дөңгелек үстел әкеліп қояды, Сәуле оған дастархан жайып бауырсақ шашады, май, қант-кәмпит әкеліп қояды. Қожанасыр шардың жібін есіктің тұтқасына байлай салып төрге отырып алады.

Толқын. (қайнап тұрған самауырынды алып келіп, күйеуінің кідіріп тұрғанын көріп) Қожеке, сіз отағасының орнына отырыпсыз. Сәл жылжысаңыз қайтеді.

Қожанасыр. Мен жолаушымын, сондықтан қалаған жеріме отырамын. Біздің халық Қожанасырды әрдайым сыйлаған.

Қамбар. (зайыбының жанындағы бос орынға отыра кетіп) Жә, мазаламайық Наурыздың қарсаңында келген қонақты. Бұл құтты қонақ. Шынында да қазақ атамыз жолаушы мүсәпірлерді сыйлап төріне отырғызған.

Сәуле. Ал біздің ағай: «Халық тәрбиелі, сыпайы адамды ғана сыйлайды», дейді. Және: «Халыққа сыйлы болу үшін білімді болу керек» дейді. «Көп еңбектенген қажет» дейді. «Және өзіңді біреу сыйласын десең, әуелі өзің соны сыйлауға тиістісің» дейді.

Қожанасыр. (бауырсаққа май жағып алып мытып отыр) Ағайың дей береді екен. Оның кім өзі?

Сәуле. Ағай мұғалім, сынып жетекшісі.

Қожанасыр. Ой-бу! Жетекшесі сыныпты? Аты асау ма еді? (отырғандар күліп жібереді) Несіне күлесіңдер? Ат асау болмаса жетекше сына ма? Мәселен, бірде асау ат жетекшені сындырғанда, біздің әкей, әйгілі Қожанасыр-әпенді, атты арбаның артына жегіп қойған.

Жарқын. Қызық екен! Сонда не? Ат арбаны итеріп жүрген бе?

Қожанасыр. Әй! Аттың арбаны итеріп жүргенін қайдан көріп едің? Ол не? Адам ба?! Ат арбаны сүйреп жүрмей ме.

Жарқын. Қайдан білейін. Атты арбаның артына жеккесін ол оны қалай сүйресін?

Қожанасыр. Қалай сүйресе — олай сүйресін. Ол оның міндеті. Ат болдың ба, арбаға жегілдің бе — сүйре! (барлығы қыран-топан күліп жатыр)

Сәуле. Ал меніңше атты дұрыс жегу — ол адамның міндеті. Өйткені теріс жексең ол ат-арба сол жерде қалады. Физика заңы бойынша қозғалмайды.

Қожанасыр. Қайдағы заңды айтып тұрсың? Фи... зик... ондай заңды естісем бұйырмасын.

Сәуле. Жалғыз физика емес — химияда, биологияда, бүкіл табиғатта заңдар бар. Ол жөнінде ағай да, апай да айтқан.

Қожанасыр. Әй, қойшы сол ағайларың мен апайларыңды! Олар өздері шетінен мылжың екен. (бәрі күледі) Одан да шай ішейік. Ұша, ұша ауыз кепті.

Қамбар. Иә, шай ішейік. (бірер уақыт барлығы үндемей шай ішеді) Сонымен, Қожеке, сен табиғат заңдарын білмейді екенсің. Өзің мектепте оқымаушы ма едің?

Қожанасыр. Мектеп?! Ондай бәлекетті мен білмеймін. Оқу-моқу деген маған қажет емес. Менің ісім қыдыру.

Толқын. Ал қыдырғаннан басқа не істейсің?

Қожанасыр. Ештеңе істемеймін.

Қамбар. Саған оқу керек. Оқымаған адам не өзін, не отбасын асырай алмайды.

Қожанасыр. Ол үшін мен қам жемеймін. Халық мені асырайды. Біздің қазақ қонақжай халық.

Толқын. Қонақжайы қонақжай ғой. Бірақ қазақтың бір мақалы бар: «Қонақ үш күн ғана қонақ болады».

Қожанасыр. Е! Үш күннен кейін мен басқа үйге қонақ боламын. Бізде қонақжай үйлер көп.

Қамбар. Көбі көп қой. Алайда, өмір бойы қонақ болып өту — оның аты басқа. Ондайды халық арамтамақ дейді. Өйтіп жеген тамақ арам болады.

Қожанасыр. (жеп отырған бауырсағына таңырқап қарайды) Сонда не? Мына бауырсақ үш күннен кейін бүлініп кете ме?

Толқын. (күліп) Иә, солай деуге де болады.

Қожанасыр. (бауырсақ пен шайын жеп-ішуін тездететіп) Онда, бүлінбей тұрғанда жеп тауысу керек. Сіз бауырсақты жиі-жиі пісіріп отырыңыз.

(шайын апыл-ғұпыл ішіп тауысып, кесесін төңкеріп тастап, қарнын сипайды) Ал, мен тойдым. Аллаһу акбар! (бетін сипап, отырған жерінде қисая кетеді)

Қамбар. Қожанасыр, сен бір нәрсені ұмыттың.

Қожанасыр. (басын көтеріп алып үстелдің үстін көзімен шолып өтеді де, Толқынға қарайды) Ә! Не? Тағы бір тағам бар ма?

Толқын. Жоқ, әзірше осы. Сен бір сөз айтуды ұмыттың.

Қожанасыр. О не деген сөз? Мен өзі бірдеңе айтқым келгенде сөз ұмытпаймын. Ал мен қазір ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ. Менің ұйқым келіп тұр.

Қамбар. Сонда да бір сөз айтуың керек еді. Көрдің бе, Қожеке, біздің салтымызда алғыс айту деген бар.

Қожанасыр. Алғыс айту? Оны қалай айтушы еді?

Қамбар. Мәселен, «рахмет» деген жөн. Естімеп пе едің бұл сөзді?

Қожанасыр. Жоқ, мен ешкімнен ондай сөз естігем жоқ.

Толқын. Әрине, ешкімге мұндай сөз айтпағасын өзің де ести алмайсың. Және де рахмет деген сөзді есту үшін біреуге жақсылық істеу керек. Мәселен, біреуге көмек көрсету керек.

Қожанасыр. Көмек көрсету керек? Ол не нәрсе өзі? (бүкіл денесін тінтеді, қалталарын ақтарады, таба алмайды, осы қимылына айналасындағылар күледі) Менде ондай зат жоқ.

Қамбар. Ондай зат әркімде бар. Тек қана оны көрсете білу керек. Адамның бойында, жәйда көрінбейтін, тек көрсеткенде ғана көрінетін қасиеттер болады. Ондай қасиет менде де, сенде де бар.

Қожанасыр. Мен бір баланы білемін — оның есімі Қасиет. Бірақ ол менімен бірге жүрмейді, сондықтан мен оны сіздерге көрсете алмаймын. Көрсете алмаған Қасиетті менде бар деп қалай айтайын? Мен осыны түсінбеймін.

Толқын. Сен әлі көп нәрсені түсінбейді екенсің. Жарайды, бізде біраз уақыт болсаң түсіндірерміз. Ал қазір кішкене тынығып ал. Сосын көмек көрсете аласың ба, жоқ па — сонда көрерміз.

Қожанасыр отырған жерінде жантая кетеді. Басы төсенішке тиісімен қор етіп ұйықтап қалады. Сәуле байлаулы тұрған шарды шешіп алады да, ұшуға талпынып, секеңдеп жүгіре жөнеледі. Жарқын оның соңынан кетеді.

Толқын. (ыдыс-аяқ жинап жатып Қамбарға) Өзі қызық бала, аспаннан түскендей ештеңе білмейді. Сөзі де біртүрлі, не қалжыңдап тұрғанын білмейсің, не шынында да түсінбей тұрғанын. Қожанасыр десе Қожанасыр!

Қамбар. (күледі) Өзі де Қожанасырмын деп тұрған жоқ па!

Толқын. Бірақ бұл баланың ата-анасын табу керек. Мүмкін олар іздеу салған шығар. Сен әкімге барып, бұл бала бізде екенін хабарласаң қайтеді?

Қамбар. Иә, барып келейін. Ал сонда әкім: «Баланың аты-жөні кім?» — деп сұраса не деймін?

Толқын. Не деуші едің? Қожанасыр тегі Қожанасыр де.

Қамбар. Мен білсем, бұл баланың аты басқа. Мүмкін, ешқандай әкесі де жоқ болар. Мүмкін жетімдер үйінен қашып кеткен шығар. Жетім балалар осындай қияли, арманшыл болады. Баяғыда бір жетім бала, «Әкең кім?» деген сұраққа «Менің әкем Сталин!» деп жауап қатыпты. Өзінің әкесі анау-мынау емес, Сталинның өзі болғанын армандаған ғой. Мына бала да: «Әкем Қожанасыр әпенді болса, өзім де сондай болар едім» деп армандайтын шығар.

Толқын. Иә, мүмкін. Алайда, бұл баланың кім екені анықталғанша бізге оны солай, Қожанасыр деп атауға тура келеді. Сондықтан әкімге бала өзін Қожанасыр тегі Қожанасыр деп таныстырғанын айт.

Қамбар. Жарайды, солай дейін. (кетеді)

Сәуле мен Жарқын қайтып келеді. Жарқын шардың жібіне жармасады. Сәуле бергісі келмейді.

Жарқын. Маған берші. Сен тым үлкенсің, шар сені көтере алмайды.

Сәуле. Аһа! Қандай үлкен болсам да Қожанасырдан үлкен емеспін ғой.

Жарқын. Оның бойы ұзын болғанмен, салмағы аз. Көрмейсің бе сидиған сирақтарын?

Сәуле. (өні бойына көз жүгіртіп, алақанымен денесін сипайды) Сонда не, менің салмағым ауыр ма?

Жарқын. Өзің түнегүні мектептен жылап келмеп пе едің, балалар «борсық» деп мазақтағанда! Сондықтан сен ауырсың. Ал мен жеңілмін. Маған берші шарды — көресің қалай ұшқанымды.

Толқын. Жарқын! Қайдағыны қайдан еске аласың! Сәуле, берші сол шарды! Баламен бала болып кеттің бе?

Сәуле. Жарайды, мә, ал. (шардың жібін беріп жатып інісінің шекесінен шертіп жібереді)

Жарқын шардың жібінен ұстап, ерсілі-қарсылы жүгіріп, ұшамын деп әлектенеді. Бірақ оның да аяқтары жерден көтеріле қоймайды.

Сәуле. Айттым ғой — мәселе салмақта емес деп! Бұл шардың бір сиқыры бар.

Қожанасыр. (басын көтеріп алып) Әрине, бар! Болмаса кез келген адам, кез келген шардың жібінен ұстай сала ұша жөнелмей ме. (орнынан тұрып балалардың жанына келеді) Ұшу үшін құпия сөз айту керек.

Сәуле. (шардың жібін қолына алып) Кәне, айтшы сол сөзді, мен ұшып көрейін.

Толқын. Қой, Сәуле, ешқандай құпия сөз жоқ. Сен енді ертегіге сенбейтіндей жасқа жеткен жоқсың ба.

Қожанасыр. (Толқынға бұрылып) Қалай ол құпия сөз жоқ?! Мен онда бұл шармен қалай ұшып жүр дейсіз? (Сәулеге) Әкел шарды!

Сәуле шардың жібін Қожанасырдың қолына ұстатады. Ол: «Шарым, шарым, шар-екем! Ұшсаң аспан кең екен!» деп жүгіре жөнеледі. Сахнадан шыға бере жерден көтеріліп бара жатқандай қимыл жасайды. (Егер актерларды көтере алатын аспап болса оны пайдаланып кейіпкерлердің сахна аумағында ұшып қонып жүргенін көрсетуге болады) Сәуле мен Жарқын оның соңында кетеді.

Толқын. (сахнаның шетіне барып, балалардың кеткен жағына қарап) Астапыралла! Мына бала шынында да ұшып жүр!

Балалардың айқайлағаны, Жарқын мен Сәуленің шарды сұрап сиқырлы сөздерді айтып, ұшып жүріп қуанып күлгені естіледі. Қамбар қайтып келеді.

Толқын. Не деді әкім? Жоғалған бала іздеген біреу бар ма?

Қамбар. Жоқ. Әкім жетімдер үйіне қоңырау шалды. Бірақ ол үйдегі балалар түгел екен. Полиция бөлімінде де ешкімнің бала жоғалды деген шағымы жоқ. Шынында да бұл бала аспаннан түскенге ұқсайды.

Толқын. Солай-ау деймін. Мен саған бір қызықты айтайын. Сен кетісімен Сәуле мен Жарқын Қожанасырдың шарымен ұшамыз деп әлектеніп ұша алмады. Қожанасыр оянып, шармен ұшу үшін құпия сөз айту керектігін айтты. Мен әуеліде сенбеп едім, Қожанасыр сол сөздерді айтуы мұң екен — ұша жөнелді.

Қамбар. (кекете) Мұның бәрі ертегіге ұқсап кетті ғой.

Толқын. Сенбейсің, иә?! Ендеше өзің қара.

Жұбайын балалар кеткен жаққа қаратады.

Жарқын. (ол әлі көрінбейді) Папа! Мама! Қараңдар. Мен ұшып жүрмін. Шарым, шарым, шар-еке, қонсаң жерде береке! (шардың жібінен ұстаған бойы, жаңа ғана ұшып келіп қонғандай жүгіріп шығады, Қожанасыр мен Сәуле оның соңында) Шарым, шарым, шар-екем, ұшсаң аспан кең екен! (сахнадан жүгіріп өтіп бара жатып жерден көтерілгендей қимыл жасайды)

Сәуле. (балалардың соңында кетіп бара жатып) Алақай! Біз енді ұша аламыз!

Қамбар пен Толқын балалардың кеткен жағына қарап бастарын шайқайды.

Қамбар. Керемет! Бұл нағыз таңғажайып ертегінің көрінісі.

Толқын. Иә. Бұл бала тегін бала емес, бұл бала ертегіден келген бала.

Екеуі кетеді.



  • Бөлісу

Тәріздес шығармалар