Кіру немесе тіркелу

Болашақ ұрпақ


РУСПАЕВ ҚАЙЫРКЕЛДІ

БОЛАШАҚ ҰРПАҚ

ФАНТАСТИКАЛЫҚ ДРАМА

КЕЙІПКЕРЛЕР:

Заман мен Сәнижан — жуырда қосылған ерлі-зайыптылар.

Хасен мен Арай — Заман мен Сәнижанның көршілері.

Альфа мен Центавра — жасыл жүзді инопланетяндар.

Келешектегі азған адамдар, инопланетяндардың спецназы.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Заман мен Сәнижанның бөлмесі. Бөлменің ортасында шағын үстел. Үстелдің бергі жағында екі орындық. Арғы жағында диван тұр. Бұрышта уақыт машинасы тұр. Заман, сол машинаның пультының тетіктерін басып отыр. Сәнижан кіреді.

Сәнижан. Заман, сен осы темір терсегіңнен басыңды көтеремісің?

Заман. Көтеремін. Алайда бұл темір терсек емес. Бұл дүние жүзіндегі бірінші уақыт машинасы.

Сәнижан. (мырс ете күледі) Мұндай машиналардың талайы болған тарихта.

Заман. Бірақ олардың бірі де жұмыс істемеген. Ал менің машинам іске дайын.

Сәнижан. Дайын? Онда жүр, уақытқа саяхат жасап келейік. (машинаға жақындап) Қайда аттанамыз, өткен шаққа ма? Әлде болашаққа ма?

Заман. Қайда барғың келсе — сонда барамыз. Алайда, өткен шақта не бар? О жақта не болғанын тарихтан білеміз. Одан да болашаққа барып келейік.

Сәнижан. Дұрыс. Біздің болашақ өміріміз қандай болады екен, болашақ балаларымыз қандай болады, соны білейік. Сосын немерелеріміз, шөберелеріміз, неменелеріміз, демекші.

Заман. Ол менің машинама оңай. (пультты көрсетіп) Мына үш кнопкалардың бірі өткен шақ, бірі қазіргі шақ, ал мына қызыл кнопка — боларшақ. Мына цифрлар — жылдар мен ғасырлар. Неше жыл ілгері аттануды, немесе қай ғасырға саяхат жасауды осы цифрлар арқылы теріп аласың да аттанатын бағытты білдіретін кнопканы басып қалсаң болды — сол жыл мен ғасырға топ ете түсесің.

Сәнижан. (Заманның жанына тұрып оны құшақтайды) Ал онда кеттік! Екі мың отызыншы жылға барайық.

Заман. (зайыбына таңырқай қарайды) Неге дәл екі мың отызыншы жылға?

Сәнижан. Сол жылы біздің мемлекетіміз «жиырма-отыз» бағдарламсының шегіне жетеді. Сол бағдарламада айтылған мақсаттарға жете аламыз ба, әлде жете алмаймыз ба — соны көріп келеміз. Және де... со жылы біздің болашақ баламыз он сегізге келеді. Яғни, ер жетіп, мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнына түседі. Соны да көріп келеміз.

Заман. (күлімдеп) Қайдағы баланы айтып тұрсың, Сәнижан?

Сәнижан. (ішін сипап) Мұндағы баланы.

Заман. (зайыбының ішіне қарайды) Мұндағы? Қай баланы?

Сәнижан. (күліп жібереді) Түсінбедің бе, Заман? Мен екіқабатпын.

Заман. Шын ба?!

Сәнижан. Иә, шын. Бүгін дәрігер солай деді.

Сәнижанды көтеріп алып бөлмеде шыр көбелек айналады.

Заман. Алақай! Бізде бала болады!

Сәнижан. Ақырын! Ақырын, Заман! Басым айналып кетті.

Заман зайыбын көтерген бойы диванға сылқ ете отырады.

Заман. Сәнижан, сонда мен енді әке боламын ғой, иә?

Сәнижан. Әрине, әке боласың. (тағы да күледі) Әлде шеше болайын деп пе едің? Онда мә, өзің тап балаңды. (екеуі күледі)

Заман. (Сәнижанның ішін сипайды) Сәнижан, сонда келешек сәбиіміз кім болмақ?

Сәнижан. Кім болушы еді — адам баласы болады да. (күледі)

Заман. Жоқ, мен ұл бола ма, әлде қыз бола ма — соны білейін дегем?

Сәнижан. Ол жөнінде әңгіме қозғау әлі ерте. Алла қаласа узиден өткеннен кейін белгілі болады.

Заман. Ал узиден қашан өтесің?

Сәнижан. Кем дегенде бір төрт айдан кейін.

Заман. Ой, ол тым ұзақ мерзім.

Сәнижан. Айтпақшы, сенің уақыт машинаңмен болашаққа барып келейік. Бізде ұл бола ма, қыз бола ма — анықтап аламыз. (аяғына тұрып жолдасының қолынан тартады) Жұр, тоғыз ай ілгері барып келейік. Онда мен босанып та үлгеремін.

Заман. (орнынан қозғалмай) Ертең. Ертең барамыз, Сәнижан. Дәл қазір машина істемейді. Оған іске қосылу үшін он екі сағат қажет.

Сәнижан. (орнына отыра кетеді) О-о... Мен ендеше болашаққа дәл қазір аттанамыз ба десем. Дәл қазір болашақ баламыз ұл әлде қыз бола ма, жалпы бізде неше бала болатынын, ол балаларымыз қандай адам болатынын, қандай мамандық таңдайтынын, болашақ келіндер мен күйеу балаларымыз қандай болады, қанша немере, қанша шөбере, немене болатынын анықтап аламын ба десем.

Заман. (Сәнижанды сүйеді) Сәнижан! Бұл сұрақтарға мен уақыт машинасыз да жауап беремін. Бізден өрбіген ұрпақ көп болады.

Сәнижан. Мәселе тек көп болғанда емес қой. Ұрпақтарымыздың саны көп сапасы жоқ болып жүрмесін.

Заман. Жоқ, Сәнижан, бізден тараған ұрпақ ең жоғарғы сапалы болмақ. Оған мен кәміл сенемін.

Сәнижан. Аузыңа май! Әумин!

Заман. (есіне бірдеңе түскендей) Сәнижан! Біз неге отырмыз?

Сәнижан. Енді не істемекпіз. Болар шаққа тек ертең, он екі сағаттан кейін аттана аламыз. Ал оған шейін демалайық.

Заман. Сәнижан! Мұндай жаңалықты естіп, жай отырғаным жараспас. Тұр, жаса дастарханыңды. Ал мен қонақ шақырайын.

Сәнижан. Осы сен қызықсың, Заман. Аяқ астында, екі кеш арасында қайдағы той? Қайдағы қонақ?

Заман. Енді той жасамасақ та бір кішкене отырыс, кішкене бас қосу жасайық та! Хасен мен Арайды шақырайық. Мына машина мен мына ішіңдегі нәрестені жуып тастайық. (соткасымен досына телефон шалады) Хасен! Арайды алып бізге кел! Кішігірім той бар. Себеп? Келгесін айтамын. Иә, қазір! Дәл қазір. Жоқ, ешкімнің туған күні емес. Жоқ, ешқандай сый керек емес. Жай, өздерің келіңдер, төртеулеп отырамыз. Айттым ғой — келгесін айтам деп. Иә, келіңдер, тез! (соткасын сөндіріп, Сәнижанға) Ал, не отырыс? Сен бірдеңе әзірлей ғой, мен дүкенге барып келейін.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сол бөлме. Үстелдің үстінде түрлі тағамдар, арақ шарап, рюмка фужер. Бергі екі орындықта Заман мен Сәнижан. Диванда Хасен мен Арай. Төртеуі де қызып алған.

Хасен. Заман, мен әрдайым саған сенетінмін. Менің көршім болашағы бар адам дейтінмін барлығына. Ал сен үшін, сенің мына ашқан ғылыми жаңалығың үшін алып қояйық. (барлығы ішімдіктерін ішіп алады)

Заман. Рахмет, достым, рахмет!

Арай. Сәнижан! Ал мен сені құттықтаймын. Заманның жаңалығы жаңалық, ал сенің жаңалығың... бұл дегенің... нағыз жаңалық! Сенің болашақ нәрестең үшін алып қояйық. (тағы да төртеуі арақ шарап ішеді)

Хасен. Заман, сенің уақыт машинаңның көмегімен менің саудамның болашағын анықтасақ қайтеді, ә? Мен байимын ба, әлде банкрот боламын ба?

Сәнижан. Әй, сен банкрот бола қоймассың! Саудаңды жаңа бастасаң да гу гу ақша күреп жүрсің. Сен өзі немен сауда жасаушы едің?

Хасен. Бір ақ ұнтақ тауармен.

Сәнижан. Ақ ұнтақ? Ол не? Ұн ба?

Хасен. (күліп жібереді оған Арай да қосылады) О, жоқ! Ұн емес. Ұннан едәуір қымбатты тауар. Және одан өте маңызды зат.

Сәнижан. Ұннан, наннан қымбатты және маңызды не болушы еді?

Хасен. (қалтасынан пакетте салынған ақ ұнтақты алып шығып, шағын айнаға бір шөкімін түсіріп, трубка арқылы мұрынымен сорып алады) Бұл кокаин. Нан ол тән азығы. Ал менің тауарым ол көңіл азығы. Орыстар айтпақшы «Адам жалғыз нанмен тоқ болмайды ғой».

Заман мен Сәнижан. Кокаин?!

Хасен. Иә, дәл өзі.

Заман. Демек, есірткі?

Хасен. Заман! Есірткі, кесірткі — бұл сөздер тек пропаганда. Айтқан жоқпын ба — бұл көңіл азығы деп. Кәні, көрші өзің. Сондай тамашаға тап боласың. Жаның жай табады, бүкіл айнала жадырап сала береді ау жарықтық. (күледі, оған кокаин қабылдап алған Арай қосылады)

Заман. (қолына Хасен ұсынған трубканы алып жатып) Ал біз нашақор болып кетпейміз бе?

Хасен. Тү, қойшы қайдағыны айтпай. Мен саған шприц пен героин ұсынып тұрғам жоқпын ғой. Кокаин дегенің бір шөптің ұнтағы. Әлгі баяғы шалдарымыз иіскейтін насыбай секілді.

Арай. Иә, насыбай тәрізді бүкіл мұрыныңның ішін, кеңсірігіңді, одан әрмән миыңды тазартып шығады.

Заман кокаин иіскеп алады, сосын трубкасын Сәнижанға ұсынып бас бармағын шошайта көтереді. Сәнижан да кокаин иіскеп алады. Сосын төртеуі сықылықтап күліп орындарынан тұрып музыка ойнатып дискотека жасайды.

Хасен. (сықылықтап күліп) Ал енді кеттік жатын бөлмеге.

Заман. Жатын бөлмеге? Онда не істейміз? (ол да күледі)

Хасен. Топтық секс құрамыз. (күле береді)

Заман. (ол да күле сөйлейді) Топтық секс? Ол қалай?

Хасен. Білмеймісің? (күледі) Әй, аңқау досым ай! Топтық секс дегенің төртеуіміз бір төсекке жатамыз, бір көрпемен жамыламыз, сосын арғы жағын да төртеулеп істейміз. Өте қызық болады!

Хасен Заманды жатын бөлмеге қарай әкетеді, Арай да Сәнижанды солардың соңына тартады.

Арай. (ол да сықылықтап күліе сөйлейді) Кеттік, Сәниюша. Өзің көресің, сондай қызық топтық секс дегенің.

Сәнижан. (ол да сықылық сықлық күліп жүр, сонда да әлі мүлдем есінен айырылмаған) Ой, Арай, қойшы. Қалай біз төртеуіміз бірге жатпақпыз? Ұят емес пе!

Арай. Қойшы сен осы ұят-мұятыңды. Ол баяғы заманның қалдықтары. Қазіргі өркениетті елдердің жоғарғы саналы адамдары ұят дегенді білмейді, олар топтық секске оңай барады, олар жұбайларына жеке меншіктік психологиямен қарамайды. Біз де өркениетті ел болғымыз келсе солардан үлгі алуымыз керек.

Арақ шарап пен есірткінің әсеріне әбден көнген Сәнижан құрбысының соңынан сықылықтап күліп кете барады. Жатын бөлмеден естен тандыратын музыка мен жыртың-жыртың күлкі, ыңқылдаған-сыңқылдаған дауыстар естіліп жатады. Жарық сөніп ритмикалық музыка мұңды сазға ауысады.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сол бөлме. Келесі күн. Жатын бөлмеден әуелі ұйпа тұйпасы шыққан Сәнижан шығады. Оның шашы қобыраған. Өзі тәнтіректеп жүреді. Жуынатын бөлмеге өтіп кетіп душ қабылдап өзін тәртіпке келтіріп жатқаны естіледі. Жатын бөлмеден Заман шығады. Оның да түрі оңып тұрған жоқ. Ол үстелге жақындап келіп бос шөлмектерді көтереді. Бас жазатын ештеңе табылмаған соң шәйнекті алып шүмегінен су сіміреді.

Заман. Ух! (бөлмеге қайтып оралған Сәнижанға) Кеше тым көп ішіп қойыппын. Есімнен танып қалыппын. Хасендер қашан кеткен?

Сәнижан. (жұбайына тік қарауға даты бармай, дастарханды жинаған болып теріс айналып кете береді) Білмеймін... мен де қатты ұйықтап кетіппін.

Заман. (ол да ванныйға кіріп кетіп соннан сөйлеседі) Қайдағы бір жынды түс көрдім. Түсімде қойнымда Арай жатыр екен деймін, ал сені Хасен аймалап жатыр. Сонда мен сені титтімдей болса да қызғансамшы. (күледі)

Сәнижан. (оған естірпей) Е, ол түс болса жақсы болар еді. Қайдам... (жатын бөлмеге барып бейнекамераны алып келеді де іске қосып қарайды) О, масқара! Бәсе! Мұның бәрі түсімізде емес, өңімізде болыпты ғой. Әлгі Хасен болғанның бәрін камераға түсіріп алыпты. Ұят ай! Мұны енді Заман көрмесін.

Камераға жазылғанды өшіріп әлек болып жатқанда Заман оралады. Ол су болған шашын орамалмен сүртіп, сосын айна алдына барып таранып Сәнижанның не істеп жатқанын байқамайды. Осы тұста уақыт машинасы іске қосылып түрлі түсті шамдары жанып бөлме шимай шимай сәулелердің астында қалады.

Сәнижан. Астапыралла! Бұл не?

Заман. А?! Уақыт машинасы іске қосылды. Кеше өзіміз болашаққа бағдарлама жасап қойдық қой. Он екі сағат өтті.

Жетіп барып машинаның пультын қолына алып үлгіргені сол екен, бөлме тастай қараңғыға батып кетеді. Тек Сәнижанның шыңғырған дауысы ғана естіледі.

Қайтадан жарық жанғанда ол екеуі бір ен далада тұр. Заманның қолында пульт, Сәнижанның қолында бейнекамера. Бір уақытта ырылдаған қырылдаған қорқынышты дыбыстар қаптап кетіп үрей басқан Сәнижан Заманның құшағына тығылады.

Сәнижан. Бұ не ырыл? Біз қайда тұрмыз, Заман?

Заман. (жан жағына алақтай қарайды) Білмеймін...

Сәнижан. Заман, мен қорқамын. Құрысын, керегі жоқ болашақтың, қайтайықшы үйге.

Заман. Қазір... (пульттың кнопкаларын басып жатып) Бірдеңесі дұрыс болмаған ғой. Сондықтан біз болашақтың орнына өткен шаққа кетіп қалғанға ұқсайды. Қазір, қазір...

Сөйткенше болмай бір топ ырылдаған мутант хайуандар жетіп келіп екеуін бір бірінен айырып әкетіп жығып салып апыр топыр қылады. Сәнижан шыңғырып, Заман бақырып жатыр. Оған қарайтын мутанттар жоқ. Осы тұста ысқырықтың дыбысы естіліп бұларға бастарында каска, үстерінде сауыт-сайман асынған инопланетяндардың спецназы кеп тиіседі. Хайуандарды резеңке шоқпарлары мен электр шок аспаптарымен қуып Заман мен Сәнижанды құтқарып қалады. Олардың жанына Альфа мен Центавра жақындайды. Ол екеуінің жүздері ашық, түсі жап-жасыл.

Сәнижан. (орынан тұрып, дір-дір, қалш-қалш етіп Центавраға жақындай түсіп) Алла сақтай гөр! Жаңағы құбыжықтар кім өзі?

Центавра. (Сәнижанның үсті басын қағып соғып жатып) Бұл құбыжық мутанттар. Баяғы жер шарын мекендеген адамзаттың азып-тозып біткен ұрпақтары.

Заман. (бет-ауызын басқан қанды жеңімен сүртіп жатып) Адамзаттың ұрпақтары? Ал сонда... сіздер кім боласыздар?

Альфа. Біз басқа планетадан, Альфа Центавра жұлдызынан келгенбіз. Өздеріңіз қайдан келіп түстіңіздер?

Заман. Біз бе? Біз... біз... (Сәнижанға қарайды)

Сәнижан. Біз... ана... не... біз алыстан келдік. Басқа галактикадан... Андромеда тұмандығынан.

Альфа. О! Шынында да алыстан келіпсіздер. О жақ аман ба?

Заман. Иә, тегіс аман, шүкіршілік.

Альфа. Танысып қояйық. Менің есімім Альфа. (жанындағы әйелді нұсқап) Ал мына менің зайыбым, есімі Центавра. (Заманға) Ал сіз ше?

Заман. (қолын беріп жатып) Менің атым Андро. Ал мынау менің әйелім — Меда.

Альфа. (төртеуі бір бірінің қолдарын алып) Өте қуаныштымын. Андромеда галактикасында бұрын соңды болған емеспін. О жақта өркениет қарқынды дамып келе ме?

Заман. Иә. Міне, Жер шарына барлау мақсатпен да келіп қалдық. Сонда мұнда не болған сонша адамзаты аздыратындай?

Альфа. Жүріңіздер, біздің базаға қарай аяңдайық. Осы аймақты нағыз жыртқыш мутаннтар мекендеген, сондықтан бұл жерде тұру өте қауіпті.

Олар инопланетян спецназының қоршауында жүріп келе жатып сөйлеседі. Заман мен Сәнижан жан жаққа қауіптене көз тастап келеді. Олар негізінде бір орнында «жүріп келеді», тек қана декорациялары жылжып отырады. Декорацияларда бұрынғы қалалардың, онда болған ғимараттардың қирап біткен қалдықтары бейнеленген.

Альфа. Адамзатты аздырған арақ-шарап, есірткі. Мына, біз келе жатқан жерде бұрын Қазақстан деген ел болған екен. Ол ел жиырма бірінші ғасырдың басында өте қарқынды дамып келе жатқан ел болған. Со кездің президентінің халқының алдына қойған жоспарлары жақсы болған екен. Әттең, сол жоспарлар жоспар күйінде қалған, өйткені қоғамдарында сыбайлас жемқорлық деген дерт тым меңдеп бой бермей кеткен. Сол мемлекеттің азаматтары арақ-шарап, есірткі деген жаман нәрселерге үйір болып генетикалық тоқырауға ұшырған. Есірткі мен арақ олардың генофондының тамырына балта шапқандай әсер еткен. Нәтижесін өздерің көріп тұрсыңдар. Қыз-келіншектері, жігіттер мен ерлері жеңіл жүріске әуес болып, кім көрінгенмен кездейсоқтық жыныстық қатынастарға түсіп СПИД сияқты айықпастай дерттерге ұшырап халықтың санын күрт төмендетіп алған. Ал одан аман қалғандары азып-тозып хайуан мен малға айналған.

Центавра. (осы кезде олардың алдында қираған қаланың суреті көрінеді; құлап жатқан ғимараттардың арасында Бәйтеректің қаңқасы ғана тұр) Міне, мына жерде олардың жаңа астанасы болған. Қандай зәулім үйлер, қандай ғимараттар тұрған бұл жерде. Тоқырауға ұшыраған адамдары, хайуанға айналғасын бүкіл қаланың тас-талқанын шығарған. Енді жабайы түрде, бірін бірі азық қылып ен даланы мекендеп жүр.

Есек тәрізді бақырып өкіргендер келеді.

Заман. (Сәнижан оны тасалап мутанттарды бейнекамераға түсіреді) Ал мыналары кім?

Альфа. Бұлар бұрынғы ақымақ топастар. Есек тәрізді мақлұқтарға айналған.

Центавра. (Сәнижанға) Біз де осында көргеніміздің барлығын бейнекамераға түсіріп алғанбыз. Сосын елге оралғанда жастарымызға тәлім тәрбие үшін көрсетеміз. Егер арақ ішіп, есірткі қабылдасаңдар біздің де ұрпақ осындай кеселге ұшырайды деп ескертеміз.

Сәнижан. Иә, иә, мен де сондай мақсатпен түсіріп жатырмын. Біз де елге қайтып оралғасын жастарымызға осындағы жағдайды мәлімдеп жаман қылықтардан тосып тәрбиелейміз.

Олар сапарын жалғастырады. Енді бұлардың жанынан түйе тәрізді мойнын созып басын кекірейткен біреулер бұларға түкіріп өтеді.

Заман. (бет-ауызына шашыраған түкірікті сүртіп жатып) Түү! Бұлары несі-ей!

Альфа. (күледі) Бұлардың қандайын көрмейсіздер әлі. Мыналар — бұрынғы тәкаппар, басқаларға жоғарыдан түкіріп менсінбейтіндерден тараған мутанттар.

Сәнижан. Мутант боп азып кетсе де жаман әдеті қалмапты ғой.

Центавра. Әрине, азған адам жақсы қасиеттерін жоғалтса да жамандықтарын алып қалады. Ол аксиома.

Маймыл тәрізді мутанттар бақ-шақ болып, жүріп келе жатқандарды мазақтап бірсыпыраға шейін соңдарынан қалмай бағады.

Заман. Ал мыналар, мен білсем, бұрынғы қылжақбас немелер.

Альфа. Дәл өздері!

Артына бес-алты төбет ергізген қаншық сияқты бір ұрғашы мутант жүгіріп өтеді. Оның соңына ерген ер мутанттар бір бірімен ырылдасып, арс-арс етіп өтеді. Барлығының қайқайған ит құйрықтары бар.

Центавра. Ал мына бір мутант өзінің жұбайын қанағат қылмай, көрінген еркектермен төсектес болған келіншектерлердің ұрпағы болар.

Сәнижан. (бетін басады) Масқара! Ұят ай!

Центавра. Иә, ұят. Осы елде тұрғандардың ата-бабалары сондай инабатты адамдар болыпты. Олар арақ пен есірткі дегенді білмеген. Салауатты өмір сүрген. Ешкімнің ала жібін аттамаған. Ал жиырмасыншы, әсіресе жиырма бірінші ғасырларда өмір сүрген солардың ұрпақтары ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді тәрк етіп, батыстың өркениетті елдерінің тұрғындарына еліктеп, ар-ұят деген ұғымды өткен заманның қажетсіз қалдықтары деп жариялап, еркін және кездейсоқтық жыныстық қатынастарды әдет қылған. Соның нәтижесінде осындай мүшкіл халге душар болған.

Доңыз сияқты қорс-қорс еткен мутанттар бұларды айналып шошқа тұмсықтарымен түрткілей береді. Спецназ қуып жібереді.

Альфа. Ал мына доңызға айналғандар не болса соны азық еткен, харам мен халалды айыра алмаған мешкейлер еді. Бұл елдің тұрғындарының оп-оңды хақ діндері болыпты. Өкінішке орай олар діндерінен безіп, Алла жоқ деп шатасып, дінсіздіктің дертіне ұшырапты. Ал дінсіз адам, әрине, халал — харамның не екенін білмейді. Және дінге берілген шағын бөлігі бірлік пен ынтымақты ұмытып, сан түрлі діни ағымдарға бөлініп, бір бірімен қырылысып, нәтижесінде қалған халықты соңынан ертудің орнына, мүлдем діннен безулеріне себепкер болған.

Центавра. Міне, бұл елдің, жалпы адамзаттың қасіретінің басты себебі осыда. Дінсіздік жайылып кеткен қоғамда рухани тоқырау орын алады. Енді біз, осылардың кебін кимеу үшін өзіміздің дінімізге берік болуымыз тиіс.

Бұлар енді инопланетяндарың базасына жетеді.

Альфа. Міне, біздің базамыздың шебіне де жеттік. Бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. (спецназына) Сіздер боссыздар. Тынығыңдар. (Заман мен Сәнижанға) Ал сіздер енді біздің қонағымыз боласыздар.

Сәнижан. Бізге үйге оралу керек еді.

Заман. Иә, рұқсат болса біз үйімізге аттансақ. Тезірек жеткеніміз дұрыс болар.

Центавра. Неге сонша асықтыңыздар? Бір күн қонақ болып кетіңдер.

Сәнижан. Рахмет. Бірақ бізге шынында да үйге тезірек жету керек.

Альфа. Онда сіздерді бөгемейміз. Сау болыңыздар. (Альфа мен Центавра кетуге ыңғайланады)

Сәнижан. Рұқсат болса бір сұрағым бар.

Альфа. Сұрақ? Айтыңыз.

Сәнижан. Сіздер енді не істейсіздер? Елдеріңізге қайтасыздар ма?

Альфа. Жоқ. Біз енді осында қаламыз. Мүлдем қаламыз.

Заман. Сонда осындағы мутант құбыжықтармен өмір бақи алысып өтпексіздер ме?

Центавра. (жымияды) Неге? Олармен алысып қайтеміз.

Сәнижан. Сонда осы базаларыңызда қамалып отырмақсыңдар ма? Бұл не өмір?

Альфа. Жоқ. Керісінше — біз енді бүкіл жер шарын мекендейтін боламыз. Біздің планетамыздың тұрғындары өніп-өсіп ендігі уақытта планетамызға симайтын болады. Солардың бір бөлігін осында көшіріп әкелеміз.

Заман. Ал сонда осындағы адамзаттың ұрпақтары не болмақ?

Альфа. Оларды енді қырып тастаймыз. Жер шарын бұл азғындардан босатып тазартпасақ болмайды. Біз осында болған жылдардың ішінде бұларды зерттеп қайтадан адам қалыпына келтіретін ем іздедік. Бірақ таппадық. Тым кеш келіппіз. Тым кеш қалыппыз. Адамзаттық генофонд қайтарылмастай жойылып кетіпті. Ендігі тек жаппай қырып тастағаннан басқа амал қалмады.

Сәнижан. М-м... өкінішті-ақ болған екен.

Заман. Мен бір амалды білем.

Альфа мен Центавра. (таңырқай) Ол қандай амал?

Заман. (қолындағы пультты көрсетіп) Мына аспап — уақыт машинасының пульты. Осының көмегімен өткен шаққа аттанып, сол жиырма бірінші ғасырдың басындағы адамзатқа, қазақстандықтарға барып, болашақтағы ұрпақтарының жағдайын айтып, мына бейнекамераға түсірген адам шошырлық азғындарды көрсетіп, түзу жолға шақырсақ деймін. Сөйтіп оларға үгіт-насихат жүргізіп, дінсіздіктен, арақ-шараптан, есірткіден, жеңіл жүрістен, және тағы да басқа толып жатқан жамандық атаулыдан бас тартып, салауатты өмір салтына көшулеріне шақырамыз. Одан басқа амал жоқ.

Сәнижан. Иә, сөйтпесек болмайды.

Альфа. Онда сіздерге сәтті сапар тілеймін. Мүмкін сол заманның адамдары сіздердің насихаттарыңызға құлақ салар. Естерін жияр. Болашағы жөнінде ойланар.

Центавра. Иә, оларға қатты ойлануға қажет. Сапарларыңыз сәтті болсын!

Сәнижанды құшақтап қоштасады. Альфа Заманға қолын беріп ол екеуі де қош айтысады. Заман пультының кнопкаларын басып-басып қалады. Тағы да түрлі-түсті шамдар жанып, қызыл-жасыл сәулелер шимақталып, музыка ойнап сахна қараңғылыққа батады.

Альфа мен Центавраның дауыстары. Хош! Хош! Сапарларың сәтті болсын!

Заман мен Сәнижанның дауыстары. Рахмет! Сау-саламат кездескенше!

ЭПИЛОГ

Заман мен Сәнижан өздерінің бөлмелерінде.

Сәнижан. Уф! Оралдық па үйге, оралмадық па?

Заман. Иә, мына болашаққа сапар адамды шаршатты. Қарын да ашты. Шай қойсаң қайтеді, Сәнижан.

Сәнижан. Жақсы, қояйын. Сосын, шай ішіп әлденіп алып қалаға барайық. Халықты жинайық. Болашақта не көріп, не білгенімізді айтайық. Мына бейнекамераға түсіргенімізді көрсетейік.

Заман. Иә. Телеарналарға барып пресс-конференция ашайық. Өйткені бұл ескертуді, үгіт-насихатты бүкіл адамзатқа бағыттау керек.

Сәнижан. Иә. Алайда өзіміздің халқымыздан, өзіміздің елімізден бастасақ деймін. Егер біздің қазақстандықтар салауатты өмір салтына көшсе, басқа елдерге үлгі болып, басқа халықтарды соңынан ерте алар еді.

Сәнижан шәйнекті алып шығып кетеді. Сол кезде Хасен мен Арай келеді.

Хасен. О! Келіпсіңдер ғой. Қайда жоғалып кеттіңдер? Мана бас жазуға келсем бірің де жоқсыңдар.

Арай. Өткен кештің қызуымен бүкіл жатақханаға, басқа бөлмелердегі жора-жолдастарға қыдырып кеткен шығар дедік. (екеуі де күледі)

Заман. Хасен! Арай! Мен... біз...

Хасен. Не болып қалды, достым? Тыныштық па?

Заман. Тыныштық қой... әзірше. Бірақ...

Хасен. Айтпақшы, әлгі кеше айтқан болашаққа сапарың қайда? Саудамның келешектегі жағдайын білмейміз бе?

Сәнижан. (кіріп келіп) Хасен! Сенің сол саудаң құрысын.

Хасен оған бұрылады. Оны ойнайтын актер бетіне құбыжықтың маскасын кие қояды да тістерін ақситып арс етеді. Сәнижан шыңғырып жібереді.

Сәнижан. Ай! Заман! Заман!

Заман. (жүгіріп оның жанына келіп құшақтай алады) Не болды, жаным?

Сәнижан. Заман, қуып шық мына шайтанның сапалағын!

Заман. Кімді айтасың, Сәнижан? Қайдағы шайтан? Саған не болды?

Сәнижан. Мына адам бейнесіндегі лағынет келгірді.

Заман. Бұл Хасен емес пе. Менің досым Хасен мен Арай, сенің құрбың.

Сәнижан. Жоқ, Заман. Бұлар дос емес. Бұлар біздің қасымыз. Азғырушы шайтанның сапалақтары.

Ол алып келген швабрамен Хасен мен Арайды қуа бастайды. Қолына орындық алған Заман Сәнижанға көмекке келеді. Хасен мен Арай құбыжықтардай арсылдап, ырылдап қарсылық білдіреді. Бірақ шегіншектеп бөлмеден шығуға мәжбүр болады.

Заман. (залға бұрылып) Адамдар! Отандастар! Жастар! Осындай адам бейнесінде арамызда жүрген шайтанның сапалақтарын маңайларыңа жолатпаңдар. Олардың азғыруына көніп арақ-шарап пен есірткіге әуес болмаңдар. Салауатты өмір сүруге дағдыланып, жан мен тәндеріңді таза ұстауға ұмтылыңдар. Жеңіл жүріске, жезөкшелік пен неше түрлі — еркек пен еркек, әйел мен әйел, топ тобымен бірге болатын, азғындықтың шегі саналатын жыныстық қатынастарға жол бермеңдер. Бұлардың барлығы қайда апарып соғатынын жаңа өздерің көрдіңдер. Болашақ ұрпағымыздың жағдайын қазір, бүгін ойлайық. Ертең тым кеш қалуымыз мүмкін.

Сәнижан. Қыздар! Келіншектер! Құрбылар! Салауатты өмір салтын насихаттаушы болыңдар. Қоғамымыздың, бүкіл адамзаттың ар-ұятын сақтайтын, иә сақтамайтын біздің қолымызда. Азғындықа жол бермейік. Адал жар мен салихалы ана болуға ұмтылайық. Отбасының рухани денсаулығы бізге байланысты. Келешек ұрпақтың да жағдайы біздің қолымызда. Олар біздің құрсағымызда басталып жетіледі — соны ұмытпайық. Біздің жанымыз бен тәніміз қандай жағдайда болса, келешек адамзаттың да жағдайы сондай болмақ. Сондықтан өзімізді мұқият таза ұстай білейік.

Шымылдық



  • Бөлісу

Тәріздес шығармалар